Ауған соғысы – жазылмайтын жан жарасы

Адам баласы бар жақсы қасиетті туған жердің топырағынан алады деген ұғым бар. Туған топырағынан жаралған әр азаматтың болашаққа деген сенімі мен көзқарас еркіндігі тек қана бейбітшілік сүйгіш елде қалыптаспақшы.  

Жат жерде қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін танытқан, сөйтіп, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына байланысты Станциондық үлгілі кітапханасында «Ауған соғысы – жүректегі жара» тақырыбындағы Ерлік сағаты өткізілді. 1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан  жеріне  Кеңес  әскерлерін  енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы жылдарымен орын алған зұлматтың бірі осы ауған  соғысы.

10 жыл бойы басқа елдің тыныштығын бұзып, халқын қайғыға батырған Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 9 жыл 10 айға созылды. Қазақстаннан ауған соғысына 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21-і хабарсыз  кетті.

Міне, сол кеңес әскері 1989 жылы 15 ақпанда ауған жерінен шығарылып, осы жарияланбаған соғыстың аяқталғанына 36 жыл өтті. Сол кездегі әскерге алынған жас жігіттеріміздің бірталайы осы от пен оқтың зардабын тартып, қазіргі уақытта Ауған соғысының  ардагері  атанып отыр.

Сол ер-азаматтардың екеуі – ауған жерінде болып, қанды қырғынды басынан кешкен Нұрбек Қонысбайұлы Әбілқасымов пен Мұхаметғали Қойшенов біздің Станционный кентінде тұрады. Олар кездесу барысында оқырмандарымызға өз бастарынан өткен ауыр оқиғалардан сыр шертіп, қойған сауалдарымызға жауап берді.

Ауғанстанның тау-тасында жас та болса, көпті көрген, көп жасаған қарттардай ерте есейіп шыға келген жалын жастардың жолдары тым ауыр болып еді. Соғыс зардабы оларды өмір талқысына салды. Жүректерінде әскери антқа адалдық, Отанды қорғау, әскери бұйрықты орындау сияқты патриоттық сезім мен міндет қана атойлады. Қазақстан халқы үшін Ауғанстаннан Кеңес әскерін ресми түрде шығару жай ғана атаулы күн емес, бұл барлық ауғанстандық жауынгерлерді еске алу күні. Олардың ерліктерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беру ісіне пайдалану баршамыздың борышымыз болып табылады.

Қанды қырғынға толы соғыс жаңғырығы жылдар көшімен кейін сырғып, алыстай түссе де, көзімен көрген куәгерлердің жадында мәңгі қалмақ. Ал, ұрпақ еншісіндегі бір міндет – сол аға буынның ерлігіне бас иіп, құрмет көрсету.

Уақыт алға жылжыған сайын ауған соғысы ардагерлерінің сол қырғында жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей бермек. Кітапханамыздағы Ерлік сағаты осыны көрсетті.

Райхан ТҰРЛЫБЕКОВА,
Станциондық үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар