Ескірмес естеліктер, есіл ерлер

Зерде

Күні кешегі Кеңес дәуірінің керағар саясатының салдарынан тарих бетіндегі ақтаңдақтардың бірі болып қалған Ауған соғысының аяқталғанына 15 ақпанда 36 жыл толды. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің жаңсақ ұранының салдарынан енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің топырағын басып, дәмін татты. 1979 жылы ана сүті ауыздарынан кеуіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шығып еді.

1989 жылы, ақпан айының 15-інде талай аналарды перзенттерінен айырған, жүздеген қазақстандық бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де қайғылы «Ауған соғысы» аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Өйткені, бұл соғыста өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Бүгінгі жастар сол кездегі жас жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген мақсатпен жыл сайын түрлі деңгейдегі көрмелер, әдеби кештер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, көз көргендермен кездесулер өткізіліп тұрады.

Осы орайда, Көкшетау орталық қалалық үлгілі кітапханасында «Достар» мәдениет сарайымен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұмытылмас естеліктер» атты тарихи сағат өтті. Іс-шараға ауған соғысының ардагерлері Құрман Болатұлы Мақышев пен Мәулетбай Жағыпарұлы Оспанов шақырылды. Шараға №13 «Экос» мектеп-гимназиясының 9 «А» сынып оқушылары қатысты. Сонымен қатар, «Қайнар» балалар аула клубының «Күмбірлі домбыра» және «Жас гитарист» үйірмелерінің мүшелері қатысты.

Іс-шараның мақсаты ауған соғысының тарихи маңызын ашып, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп, қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алып, олардың қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым алу болып табылады. Кеш барысында Ауған соғысында қаза тапқан батыр ағаларымыз бір минут үнсіздікпен еске алынып, кітап көрмесі таныстырылды. Шара барысында ардагерлер жерлес жауынгерлердің өшпес ерлігі туралы естеліктерімен бөлісті. Іс-шараға келген оқушылар қонақтарымызға тақырыпқа орай, сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

«Достар» мәдениет сарайының қызметкері Юрий Кочетигов «Егес» күйін  орындады. Шара соңында Евгения Короткова «Тек Алға» атты ән шашуын шашты. Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы – Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа Отан сүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық!

Эльмира ЫҚЫЛАСОВА,
Көкшетау орталық қалалық  үлгілі кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар