Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы құрылады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов төрағалығымен  облыстық әкімдікте өткен жиында Мемлекет басшысының бірыңғай дрондар инфрақұрылымын енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында пилоттық жоба іске қосылды.

«Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» атты бұл жоба мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобаларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Жүйе мектептер мен жолдардың құрылысын бақылауға, жылу желілерінің жай-күйін қадағалауға, жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінде өткен жиында Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, жобаны облыс әкіміне таныстырды. Тұсаукесер барысында пилотсыз ұшу аппараттарын жедел бақылау мен талдау жүргізуде пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді.

Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, пилоттық кезең аясында дрондар Көкшетау және Қосшы қалаларында қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді тексеру үшін мобильді дрондар пайдаланылады.

–Цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару саласында маңызды рөл атқарады. Инновациялық шешімдер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, ықтимал қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысы осындай озық жобаларды енгізуде пилоттық өңір болуға дайын, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – жылу желілерінің жағдайын дрон арқылы қашықтан бақылау. Бұл жылу шығындарын анықтап, оларды жою бойынша уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дрондар жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды тіркеп, экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді.

–Қазіргі технологияларды пайдалану әлеуметтік нысандар – мектептер мен жолдардың құрылысы барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттырады және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға ықпал етеді, – деп атап өтті Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержан.

Жобаны жүзеге асыру аясында басқарма «Қазақтелеком» АҚ-ның цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Абылайхан Оспанов пен Мағжан Ержан өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, цифрлық технологияларды дамыту және заманауи мониторинг құралдарын пайдалану – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Егер «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылса, оны бүкіл облыс аумағында кеңейту жоспарланып отыр.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар