Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Степногорск қалалық әкімінің орынбасары Жаңасыл Сабырұлы әлеуметтік мәселелер тұрғысында баяндап, қалада жұмысшылар тапшылығынан қалыптасып отырған жағдайды айта келе облыс жастарын аталмыш өңірге жұмысқа шақырды.
Степногорск қаласы өндірісі қайнаған шырайлы шаһар. Бірақ, мұндағы бос жұмыс орындар саны 690-нан асып жығылады. Әсіресе, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қажетті қызмет түрлерін ұсынатын кәсіпорындарда 365 маман тапшы.
Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйекте ел халқына жолдаған Жолдауында көзделген міндеттердің орындалу барысы туралы айтқанда, ең алдымен Жаңасыл Сабырұлы жыл сайын мұқтаж азаматтарға көрсетілетін жәрдемақылардың мөлшері артып келе жатқандығын тілге тиек етті. Білім саласы бойынша қалада 12204 баланы қамтитын 49 білім беру ұйымы жұмыс істейтіндігі, оның 23-і жалпы білім беретін мектеп екендігі айтылды. 19 жалпы білім беретін орта және 2 негізгі мектепте 9,4 мыңнан аса оқушы оқыса, кешкі мектептерде 174 оқушы білім алады. 2024 жылы қала бойынша Заводской және Ақсу кенттерінің мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 11 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылған.
Бұдан әрі спикер медицина саласына тоқталып, қала тұрғындарына медициналық стационарлық көмекті негізінен қалалық көпбейінді аурухана көрсететінін атап өтті. Материалдық-техникалық жабдықтау бойынша былтыр онда 210 миллион теңгеге 52 медициналық құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы С класты жаңа реанимобиль бөліпті. Ағымдағы жылы 1,5 миллион теңгеге тағы 50 медициналық құрал сатып алу жоспарланыпты, соның ішінде МРТ алу да көзделген.
–«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында біздің аурухана өңіраралық мәртебеге ие болып, енді Біржан сал, Ақкөл, Шортанды аудандары бойынша да халыққа медициналық көмек көрсететін болады. Сонымен бірге, биылдан бастап қалаға жұмысқа келген дәрігерлерге берілетін көтермеақының көлемі 5 миллион теңгеге дейін өсті, –дей келе әкімнің орынбасары «Виамедис» емханасының қызметіне тоқталды. Онда тіркелген халық саны – 63138 адам болса, олардың 85,9 пайызының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырулары бар. Жас мамандарды емханаға жұмысқа тарту үшін оларға көтермеақы төлеп, қызметтік және жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ететін көрінеді. Біліктілікті арттыру мақсатында емхана қызметкерлері Астана қаласындағы Viamedis Academy білім беру орталығында әр түрлі бағыттар бойынша үнемі оқудан өтіп тұрады.
Мәдениет саласына келсек, Степногорск қаласында 7 мәдениет мекемесі, 20 кітапхана бар. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі салынуда.
Сонымен бірге, баяндамашы спорт, дене шынықтыру, мәдениет саласы бойынша атқарылған бірқатар жұмыстарды айтып, былтыр атап өтілген шаһардың 60 жылдығына орай айтулы іс-шаралар ұйымдастырылғанына да кеңінен тоқталды.
Халықты жұмыспен қамту жайы қалада өзекті мәселеге айналыпты. Былтыр 3040 адам жұмысқа орналастырылған. Есепте тұрған жұмыссыздар саны әлі де 516 адамды құрайды.
–Осыншама адам жұмыссыздар есебінде тұрса да, Степногорск өңірі бойынша бүгінде 696 бос жұмыс орны бар. Соның ішінде өндіріс саласында – 365 бос орын тіркелген. Нақты айтсақ, «Степногорск ТЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 120, «Ремэнергомашта» – 79, «Степногорск Теплотранзитте» –11, «Транском Степногорскте» – 25, «Степногорск Энерготранзитте» – 7, «Целингормашта» – 10, «СГХК-та» – 76, «Степногорск – су арнасы» мекемесінде – 25, «Степногорск машина жасау заводында – 12 жұмысшы орындары бос тұр. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласында – 83, білім және мәдениет саласында – 46, әскери бөлімде– 77, қызмет көрсетудің басқа салаларында – 125 бос орындар бар, –деп, шаһар басшысының орынбасары қаланы дамытып, көркейту үшін облыс аумағындағы жастарды жұмысқа шақырды. Бастапқыда кәсіпорындарда еңбекақы шамамен 200-300 мың теңгенің көлемінде ұсынылмақшы. Аса тапшы мамандарға жоғарыда атап өткеніміздей, тұратын баспана да қарастырылмақшы.
Брифинг барысында журналистер қаланың №4 шағын ауданында балабақшаның жоқтығын, қалаішілік автобустардың ол шағын ауданға қатынамайтындығын және былтырдан бері қалалық ауруханада орын алған дәрігерлердің жалақысының уақытында төленбеуі, аурухананың материалдық-техникалық базасының қаншалықты дұрысталғандығы жөнінде сауалдар қойды. Қала тұрғындарының айтуынша, өткен жылдары пилоттық жоба ретінде №4 шағын аудан арқылы бір қалаішілік автобус қатынапты, алайда, ол тиімсіз деп танылып, тоқтатылған көрінеді. Содан бері шағын аудан тұрғындарына балаларын балабақшаларға, мектептерге апаруларына қиындық туып жатқан көрінеді. Ал, қала басшысының орынбасары бұл сауалдарға:
–Қала шағын. Сондықтан, ол ауданға балабақша салу аса қажет емес, автобус жіберу жағын әлі де қарастырамыз. Ал, аурухана мәселесіне келсек, қазіргі таңда онда ешқандай кредиторлық қарыздар жоқ, дәрігерлердің еңбекақысы толық өтелді, – деп жауап қатты.
Сондай-ақ, қала тұрғындары өңірдегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тым тар екендігін, барған жерде қажет қызметіңді алу үшін орыс тілінде сөйлеуді талап ететін мекемелердің де барын айтып шағымдануда. Бірақ, бұл орайда, «нақты дәлел болмаса, біз ешкімге шара қолдана алмаймыз» деп жауап берді қала басшысы. Солай десе де, басшылықтың өз құзыреті деңгейінде мемлекеттік тілге жанашыр болуы басты қызметтік міндеттерінің бірі деп білеміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.