Алқа мәжілісі
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде өткен жылдың қорытындысы шығарылды. Ол атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мемлекет бюджетіне 522 миллиард теңге қаржы түскендігін көрсетті.
Салықтық және кедендік әкімшілендіру аясында қосымша резервтерді анықтаудан 23 миллиард теңгеден астам түсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде жер қойнауын пайданушыларды әкімшілендіру – 10, қамералдық бақылау 6, салық берешегін өндіріп алу 3, салықтық және кедендік тексерулер 2 миллиард теңге қаржы әкелді. Кедендік әкімшілендіру, акциздерді әкімшілендіру және ЕАЭО шеңберінде жанама салықтарды әкімшілендіруден де түскен кірістер бар.
Кеден бекеттерінде әр түрлі кедендік режимдер бойынша 12 мың 600 тауар декларациясы ресімделген, декларациялардың 70 пайызы жасыл дәлізде, яғни, лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз жүзеге асырылды.
Өткен жылы 694 мың мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілді. Оның 99,8 пайызы электронды түрде көрсетілгенін атап өткен жөн. Шара барысында осы жетістіктердің атап көрсетілуімен бірге, жалпыға бірдей декларациялау, салық берешектері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Кеңес соңына таяу болашақтың міндеттер айқындалып, оның ішінде болжау көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету және тағы да басқа да міндеттер атап көрсетілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.