Адал ниет жүрген жерде татулық бар

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Ақмола облысындағы этносаралық келісімді нығайтуға 30 жыл» тақырыбында өтті. Онда Ақмола облысының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов пен «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев аталмыш тақырып аясында атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды.

Биыл Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл толып отыр. Мерейлі жыл шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен бірыңғай жоспарға сәйкес Ақмола облысының «Қоғамдық келісім» мекемесі «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты өңірлік деңгейдегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітіпті.

– Айтулы жылы барлығы 50-ден астам ірі іс-шара ұйымдастырмақшымыз. Оның аясында облыста тұрып жатқан өзге ұлттардың  мәдениет күндерін, басқа да ауқымды жобаларды әзерлеудеміз. Бұл жоспарланған шаралардың ішінде біз Ассамблеяның тарихы мен жетістіктеріне арналған ғылыми-практикалық конференцияларға да ерекше назар аудардық, онда әртүрлі этнос өкілдері өзара өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасады.  Мысалы, осындай конференциялардың бірі 22 қаңтарда «Ұрпақтар диалогы» атты тақырыпта өткізілді, – деп Қуаныш Шақшақов кейбір жобалардың маңыздылығын түсіндіріп өтті.

Ассамблеяның 30 жылдығына орай, «Ақмола ассамблеясының тарихындағы 30 тұлға» жобасы әзірленіпті. Аталмыш жоба бойынша ассамблеяның дамуына үлес қосқан ақмолалықтар Ютуб арнасында түрлі тақырыптарда сұхбаттар беріп, әңгімелесулер өткізеді. Ал, «Ақ тілек: 30 жұпқа бақыт сыйлау» жобасында «Аналар кеңесінің» белді мүшелері, ақ жаулықты аналар Неке сарайына барып, 30 жұпқа өздерінің отбасы беріктігін сақтау тақырыбы аясында ақыл-кеңестерін айтып, аналық тілектерін жеткізіп, кәдесыйлар табыстамақшы екен. Сол сияқты, кәсіби еңбек жолында айтулы жетістіктерге жеткен түрлі этнос өкілдеріне арналған «30 жылдағы еңбек жолым» жобасы, басқа қайырымдылық шаралары, өзге де мемлекеттік атаулы даталарға орайластырылған мерекелік шаралар бар.

– Алғыс айту күні биыл толығымен Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізіледі. Бұл күні Қазақстан бойынша жалпыхалықтық келісім мен бірегейлікті сақтауға және дамытуға бағытталған түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады, – дей келе, облыста дәл сол күнгі өтетін шараларды да назардан тыс қалдырмады басшы.

Жалпы, Алғыс айту күніне арналған шаралар өңірде 25 ақпанда «Еңбек күші: халықтың бірлігі» жобасымен бастау алмақшы.

–Біздің жобамыздың бірінші кезеңі Бурабай ауданының Николаев ауылдық округіндегі «Журавлевка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі үздік қызметкерлерге алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстаудан басталады. Осылайша олардың еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз және аталмыш ауылдағы орта мектеп жанынан мемлекеттік тілді оқыту және өскелең ұрпақ арасында ұлттық ойындарды дәріптеуге арналған «Ұлттық ойындар» орталығын ашамыз. Бұл ауылды таңдап алудағы себеп, онда өзге ұлт өкілдері өте көп тұрады, – деді Қуаныш Ғибадатұлы.

Баяндамашының мәлімдеуінше, аталмыш мереке күні аясында облыста «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасы ашылып, фотокөрме ұйымдастырылады, «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында форум өткізіліп, ассамблея белсенділерін марапаттайды, Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтары қойылады. «Қайырымдылық керуені» өтікізіліп, Ақмола ассамблеясының бастауындағы ардагерлерге құрмет көрсетіледі.

Биыл атап өтілетін мерекелердің барлығы Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы шеңберінде өткізілмекші. Ақмолалықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін 34-інші сессияға қатысса, мамырда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының 28 сессиясын өткізу жоспарланыпты. Онда ҚХА қызметінің 30 жылдығының қорытындылары шығарылып, сондай-ақ, бірлік пен келісімді нығайту жолындағы өңірдің жетістіктері мен нәтижелері талқыланады. Сессия жұмысына саяси партиялардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ҚХА ардагерлері мен жастар қатысады деп күтілуде. Жыл бойы ұйымдастырылған іс-шаралар мен жобалар 25 қазан – Қазақстан Республикасы күні ұлттық мейрамына орай қорытындыланады.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылында жеткен жетістіктер мен ұлтаралық татулықты сақтап қалу жолындағы аталмыш институттың маңыздылығына тоқталды. Ол тәуелсіздік алған жылдардағы ұлтаралық қақтығыстарды шешу барысында ассамблеяның орны бөлек болғанын, қазір де қоғамдық мәселелерді еңсеруге этномәдени бірлестіктер белсенді араласып жүргенін атап өтті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар