Біздегі кеш
Жақында Степногорск қаласының «Горняк» орталық мәдениет сарайында «Ескірмейтін есті әндер» атты ретро концерт өтті.
Бұл ауқымды шара соңғы үш жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әндер әлемінің ескі жауһарларын тыңдауды асыға күткен көрермендердің қатары қалың болды. Концертте салтанат құрған сазды әуен көпшіліктің сағынышын үдете түсті. Бұл көрініс, шынымен, өткенге деген қызығушылықтың әлі де сарқылмағанын айқындап тұрғандай.
Сахнада көрермендердің көңілін көтерген «ApARTe» театр студиясы жиналғандарға ұмытылмас эмоция сыйлады. 2018 жылы құрылған өнер ордасының жетекшісі Берікбай Шұғайыпұлының айтуынша, концерт тек ескі әндерге деген сағынышты үдетіп қана қоймай, көрерменді уақыт көшіне саяхатқа шығарып, өткен шақты еске түсіруге көмектесті.
– Жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан концерт үлкен сұранысқа ие. Көрермендердің ықыласын сезіну біз үшін зор қуаныш. Ақпан айында «Өнермен өрілген өмір» атты жаңа спектакль-концертті жоспарлап отырмыз. Бұл шарада жеке шығармашылығымен қоса, актер шеберлігіне қатысып жүрген 30 шақты кіші топтағы, 20-ға жуық үлкен топтағы шәкірттерім өнер көрсетеді. Сондай-ақ, өзімнің қаламымнан туындаған «Бәрі кеш» атты әлеуметтік драмамызды да сахналауды жоспарлап отырмыз, – деп алдағы жоспарымен бөлісті ол.
Театрдың ақпан айындағы ауқымды жобасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап қойылымдар ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин туралы Паң Нұрмағанбетке қатысты сахналық көріністері ұсынылады. Осылайша театр алдағы уақытта «халықтық» атағын алу үшін маңызды қадамдар жасап, үлкен жобаларды қорғауды мақсат етіп отыр. Театрдың даму жолында ұмтылысы мен дайындығы зор, уақыт тығыздығы тек асығуды талап етеді.
Ретро концерттен алған әсерімен бөліскен тұрақты көрермен Мәриям Жақсылыққызы:
– Бұл концерттің мен үшін ерекше, орны бөлек. Театрдың барлық қойылымдары мен концерттерінен қалмай, қатысуға тырысамын. Мұнда мен рухани дем алумен қатар, мәдени ләззат аламын. Тек өзім ғана емес, құрбыларымды да ертіп келіп, өңірдегі мәдени шараларды қолдауға тырысамын, – деп, өз пікірін білдірді. Концерттің визуалды деңгейі жоғары болды. Экранда көрсетілген архивтік суреттер мен бейнекөріністер сол дәуірдің әдемі әсерін қабылдауға мүмкіндік берді. Сахналық көріністер өткен кезеңнің сұлулығын сезінуге айрықша септігін тигізді. «ApARTe» театр студиясының құрамында студенттер, оқушылар, түрлі мамандық иелері өнер көрсетеді. Театр әртүрлі жастағы көрерменге арналған балалар қойылымдары мен ертегілерден бастап, ересектерге арналған үлкен көріністерді сахналап, өңірдің мәдени өмірінде белсенділік танытып келеді. Бұл концерт тек ескі әндерді еске түсіріп қана қоймай, мәдениетке деген көзқарасты қайта жаңғыртуға түрткі болды.
Гүлназ БИСЕН.
Степногорск қаласы.