Вице-министр сапары
Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков салықтық реформалар, соның ішінде қосымша құн салығын өсіруге қатысты жаңашылдықтарды түсіндіру жұмысы бойынша Ақмола облысының бизнес қоғамдастығымен кездесті.
Жиынды ашып, жүргізген Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек вице-министрдің жаңа салықтық реформаны кәсіпкерлерге түсіндіру мақсатында келгендігіне алғысын жеткізді. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы ел халқына Жолдауында «Салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді» дей келіп, Үкімет пен Парламентке Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында салықтық кодекске енгізілетін түзетулер ұсынылып, қазір облыстарда 6 жұмыс тобы сол реформаны түсіндіру жұмыстарымен жүрген көрінеді.
Сонымен вице-министр Дәурен Темірбеков өзінің алғысөзінен кейін, салықтық жүйеге енгізілетін жаңашылдықтарға тұсаукесер жасады. Сонда ол қосымша құн салығы (ҚҚС) – бұл жалпы үлестің 25 пайызын құрайтын бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екендігіне тоқтала келе, аталмыш салық түрі қазіргі қолданыстағы 10 пайыздан 16 пайызға дейін артатынын түсіндірді. Бұл оның айтуынша, бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістерге тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бір атап өтерлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бұл ҚҚС-ны төлеуден босатылады. Ал, денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген 10 пайыздық мөлшерлеме ұсынылыпты. Бұл орайда, жиынға қатысушылар білім беру, балалар туризмі секілді салалардың да осы 10 пайыздық мөлшерлемеге енгізілуі тиістігін баса айтты.
Шара барысында бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана ҚҚС төлейтіні айтылды. Яғни, көптеген компаниялар салықтан жалтару үшін бизнестерін жасанды түрде бөлшектейді екен. Сондықтан, жаңа кодексте салық есебіне қою шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге төмендету ұсынылыпты.
– Шығындарды бөлшектеу құны бөлшектеуден түсетін пайдадан асып түсетін жағдайлар жасалады. Бизнес үшін тең жағдай болу керек. Жалтару сұлбалары болмайды. Бұл мәселені біз халықаралық тәжірибеден алып отырмыз. Экономикасы дамыған елдердің көбінде ҚҚС-ның шекті мәні әлдеқайда төмен немесе мүлдем жоқ, –деді вице-министр Дәурен Оденұлы.
Презентациядан тағы бір түсінгеніміз, бөлшек салық режимі де қайта қаралуда. Оңайлатылған декларация режимі бойынша кіріс шегі 600 мың АЕК көлемінде сақталады, бұл жылына 2 359 мың теңгені құрайды. Жұмыскерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Жалпы, шара барысында жаңашылдықтармен қатар, инфляция жайы да түсіндірілді.
– Бұл жаңа реформа енгізілсе, біз Ұлттық қордан ақша алуды азайтамыз, қосымша түсетін салықтың қаржысы елді дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, халыққа несие беруге, инвест-жобаларға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, жылу-энергия саласына жұмсаймыз, –деді тұсаукесер соңында Дәурен Темірбеков. Бірақ, бұл әдемі мысалдарға кәсіпкерлер көңілдері көншімейтіндерін жеткізіп, салықтық жүйеге енгізілетін жаңашылдықтарға қарсылықтарын білдірді.
– Қосымша құн салығын төлеу шегін 80 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін түсіруге мүлдем болмайды. Бұл жеке менің ғана пікірім емес, туристік бизнес саласындағы барлық кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің тілегі. Егер осы жаңашылдықтар енгізілетін болса, шағын бизнес құрдымға кетеді деген сөз. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін салықтан босату құптарлық жағдай және денсаулық сақтау саласы бойынша салық мөлшері 10 пайыз болуы да оның әлеуметтік сала деп танылғанынан кейін ғой. Ал, қалғандарының бәрі 16 пайыз төлейтін болады. Олай болса, әлеуметтік бағыттағы білім беру саласы неге 10 пайыздық мөлшерлемеге енгізілмеген? Мемлекет басшысының туризмді дамыту туралы тапсырмалары да ескерілмеген. Балалар туризмі, балалар лагерьлері қарастырылмаған. Балалар лагерьлері қосымша білім беруге кіреді. Алдыңғы жылы елдегі лагерьлер саны 235 болса, былтыр 185-ке қысқарды, биыл тағы азайды. Оның басты себебі, біздің, яғни, балалардың жазғы лагерьлерінің осы күнге дейін экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кірмеуінде, – дей келе, «Ақмола облысының туристік қауымдастығының», Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов балалар лагері мен туризмі саласындағы өзекті мәселелерді алға тартты. Біз – екі-екі жарым ай ғана жұмыс істейміз де салық төлеуші болып шыға келеміз. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерден бізді үнемі тысқары тастайды деді ол.
– Біз, құрылысшылар кеңесі өзіміз талдау жасап көрдік. ҚҚС өсетін болса, құрылыс жұмыстары да қымбаттайды. Құрылыс компаниялары сатып алатын материалдардың барлығы ҚҚС арқылы төленеді. Барлығы есепке алынады, ал, енді есепке алынбайтыны жұмысшылардың еңбекақысы мен салығы. Сондықтан, құрылыс компанияларынан бюджетке айтарлықтай салық түсімі түседі деп ойламаймын. Сондықтан, құрылыс саласындағы кәсіпкерлер өздеріне пайда түспейтін болса, белгілі бір нысанды салуға келіспейді. Құрылыс тоқтап қалады немесе құрылыс өздеріне пайда түсіру үшін жұмыстарын қымбаттата түседі. Мұның бәрі ең соңында тұтынушылардың қалтасын қағады. Сондықтан, ҚҚС-ны ұлғайтуға кәсіпкерлер ғана емес, халық та қарсы деп ойлаймын, себебі барлығы да қымбаттайды. Сіздер қаржы тапшылығы орын алып отырған соң, тұйықтан осындай жолмен шыққыларыңыз келіп отыр. Бірақ, жоба не үшін жасалып жатқаны әлі де түсініксіз. Сондықтан, біз бұл орайда мүлде басқа ұсыныс жасағымыз келеді. Салықты жалпы айналымнан төлейтіндей ету керек. Қазір кез келген қадамды біздер мемлекеттік сатып алулар арқылы жасаймыз. Сонда нақты сандар көрсетіледі. Шағын бизнес үшін сол жалпы айналымнан түсетін қаржының 3 пайызын, орта бизнесте 4 пайызды, ірі бизнесте 5 пайыздық мөлшерлемені қалдыруды сұраймыз, яғни, әрбір айналымнан түскен қаржыдан ҚҚС-ны бірден осылай есептеп отырсақ, бухгалтерге де есеп жүргізуге ыңғайлы болады, – деді «Строй ТехІС» ЖШС-нің директоры, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының құрылыс, құрылыс материалдары өндірісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің төрағасы Мұхтар Есенов.
Жалпы, жиын барысында салық реформасына қатысты көптеген мәселелер көтерілді, жиналғандар ҚҚС-ны көтеруге, салық төлеу есебіне қоюдың шегін азайтуға қарсылықтарын білдіріп, мұның барлығы шағын бизнестің дамуына тосқауыл болатындықтарын алға тартты. Сонымен бірге, егер осы ҚҚС-ны ұлғайту сақталып қалатын болса, оны бірден көтеріп жібермей, тым болмағанда жыл сайын 1 пайыздан өсіріп отыруды ұсынды.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің салық және кедендік саясат департаментінің директоры Ерлан Сағынаев жиында көтерілген сауалдардың әрқайсысына жекелей жауап беріп, айтылған ұсыныстарды түртіп алды. Мұның барлығы әлі жоба екендігін, өңірлерді аралап болған соң, барлық ұсыныстар ескеріліп, Парламентке жолданылатынын, онда тағы талқыланатынын алға тартты. Бірақ, ең соңында Мемлекет басшысының келісімімен ғана Салық кодексіне өзгертулер енгізілетіндігін айтты.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
10 Total Views , 2 Views Today