Бүгінгі сапалы тұқым – ертеңгі мол өнім

Көктемгі егіс – 2025

Көкшетауда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Тұқым-2025. «Тұқым күні. Көкшетау» халықаралық конференция-көрмесі болып өтті.  Айтулы шараның ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан құттықтау сөз сөйлеп, жұмысына сәттілік тіледі.

«Болашақ» сарайында өткен халықаралық конференция-көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен,  сондай-ақ, Еуропа мемлекеттерінен және жақын шетелдерден келген агрономдар, сарапшылар мен зерттеушілер жиналды. Ауқымды іс-шараға қатысушылар отандық және шетелдік селекция ұсынған жоғары маржиналды дақылдар тұқымдарының көрмесімен танысты.

Екі бөлімнен тұратын конференцияның алғашқы бөлігін А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Тимур Савин ашып, жүргізді. «Бүгінгі жақсы тұқым – ертеңгі мол өнім» ұранымен өткен бұл шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан аталмыш салада тәжірибе мен білім алмасу үшін осындай алаңның маңыздылығы зор екендігін атап өтті.

– Бүгінгі өткізіліп жатқан ауқымды шара ауыл шаруашылығы, агрономия саласының мамандары үшін іскерлік қарым-қатынас орнатуға, өңіраралық байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, инновациялық жобаларды, жаңа технологияларды ілгерілетуге, аталмыш саладағы селекциялық жетістіктерге жетуге зор мүмкіндік береді.  Бүгінгі алаңда еліміздің, шетелдің білікті, тәжірибелі мамандары мен ғалымдарының тәжірибесін үйренеміз. Мемлекет басшысы майлы, жем-шөп дәнді-дақылдарын молайтып өсіруге басымдық беріп, агротехнологияларды тиімді қолдануды, оның ішінде минералды тыңайтқыштардың көлемін ұлғайтып, ретімен пайдалануды міндеттеп отыр. Осындай шараларды қабылдаудың арқасында Ақмола облысы бүгінде елімізде ең ірі астық өндіретін аймақтардың бірі болып саналады. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешені еліміз бойынша өндірілетін өнімдердің 15 пайызын қамтып отыр. Елімізде пісірілетін ас атасы – нанның 25 пайызы ақмолалықтардың үлесінде. Бұл біздің диқандарымыздың ортақ іске қомақты үлесі, еселі еңбегі деп білеміз. Соңғы жылдары астықты дәнді дақылдарды өндіру біздің облыста айтарлықтай ұлғайды. Бұл заманауи технологиялар мен  жоғары сапалы мамандандырылған техникаларды пайдаланудың, басымдық берілген дәнді дақылдарды өсіруде инновациялық жобаларды қолданудың арқасы. Ақмолада аттестаттаудан өткен 36-дан астам тұқым өндірушілер бар. Олардың біреуі оргинатор, 13-і элиталық тұқым шаруашылықтары, – дей келе, Мұрат Сағатұлы көрмеде осы тұқым өндірушілердің өнімдерін көруге болатынын атап өтті. Шетелдік компаниялармен де тәжірибе алмасып, әр сала бойынша келісім-шарттар жасауға мүмкіндік туып отырғандығын айтып, келесі егін науқаны да ойдағыдай ұйымдастырылып, өңірдің мол астыққа кенелуіне тілектестігін білдірді.

Сапалы тұқым түрлері өнімділіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылады. Өткен жылы өңірдің шаруалары жақсы нәтижелерге қол жеткізгендігі белгілі. Бұл агрономиялық технологияларды қатаң сақтауға, элиталық тұқымдар себілген егіс алқаптарының ұлғаюына және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының табысты іске асырылуына байланысты болды.

Егіншілік тұқым селекциясы қашан болсын, маңызды рөл атқарады. А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын енгізу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Аталмыш орталық ғалымдарының табысты жұмысының бірі – өткен жылы Қазақстанның климаттық сын-тегеуріндеріне төтеп беріп, іріктеу мен бейімдеудегі инновациялардың символына айналған «Таймас» бидай сорты болып табылады.

Конференция барысында ғалымдар мен мамандар тұқым сапасын арттыруға, заманауи селекциялық технологияларды енгізуге, өнімділікті арттыру үшін сорттарды өңдеудің және жетілдірудің инновациялық әдістерін енгізуге қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, шетелдік және отандық селекционерлер әзірлеген перспективалы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары туралы ақпарат ұсынылды.

Осылайша «Тұқым-2025. «Тұқым күні. Көкшетау» халықаралық конференциясы аграрлық ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар