Кешегі ауыл көз тартар қалаға айналды

Қосшы елімізде әлеуметтік экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан жаңа қала. Шаһарда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, инфрақұрылым салаларында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкей осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қосшы қаласы тұрғындарының саны статистикалық деректер бойынша 60 мың адамды құрайды, ал шын мәнінде онда 120 мың халық тұрып жатқаны жиі айтылады. Мұндай сан айырмашылығының болуы қаланың елордаға жақын орналасуынан деп түсіндіріледі. Оның әр жағында әлеуметтік бағыттағы себептер де барын жақсы білеміз. «Қала халқының басым бөлігі Астанада жұмыс істейді» деген деректермен баяндамасын бастаған Берген Жұмкейұлы алдымен кәсіпкерлік саласына тоқталды.

– Бүгінде қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 857-ге жетіп, өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 21 пайызға артты. 2024 жылы бөлшек сауда көлемі 6,8 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 27,2 пайызға ұлғайды. Жаңа бөлшек сауда желілерінің қызметі тұрақты өсуде. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 45,2 миллиард теңгені құрады, бұл көрсеткіш облыс бойынша үшінші орында. Қалаға тартылған инвестицияның 90 пайыздан астамы тұрғын үй құрылысына бағытталуда, – деді  әкімнің орынбасары.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бағытына назар аударсақ, 2024 жылы 1159 адамға жалпы сомасы 36 миллион теңгеден астам қаржы әлеуметтік көмек ретінде төленіпті.

– Қаламызда 100 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Майдангерге былтыр 3 миллион теңге әлеуметтік көмек берілді, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай 5 миллион теңге қарастырамыз. Оған жаңа салынған тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер берілді, –дей келе, қала басшысының орынбасары мүгедек жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлеріне тоқталды. Оның сөзінше, 2024 жылдың ақпан айынан бастап Қосшы қаласы мен оған кіретін Тайтөбе ауылы бойынша 18 жастан асқан мүгедектерге және мүгедектігі бар балаларға арналған «Инватакси» қызметі жұмыс істеді. Бұл жұмыс биылда жалғаспақшы. Былтыр үйде тәрбиеленетін және оқитын мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз етуге 698 мың теңге бөлініпті.

Қаладағы Мансап орталығына өткен жылы  2 245 адам жұмыс іздеп келсе, олардың 1151-і жұмыссыз азаматтар ретінде тіркеліп, 907 адам жұмысқа орналастырылған, тұрақты жұмыс орнымен 793 адам қамтылған.

Денсаулық сақтау саласына келсек, қала тұрғындарына екі емхана медициналық қызмет түрлерін көрсетеді, баяндамашының айтуынша олар медициналық кадрлармен толық қамтылған. Қалада «Viamedis» компаниясының жеке инвестициялары есебінен көпбейінді жаңа облыстық аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба құны жалпы алғанда, 28 миллиард теңгеден асады. Оның 17 миллиард теңгесі құрылыс жұмыстарына, ал, қалғаны  аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Бұл жаңа емдеу мекемесінің базасында ауысымына 1 мың адам қабылдайтын емхана, сондай-ақ, хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және химиотерапия бөлімшелері болады деп жоспарланыпты.

– Қалада 8 орта мектеп жұмыс істейді, оның біреуі жеке меншік, сондай-ақ, 40 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Былтыр 1500 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылы 280 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталады, –деп Берген Жұмкей білім саласын дамыту бағытында жоспарланған жұмыстарды баяндады.

Қосшы қаласында мәдениет үйі, орталықтандырылған кітапхана жүйесі және Тайтөбе ауылында ауылдық клуб және ауылдық көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Даму бала» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қалада шығармашылық бағытта 2 528 бала баратын 14 мекеме қызмет көрсетуде.

– «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен қоғамдық мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталды. 2025 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеп жатқан кешенде өнер студиялары, фото, кескіндеме және дизайн, робототехника бөлмелері, жастарға арналған коворкинг алаңы, әмбебап спорт залы, сыртқы спорт алаңдары, кітапхана, дәрісхана, 2 көпфункционалды көрме алаңы, кинозал,  қысқы бақ, амфитеатр бар. Жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларынан креативті индустрияны қолдау, олардың өнімдерін ілгерлету мақсатында жұмыс істейтін орталық жасақталуда. Ол ғимарат қалалық мәдениет үйінің  балансына берілді. Жаңа ғимаратқа көшуге байланысты Мәдениет үйіне қосымша 57 штаттық бірлік берілді, жалпы мәдениет үйінің қызметкерлер саны 85 адамға өсті, – деді Б.Жұмкей.

Баяндамашы осыған дейін брифинг берген әкім орынбасарлары назар аудара қоймаған тіл саясаты бағытында да атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Көрнекі ақпарат пен сауатты жазылған жарнаманы жолға қою мақсатында «Қазақстан Республикасының тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдардың талаптары бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұратындығын, 2024 жылы көшедегі жарнамаларда тіл заңдылығының бұзылуы бойынша 70 өтініш түсіп, барлығы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгендігі айтылды. Сонымен бірге, Қосшы қаласы мен оның іргесіндегі Тайтөбе ауылындағы көшелерге атау беру  бойынша атқарылатын жұмыстар да белгілі болды. Қалада көптеген көшелерге әлі атау берілмеген. Қазір атау беру бойынша жүргізілетін жұмыстарға  мораторий жарияланғаны кедергі болып тұр.

Жалпы, брифинг барысында «кадрлар тапшылығы мәселесі қаншалықты өзекті?» деген сауал қойылып, әлеуметтік салада аса тапшылық байқалмайтындығы, бірақ, кейбір кәсіпорындарда жұмысшы мамандықтары бойынша 80-нен аса бос орын бары айтылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар