Қылқалам жеткізген жарық дүниенің жарқын сәттері

Өнер

Әлемде қылқаламымен сұлулық пен сырлы тылсым дүниелерге жетелейтін өнер иелері көп-ақ. Тарихтың сан мыңдаған ғасырларынан күні бүгінге дейін жеткен ғажайып өнердің ешқашан өшпейтіні, керісінше замана көшімен қоса дамып, ілгері қарай алға басатыны бүгінгі суретшілердің де ғажайып туындыларынан-ақ анық аңғарылады.

Жақында көрермен жүрегін еріксіз елжірететін көрменің бірі әрі бірегейі Көкше жерінде ресми түрде ашылып, өнерсүйер қауым үшін ақ түйенің қарны жарылды. Салтанат сарайының кең залынан орын тепкен заманауи арт-көрмеге талантты суретшілер Ләйлә Ахмет-Осман мен Виктор Кубриннің шығармашылық туындылары қойылды. Шалқыған шабыт пен қиялдың қанатынан туған туындылар өнерді жүрегімен бағалайтын көкшелік талғампаз көрерменнің көңілін көкке көтерді…

Қылқалам шеберлерінің экспозицияларының арасында қазақстандық әрі америкалық белгілі суретші Ләйлә Ахмет-Османның суреттері ерекше көз тартады. Автор Қазақстан Суретшілер одағының, сондай-ақ, 2010 жылдан бері АҚШ дизайнерлер одағының мүшесі. Деректерге жүгінсек, суретшінің туындылары жарты әлемді аралап шыққан. Атап айтқанда, Қазақстан, АҚШ, Германия, Италия, Корея, Ресей және Түркия елдерінің беделді өнер орталықтарының төрінен орын алған. Суретші өз туындыларының талғамы биік көкшелік көрерменнің де назарына ұсынылғанына шынайы разылығын білдірді.

–Бүгін Көкшетауда алғаш рет көрмеге өзімнің қылқаламымнан туындаған картиналарым қойылып отыр. Мен бұл өңірді ерекше жақсы көремін. Сондықтан, көкшелік көрермендеріммен кездесу мен үшін аса маңызды әрі өте құнды екенін жасыра алмаймын. Осындай зәулім ғимаратта өз жұмыстарымның көрермендердің көзайымына ие болып жатқанына қатты қуанып тұрмын. Бұл жерде әр кезеңде салынған суреттер қойылған. Алғашқы кезеңде символика, символизм мен концептуалды өнер көрініс тапса, екінші кезең фигуративизмге бағытталған. Үшінші кезеңде деканас стиліндегі абстракциялар орын алған. Барлық жұмыстарды ешқандай машинаның қазіргі жасанды интеллектінің көмегінсіз өз қолыммен орындадым, – дейді Ләйлә Ахмет-Осман.

Өнер иесі ширек ғасырдан астам уақыттан бері Америкада тұрады. Дегенмен, оның әрбір салған туындыларында туған жеріне, Отанға деген махаббат шынайы көрініс табатыны байқалады. Кейіпкеріміз өз сөзінде сұлулыққа тұнған өлкеде көрерменнің де ерекше ықыласына ие болғанын тебірене жеткізді.

–Бұл табиғаты тіл жетпейтін сұлулыққа толы өңір ғой. Мұнда келген әрбір сәтімде менің бойымды ғажайып энергия кернейді. Мұндағы адамдар да аса ерекше. Ашық әрі шығармашылық өнерді шынайы бағалайды. Бурабайда болғаннан кейін өз шығармашылығымды Көкше жерінде де ұсынғым келді. Бұл идеямды қуана қолдап мол көмегін тигізген серіктерім де табыла кетті. Марал Кенжахимова ұйымдастыру сәттерін мойнына алса, суретші әріптесім Виктор Кубрин де көрменің сәтті өтуіне бел шеше кірісті. Бүгінгі көрмеге оның да туындылары қойылған, – дейді Ләйлә Ахмет-Осман.

Суретшінің туындыларының басым бөлігінде Түркі әлеміне тән қолтаңбалар көрініс тауыпты. Қылқалам шебері мұны түбі бір Түркі тарихын көрсету арқылы  тарихтың сонау ғасырлар қойнауындағы қатпарларынан сыр шертуді мақсат тұтқанын айтады.

–Көкшетауға мен жоғарыда айтқанымдай, әр тарихи кезеңдер жайлы сыр шертетін туындыларды әкелдім. Көрмеме символикалардан бастап түрлі абстракциялар қойылған. Мен мына әлемді тек өнер ғана құтқара алатынына шын жүрегіммен сенемін. Адамның сезімін ояту үшін оны осы өнер әлеміне тарту қажет. Бұл эмоцианалды интеллектінің негізі. Әрбір қолына қылқалам ұстаған суретші өз шығармашылығымен көрерменін ғажайып әлемге еніп кетуі үшін гармониялық үйлесім табуы тиіс. Рас, өзіңіз айтқандай, менің шығармашылық туындыларымда Азия халықтарының мәдениеті көрініс тапқан. Бұл бүгінгі заманда аса құнды. Мәселен, қалы кілемге салынған мына суретте көгілдір көзді ақшулан қасқыр Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасынан алынған. Шығармашылығымда дәл осындай түркі халықтары үшін сакральды дүниелер көрініс табады. Ағаш – өмірдің символдық бейнесі сияқты, – дейді Ләйлә Ахмет Осман.

Көрмеге қойылған суреттерден түркі дүниесі, оның ішіндегі қазақы мәдениет пен өнердің иісі аңқиды. Суретші де әрбірінде өзіне тән мәдениеті мен дәстүрі бар екенін айтады. Дегенмен, әлемнің шартарабын кезіп, саяхаттап өткен қылқалам шебері өзінің бар жан дүниесімен туған елі – Қазақстанды сүйетінін әрі патриоттық рухы асқақ екенін жеткізді.

Ежелден біздің түркі халықтарының дәстүрі мен ғұрыптарының мәдени тұрғыдан алғанда терең мән-мағынасы бар. Қыбырлаған жәндіктен бастап әрбір тіршілік иесіне құрметпен қарау – Ұлы дала балаларының қанына біткен қасиет. Әлі есімде. Кішкентай бала кезімде есік алдындағы қылтиып өсіп келе жатқан жас шөпті жұлып алдым. Атам қатал еді. Менің бұл қылығым үшін қатты ұрысты. «Ол да тіршілік иесі. Қажеті болмаса, оның өмірін құрбан етуге болмайды…» деген бірауыз сөзі күні бүгінге дейін санамда өшпей қалды. Сол сәтте-ақ өмірлік сабақ алып, табиғатқа бір түйір де зиян келтіруге болмайды деген ойға қалдым, – дейді суретші.

Суретшінің айтуынша, сезімтал қыздың сурет өнеріне қабілет-қарымын алғаш анасы байқаған. Дегенмен, әкесі жас қыздың суретке қызығушылығын еріккеннің ермегі санап, суретшілікті ешқандай кәсіп деп те санамаған болса керек. Алайда, талапты қыз өз өнерін ұштап, мектепті тәмамдаған соң Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түседі. Дәл сол оқу орнында жоғары білім алып, кейін оқытушылық қызметке де алынады. Ал одан кейін өнері мен шығармашылығын жетілдіру мақсатында мұхит асып АҚШ-та өмір сүруді жөн деп табады. Онда оқуын одан әрі жалғастырып, дизайн саласында жұмыс істейді. Сонымен бірге, сабақ береді. Суретші осынау қиын әрі күрделі кезеңдердің бәрінде анасы шынайы қолдау білдіріп, қолтығынан демеп, әлемге танылуына ықпал еткенін тебірене жеткізді.

–Анам мені өз-өзіме сендіріп қана қоймай, шығармашылық жолымның ашылуына аса зор ықпал етті. Анам Қазақстанда аса танымал тұлға – Хафиза Серікова. Көп жылдар «Жанұя» балалар үйінде жетекшілік етті. Осы түрлі себептермен ата-аналарынан айырылған балалармен жұмыс жүйесіне көптеген өзгерістер енгізді. Мұны біз анамды көп жылдардан кейін әлеуметтік желілерде тіркеген кезде бірден байқадық. Оның парақшасына бірден жүздеген хат-хабар түсе бастады. Әрбір тәрбиеленушісі өз өмірі жайлы анама айтып беруді өзінің парызы санайтынын айтып, хат жазды. Олардың арасында ірі жетістіктерге жеткендері қаншама. Бірқатары қонаққа да шақырды, – дейді суретші анасы жайлы толғанып.

Суретші тапқан табысынан үнемі қайырымдылық жасайтынын айтады. Оған қамкөңіл жандарға қолғабыс етіп, қолдан келгенше көмек жасау қажеттігін де анасы үйретіпті. Тіпті, өзі салған алғашқы тырнақалды туындысын сатқан қаражатқа анасының қарауындағы адамдарға жөргектер алып беріп, олар болса, шынайы алғыстарын жаудырғанын қимастықпен еске алды.

–Анам менің әрбір тапқан табысымның оннан бір бөлігін қайырымдылыққа беруді үйретті. Иә, алғашқы сатқан картинамнан түскен ақшаға түгелдей анам қарап жатқан адамдарға жөргектер алып бергенмін. Содан кейін достарыммен бірге балалар үйіндегі бірінші сыныпқа барған балаларға сыйлықтар алдық. Қайырымдылық жасасаң ғажайып бір сезімге бөленесің. Әсіресе, балалар бақытқа кенелгенде жаның рахаттанады, – дейді суретші.

Көрме иесі – Ләйлә Ахмет-Осман «Lucky Turtle» брендінің де иесі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Яғни, кәдімгі тасбақа сауыты бейнесі бар суретшінің қолтаңбасы тұтас әлемге әйгілі болыпты.

–Бәрі сонау 1998 жылдан басталды. Бірде мен кітаптан санның екі еселенуін көріп, қатты таң қалдым. Сомадағы әрбір қатарда бір сан ғана… Бұл жерде математика қайда, өнер қайда деген сауал туындайды. Бірақ, мен қылқаламмен осы гармониялық үйлесімді жеткізгім келді. Оған тасбақа сауыты ең қолайлы болып көрінді. Аңыз бойынша төрт мың жыл бұрын бір балықшы теңіздің жағасында отырып, судан шығып келе жатқан тасбақаны көреді. Тасбақаның сауытында тоғыз шаршыда нүктелер орналасыпты. Балықшы тігінен де, көлденеңінен де көлбей диагоналымен санаса, 15 саны шығады. Содан бері ол тұрған ауылда ғажайып өмір басталыпты. Балықшы император болып, ал, тасбақа денсаулықтың, жетістіктің, ақылдылықтың, ұзақ та бақытты ғұмыр мен гүлденудің символына айналыпты. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, менің де өмірім осы сәттен кейін қатты өзгерді. Тасбақалы картиналар үлкен танымалдылыққа ие бола бастады. Бренд ойлап табу идеясы туды. Ол тек картиналар емес, сәндік әшекейлер, аксессуарлар, интерьерлерге де қолданыла бастады. Қазір сол тасбақа бейнелері Канада, Түркия, Грузия, Италия, Франция сияқты басқа да әлемнің көптеген елдерінде үлкен қолданысқа ие, – дейді Ләйлә Ахмет-Осман.

Суретші өз жұмыстары ірі көрмелерде көрініс тапқан елдерде қолөнершілермен де байланыс тауып, араласуға тырысатынын жеткізді. Өйткені, суретші әрбір халықтың туындыларында түрлі ғажайыптар табылатынына нық сенімді.

–Әр халықтың өзіне тән ерекше дүниелері болады. Мәселен, Грузияда шеберлер кәдімгі эмальмен керемет дүниелер салады. Моңғолияда тері және кашемирге салынған суреттер әдемі. Қазақстанда күмістен оюлаған дүниелер ерекше әсер қалдырады. Осылайша менің де тасбақаларым «халықаралық» болып шыға келді. «Lucky Turtle» көрмесі ақмолалық шеберлермен де танысудың үлкен мүмкіндігі. Олардың көпшілігі бірегей дүниелер жасайды. Олармен ынтымақтастық жасап, брендті бірлесіп алға шығарамыз деп ойлаймын. Өйткені, әрбір адам бақытты болғысы келеді, – деп ойын қорытты суретші.

Көрмені бастап келген суретшінің шеберлігін жиырма жылдан астам өмірін шығармашылыққа арнаған көкшелік белгілі суретші Виктор Кубрин де жоғары бағалады. Ол осы көрме арқылы алдарында әлемде көп ұлттардың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқанын паш ету мақсаты тұрғанын атап өтті.

–Біздің бұл шараның мақсаты жұлдыздың жанындағы серіктер сияқты болып отыр. Өйткені, Ләйлә сурет өнеріндегі ғажайып тұлғалардың бірі. Бұл шараның мақсаты – бір шаңырақ астында көптеген ұлттар мен ұлыстардың өзара тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқанын көрсету. Сол үшін көрмені біздің қалаларға осы жоба қатысушыларымен бірге аралап таныстыру ойымызда бар, – дейді Виктор Кубрин.

Көкшелік көрерменді түрлі тарихи кезеңдер мен әр ұлттардың мәдениеті мен дәстүріне жетелейтін көрме үш күнге созылды. Шығармашылық саяхаттауға құмар жандар сурет арқылы ғажайып әлемге еніп, бір серпіліп қалды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар