Кофеханада келген ой

Бір мезет

Қала көшесін бойлап келе жатып  арасында  кофеханаға кіретін әдетім бар. Шөлдеп, шаршағаннан емес. Әлдебір сағыныштан. Не сағыныш дейсіз ғой?.. Алыста, тым әріде қалған бұйығы, мамыражай, бейбіт әңгіме шертілетін керемет бір күйді, кең отырып шәй ішетін шақтарды сағынамын… Шоқ үстіндегі аққұманнан үнді шайының жұпар иісі аңқитын. Екі иінінен дем алып, ызылдап самауырын тұрар-ды. Түйенің қою сүтіне, молынан салынған, иісі бұрқыраған үнді шайы қона кететін… Жайланып, рахаттанып біраз ішкен соң, көңіл жайланып, қызық бір әңгімелер шертілетін. Әңгімеші, әрине, екінің бірі емес, көпті көрген, айтары бар адам. Ел-жұрт мойындаған «әңгімешіл адам». Самаурын қайта демделіп, аққұман астындағы шоқ жаңғыртылып, шәй еселене түседі. Сөйткен сайын әңгіме де жаңа өріс тауып, екпіндей береді. Терең, таңдай қақтырар, өзіңді жаңа бір сатыға көтеріп тастар әңгімелер, шіркін…

Міне, тағы кірдім. Кофе иісі аңқыған, баяу ғана шет елдік музыка ойнап тұрған шағын ғана кофехана іші мұнтаздай таза. Барлық мүлік қоңырқай және қара түсті. Тазалықтан жылт-жылт етеді. Бір қабырғасы түгел әйнек. Одан әрі жаяу жүргінші жолы. Жас, кәрі, үлкен, кіші… өтіп жатыр, өтіп жатыр. Әркім өз шаруасымен. Көбінің көзі қолындағы телефонда. Телефон – бүгінгі күннің әбігері. Ата-ананы баламен, баланы достарымен сөйлестірмей, ойнатпай, бөліп әкеткен телефон. Тіпті, балалардың тілін шығармай, өсу үрдісін тоқтатқан, салмағын кем қылған, кейбірінің төс сүйектерін өсіріп, қайқайтып жіберген де осы – телефон. Тигізіп жатқан қырсығы көп. Сонда да ешкімнің одан безер түрі жоқ. Қайта, «Бұрын телефонсыз қалай күн көргенбіз?» деп, қоштап  қояды…

Кофе шәй емес, көп іше алмайсың… Әлеуметтік желінің айтар ақылы көп. Соны тыңдаған жұрттың көпшілігі қазір шәй ішуді де қойған. Таңертең оразасын кофемен ашқанды жөн көреді. Тамақтан кейін де су,  шырын, әйтеуір сұйық бірдеңе ішіп салып, дастарханнан тұрып жүре береді. «Шәйді сүтпен ішкен денсаулыққа зиян екен» деп бірқатар адам қара шайға көшкен. Қара шәйді тағы көп іше алмайсың. Сонымен, дастархан басындағылар тез тарқап, айтыла бастаған әңгіменің берекеті кетіп, үзіліп қалады. Бұрын ас, тамақсыз, тек шәй ішуге әдейі отыратын. Әдебі, әкелер пайдасы көп еді…

Шәйді айтасыз-ау, бүгінде сағын сындырып, беделін түсіріп «бешмармақ»  атап  жүрген  еттің де мазасын алып, темекі тарту үшін дігірлеп, «тез, тез» деп ас үстінен ас қайырмай тұрып кететіндер көбейіп барады. Жақсы үрдіс емес.

Шәй үстінде маңдай жіпсіп, таңдай татып, жаймашуақ, көңілді  отырғанда анау-мұнау реніштер де зілсіз айтылып, арты әзіл-оспаққа ауысып кетер-ді. Реніш-өкпе тарап, ізі де қалмайтын. Қызық әңгіме одан әрі жалғасар-ды. Отырғандар бір-бірінің қадір-қасиетін, өзара ынтымақ, сыйластықтың қадірін бұрынғыдан да біле түсер-ді. Апырай, сол шәйдің үстінде көп мәселе шешіліп қалады екен-ау.

Әлеуметтік желідегі білгіштер, ғаламтордағы дәрігер мамандар кофені аш қарынға ішкен зиян, тек түске дейін іш, онда да екі-үш стақаннан артық ішуге болмайды, дейді. Аш күйіңде ішсең қарныңның бүрін кетіреді, түстен кейін ішсең түнде ұйқың қашады, тсс. Еуропалықтардың бірер стақан ғана кофе үстінде қалай көп шаруа шешіп тастайтынын қайдам. Олар бізге қарағанда алғыр, әбжіл ме екен? Әйтеуір, біздің мінез-құлыққа келіңкіремейді.

Әжелеріміз қақаған қыста, ызғырық жел, үскірік аязда мал жайлап, сырттағы бар шаруасын тындырып келіп, пеш түбінде отырып, алдымен бабы келген күрең шай ішуге кірісетін. Әбден қанып ішкен соң ғана құрыс-тырысы тарқап, шаршағаны басылып, суығы шығып, жайланар-ды. Тамаққа араға біраз уақыт салып барып отыратын.

Қысқасы, арқа-жарқа, кең отырып, шәй ішу дегеннің мәнісі бөлек еді. Адамдар қарым-қатынасында орны бөлек бір мәдениет болатын, десек, артық болар ма? Сол мәдениет ығысып, кейіндеп қалды. Құйылған қара суын шала-жансар қайнатар ток шәйнек шықты. Малдың қою сүтінен бездік. Иісі тәбетіңді ашар сапалы үнді шәйі де сатылмайды. Әр нәрсенің өтетін, кететін уақыты болғаны да.

Жалғыз өзім. Жабырқау қалпымнан серги алмай, үлкен терезеден көшеге қарап тұрмын. (Электр желісіне қонған қарға құсап қоқиып отыратын биік орындығына отырмағам. Әйтпесе, қазақ түрегеп тұрып тамақ ішпейді ғой.) Қаракүрең кофеден оқта-текте бір ұрттап қоямын. Көңілім ағылған көлік, телефондарына  үңілген адамдарды емес, кең жайлауды, киіз үй алдында түтіні тік ұшқан самаурынды, үшаяқтағы жайнаған шоқты, қақпағы бүлкілдеген бүйірлі аққұманды көреді. Үй ішіндегі жып-жылы, мейірімге толы бәтуәлі әңгіме қаңғыр-күңгір құлағыма  келеді.

Бәрі де, шәй де, әңгімешіл адам да, әңгіме де тым кейіндеп қалғандай. Оны қалай қайтарарсың. Кофеханада келген ой төркіні осы. Мынау кофені сол күндерді сағынған соң ішемін-ау, шамасы…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар