Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдын Төребаев өткен жылы атқарған жұмысы туралы Қосшы қалалық мәслихатының депутаттары мен бастауыш партия ұйымы алдында есеп берді.
Айдын Бертісбайұлының бастамасы бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының алғашқы отырысы 2024 жылдың ақпанында Қосшы қаласында өтті. Бұл маңызды жиында Қосшының проблемаларына назар аударуға және облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлуге қол жеткізілді.
Облыстық мәслихаттың мақсатты жұмысы нәтижесінде өңіріміздің маңызды аспектілерін қамтитын 79 шешім қабылданды. 2024 жылы Қосшы қаласындағы Абай көшесінде жаңа №4 мектеп ашылды. Бұл білім ордасы бұрынғы мектептердегі жүктемені айтарлықтай азайтып, балалар үшін сапалы білімге қолжетімділікті жақсартты. Мектептің уақытылы ашылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық құрылыс басқармасына бірнеше рет сұраныс жіберіліп, жиналыстар өткізілді. 2025 жылғы бюджетте 280 орындық балабақшаның құрылысын аяқтауға қаржы бөлу қарастырылған. 2024 жылы Қосшы қаласындағы медициналық мекемелердің жұмысын жақсарту үшін 4 жедел жәрдем автокөлігі бөлінді.
Депутат Айдын Төребаев емханаларда кейбір дәрі-дәрмектердің болмауына байланысты мәселе көтерді. Қосшы қалалық №1 емхананың жабдықталуы мәселесін көтерді. Емхананы МРТ және КТ аппаратымен жабдықтау мәселесі әлі де депутаттың бақылауында.
Ветеринария басқармасымен жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде Тайтөбе ауылында мал дәрігерлік пункт ашылды. Бұл жергілікті тұрғындарға сапалы ветеринарлық қызмет көрсетуге және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға игі ықпал етеді.
Айдын Бертісбайұлының жүйелі депутаттық сауалдарының нәтижесінде Қосшы қаласындағы жолдардың жағдайын жақсарту үшін 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат қала инфрақұрылымын дамытуға және қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарына бағытталды. Бұрын мұндай көлемде қаржы бөлінбеген еді.
Қазіргі уақытта қалада газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін барлық үйлер мен әлеуметтік нысандар толық газ желісіне қосылады, бұл тұрғындардың өмір сүру жағдайларын айтарлықтай жақсартатыны сөзсіз. Қаладағы өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтауға ерекше назар аударған депутат мұның өзі төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге және жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
– Қаланы электрмен қамту бірнеше проблемамен бетпе-бет келуде, оның ішінде желілердегі шамадан тыс жүктемеге байланысты жиі болатын апаттар бар. Негізгі себеп – тозған инфрақұрылым: 215 трансформаторлық станция мен 385 шақырым электр желісі мемлекеттік орган балансына жатады және оларды жаңарту қажет. Осыған байланысты менің бастамаммен келесі жобалар қарастырылуда. Біріншісі, 2025-2026 жылдарға арналған жаңа электр желілерінің құрылысы. Ол төрт кезектен тұрады. Екіншісі, 2025-2027 жылдары 63 МВт қуаттылығы бар 220/110/10 кВ станциясын салу. Үшіншіден, 2025 жылы Солтүстік 110/10 кВ станциясын 40 МВт-тан 63 МВт-қа дейін кеңейту. Соңғысы желілер мен станцияларды «Ақмола-РЭК» АҚ басқаруына беру, – деп атап өтті өзінің депутаттық есебінде Айдын Төребаев.
Депутаттың бастамасымен 45 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтауға қаржы бөлу мәселесі бірнеше рет көтеріліп, қазіргі таңда осыған қаражат бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған тұрғын үй бөлу жұмыстары қарастырылуда. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаевтың қадағалауымен қаладағы сумен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту және кәріз тазарту қондырғылары (КОС) мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай ақ, колледж және мәдениет үйінің құрылысын бастау туралы бастама да көтерген оның бұл нысандардың өңірдің мәдени-әлеуметтік дамуына маңызды рөл атқаратынына сенімі мол.
– 2024 жылы облыс күрделі су тасқыны жағдайымен бетпе-бет келді. Барлық қызметтер, белсенділер, кәсіпкерлер және депутаттар зардап шеккендерге көмек көрсету ісіне жұмылдырылды. Алайда, осындай табиғи апаттарға дайындық деңгейін арттыру қажет, – дейді Айдын Бертісбайұлы.
Мәслихат, «AMANAT» партиясы және депутаттың өзінің тарапынан 2024 жылы атқарылған жұмыстар Қосшы қаласы мен бүкіл өңірдің тұрақты дамуына бағытталды. Әлеуметтік қолдау шаралары, өзекті мәселелерді шешу, инфрақұрылымды жаңғырту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға септігін тигізді. Айдын Төребаев облыстық мәслихат депутаты ретінде өңірдің басқа да аймақтарындағы жағдайды өз бақылауына алған. Құрылыс, медицина және әлеуметтік нысандардың сапасын қадағалап, тұрғындардың сұраныстарына жауап беруге тырысқан депутат алдағы уақытта өңіріміздің одан әрі дамуына үлес қосу үшін өзекті мәселелер бойынша жұмысын жалғастыра бермекші.
«AMANAT» партиясының
Ақмола облыстық филиалы.
74 Total Views , 1 Views Today