Айналаңда адам бар
Көкшетау қаласындағы «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі ерекшеліктері бар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек, қолдау білдіріп, олардың өмірге бейімделуіне шапағатын тигізіп отыр.
Жер бетінде мүгедек, кемтар болып туылған адамдар көп. Бірақ, бұл кемістік олардың ақыл-есі дұрыс емес, санасыз дегенін білдірмейді. Керісінше, мұндай адамдардың қайсарлығы мен табандылығы көпке үлгі. «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық ұйымы – мүмкіндігі шектеулі адамдарға денсаулығына байланысты жаңа жағдайларда өмір сүруді үйретеді, дені сау адамдарға қарағанда қажеттіліктері сәл көбірек жандарды тіршілік етуге бейімдеп, өмірге қызығушылықтары мен құлшыныстарын арттырады.
Орталық алғашқыда 1998 жылы Василий Шиманскийдің бастамасымен мүгедектер ұйымы болып құрылған, кейін жылдар өте орталық ретінде қайта тіркелген. Ашылып, ресми тіркелгеннен бергі уақытта қаншама мүгедек жан ұйымның көмегімен, қолдау шапағатымен жұмысқа орналасып, ел қатарлы өздері де табыс табуға мүмкіндік алды. Аталмыш ұйымда еңбек етіп жүрген мүгедек жандар өздерін қарапайым, дені сау қатарластары тәрізді сезінеді. Олар үшін ең маңызды міндет те сол – ерекшеліктері бар адамдарды төрт қабырғаға телміріп отырып қалмай, қалыпты өмірге белсенді араласуларына бейімдеу.
– Мүгедектер өздерін өзгелер секілді қалыптастырып, жеке басын дамытулары керек. Олар да жұмыс істеп, бәрімен бірдей қоғамда өз орындарын табулары қажет, –дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Василий Шиманский. Ол өзі де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, мүгедектерді жұмысқа орналастыру, олардың құқықтарын қорғау, жоғары білім алуларына мүмкіндік беру секілді мәселелерді көтеріп жүреді. Орталықтың кеңсесінде мүгедектер бос уақыттарын өткізіп, оқу оқып, түрлі кездесулерге қатысады.
– Біз алға қойған мақсатымызды іске асыру үшін бірқатар қызмет түрлерін жүзеге асырамыз. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгіздік, мемлекеттік билік пен басқару органдарын мүгедектігі бар адамдардың өзекті проблемалары мен қажеттіліктері туралы хабардар етіп отырамыз, оларды іске асыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз, мүгедектік мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырамыз. Біздің ұйымның мүшелері спорттық іс-шараларға да белсене қатысады және мүгедектер арасында өтетін қалалық, облыстық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері болып табылады. Жыл сайын теннис, мылтық ату секілді жарыстар мен зияткерлік ойындар өткізіліп, біздің спортшылар өз биіктерін бағындырып жүргеніне ел куә. Қаладағы «Бурабай» спорт кешенінде біздің орталықтың жігіттері де жаттығады. Онда олар ауыр атлетикамен шұғылданады, жүзуге қатысады, өздерінің шағын «Денсаулық» тобы бар. Біздің спортшылар бірқатар жетістіктерге жеткен танымал азаматтар,–дейді Василий Леонидович.
2011 жылдан бері Көкшетау және Щучинск қалалары мен Краснояр селосында мүгедектерге арналған «Инватакси» әлеуметтік жобасы іске асырылды. Былтыр бұл қызмет Степногорск, Атбасар қалаларын да қамтыды.
– Аталмыш қызмет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылады. Биылғы жоспар бойынша тағы бірнеше ауданды қамтуды көздеп отырмыз. «Инватакси» қызметтерін алуға өтінім диспетчерлік қызмет телефоны арқылы жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-18.00 дейін қабылданады. Біз жылына 1,5-2 мың адамға дейін қызмет көрсетеміз деп сенімді түрде айта аламыз. «Инватаксиге» мұқтаж адамдар бұл қызметті ауруханаға, мемлекеттік мекемеге, оқу орындарына бару, кез келген спорттық-оңалту немесе мәдени-бұқаралық іс-шараларға бару қажеттілігі туындаған кезде пайдалана алады, –деп түсіндірді орталық басшысы.
Орталықта бұл қызметті ұсыну үшін 5 автокөлік қарастырылған, оның біреуін «Халық банкі» демеуші ретінде сыйға тартыпты. 4 автокөлік күнделікті шақыртуларға қызмет көрсетеді және біреуі шұғыл жағдайларға сақталады екен. Әр көлікте мүгедек адамды тасымалдауға арналған арбасы мен қажетті құрал-жабдықтары бар. Автокөліктері өте ыңғайлы, мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіштермен де жабдықталған, ал салонда сапар кезінде жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сенімді бекіту құрылғылары орнатылған. Бұл қызмет өзі жүре алмайтын адамдардың өмірін едәуір жеңілдетеді.
2014 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметі жұмыс істей бастады. Ондағы мақсат жұмысқа орналасқысы келетін мүгедек жандарға ақпараттық-құқықтық, психологиялық көмек көрсету болатын. Содан бері осы уақытқа дейін көптеген мүгедектігі бар жандар орталықтың көмегімен өздерінің жүректері қалаған жұмыстарға орналасты. Орталық алдына қойған міндеттерін ойдағыдай атқарып, қоғам алдында мүгедектерге көмектесуде, оларды еңбекке баулып, әлеуметтік және тұрмыстық проблемаларын шешуге жөн сілтеп, жәрдемдесуде.
– Соңғы уақытта ай сайын Ақмола облысының әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, Ашық есік күнін өткізіп келеміз. Онда медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер мамандарын шақырамыз. Оларға әртүрлі дәрежедегі шектеуліктері бар адамдар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ақыл-кеңестерін алады, облысымыздың өзге өңірлеріне де бейне байланыс арқылы шығып, ондағы мұқтаж жандарға кеңес түрлері ұсынылады. Биылғы 2025 жылы өңірде «инватакси» қызметтерін одан әрі дамытып, тағы бірнеше ауданда ашсақ па деген ойымыз бар. Өзім аудандарға мүгедектер мәселесі бойынша жиі шығып, халықпен кездесіп жүремін. Мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін шешуге көмектесемін. Алдағы уақытта медициналық оңалту қызметтерін тіркеу бойынша лицензия алу да ойымызда бар. Сонымен бірге, 2025 жылға арналған мәдени іс-шаралар жоспарын да әзірлеудеміз. Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерін қолдап, үлкен концерт өткізгіміз келеді, –деді Ақмола облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелері жөніндегі кеңесшісі, қоғамдық бірлестік төрағасы Василий Леонидович.
Еске сала кетейік, біздің облыста ғана аудан әкімдерінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кеңесшілері бар. Бұл модель өңірлермен кері байланыс орнатуда, өтініштер мен шағымдар ағынын байқауға, бақылауда ұстауға мүмкіндік береді дейді орталық басшысы.
Мүмкіндігі шектеулі болса да, жүрегі кең, талпынысы ерек, ерік-жігері мықты, қайсар да табанды Василий Шиманский мырзаның өзі осындай бірлестік құрып, жылдар бойы жұмысын тоқтатпай, керісінше, әр жыл сайын жаңа бастама көтеріп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істеуінің өзі сүйсінтпей қоймайды. Бұл да көпке үлгі қасиет.
– Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Осынау қысқа өмірді әркім өз қалағанынша, әдемі, бақытты өткізуге талпынады. Көздеген мақсаттары болады. Сол мақсатқа жету үшін тағдыр алдыңа қандай сынды кесе-көлденең тартса да, мойымай көтере білу қажет. Әрі шамаң келсе, өзіңе де, өзгеге де көмектескен жөн, – дейді сөз соңында орталық басшысы.
Міне, нағыз біз келісетін сөз осы болса керек!..
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.