Көкшетауда «Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен «Жұмысшы мамандықтары жылы» жаңа мүмкіндіктерді ашу» атты жастар форумы өтті. Екі күнге созылған ауқымды шарада көрмелер, пікірталастар, кәсіби тренингтер өткізіліп, өндірістік компаниялар өкілдерімен сессиялар ұйымдастырылды.
Жастар форумының ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Санжар Тәтібеков және Социалистік Еңбек Ері, бір кездегі атақты диқан Есілбай Қадырәлин, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ұстаздар мен жастар қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форумға қатысуға алдын ала барлығы бес жүзге жуық адам тіркелген. Өңірдің 29 колледжі беретін мамандықтар мен 44-ке жуық жетекші компаниялардың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік беретін бұл айтулы шара жастардың өзара диалог алаңына айналды.
Шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов бүгінгі таңда Ақмола жастар командаларының қоржынында республикалық, халықаралық колледждеріндегі жарыстардан жеңіп алған 35 алтын, 21 күміс және 30 қола медаль, сондай-ақ, 57 «Кемелдік медальоны» бар екендігін атап өтті. Үздік студенттердің бұл жетістіктерінің барлығы WorldSkills кәсіби шеберлік байқауында олжаланған.
–Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл шешім елдің дамуы мен оның экономикалық әлеуетін нығайтуда жұмысшылардың маңызды рөлін көрсетеді. Біз тек кездесулер өткізіп қана қоймай, нақты шаралар қабылдауымыз керек. Бүгінде облыста 20 мыңнан астам студент кәсіби білім алуда. Бұл оларға оқу барысында-ақ, жұмысқа орналасуға мүмкіндік берсе, жұмыс берушілер үшін болашақ мамандарды өз кәсіпорындарына дайындауға жағдай жасайды. Құрметті жастар, бүгінде көптеген жұмысшы мамандықтары жоғары технологиялық сипатқа ие, олар техника, технология, тіпті бағдарламалау саласында да терең білімді талап етеді. Бұл мамандықтар барған сайын күрделене түсуде және сіздердің де қызығушылықтарыңызды арттыра бастады, – деді Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Ақмола облысы агроөнеркәсіптік секторда, құрылыс, металлургия және туризм салаларында жетекші орындарға ие. Өңірдегі 800-ден астам өнеркәсіп орны өңір тұрғындары үшін мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту экономика үшін маңызды рөл атқарады, ал, жас мамандарды даярлап, олардың жұмысқа тұруына жағдай жасап, бағыт-бағдар беру жұмысшы мамандықтарының санын арттыра түсуге мүмкіндік береді. Сондықтан, жұмысшы мамандықтарының әлеуетін арттыруды, беделін көтере түсуді көздейтін бұл форумның да нәтижесі мол болмақ. Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беру үдерісін жақсартып, жұмысшы мамандықтарын оқытуға жаңа тәсіл енгізу үшін форум аясында түрлі өнеркәсіптер мен серіктес компаниялардың өкілдерімен кездесіп, тәжірбие бөлісуге де үлкен мүмкіндік туып отыр.
– Біздегі оқу орындары ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс, туризм сияқты өзге де жетекші салаларды қамтитын жаңа технологияларға негізделген бағдарлама арқылы 100-ден астам мамандық бойынша білім береді. Қазіргі уақытта өңірдегі колледждер мен өңірдегі өнеркәсіп компаниялары бірлесіп, оқыту бағдарламаларын әзірлеп, өзара серіктесе жұмыс істеуде. Бұл жас маманның жұмысқа тұру кезінде өз тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді Валерий Гамазов форум алаңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында.
Осы ретте, ерекше ескерілетін бір жәйт, бүгінде өңірдегі 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен индустриялық кеңестер жұмыс істейді. Бұл жұмысшы кадрларды даярлап, оқу бітірген түлектердің тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, аталмыш форумда өңірдегі кадрларға қажеттілік бойынша Ақмола облысының жаңа мамандықтар мен құзыреттерін көрсететін Атлас картасы таныстырылды. Бұл картада сұранысқа ие мамандықтар егжей-тегжейлі айтылғандықтан, жас маман мұны өзіне әдістеме ретінде пайдалана алады. Форум аясында әзірленген картаның мән-мағынасын облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева айтып берді.
– Бұл жинақта сұранысқа ие трансформацияланатын және жойылып бара жатқан мамандықтар ұсынылған. Олар өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Бұл Атлас картасы білім беру процесін әрі қарай жоспарлаудың және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналмақ, – деді Айнагүл Балташева журналистерге берген сұхбатында.
Форумның ашылу салтанатынан соң, облыс әкімі бастаған жетекші топ интерактивті көрменің жұмысымен танысып, оқытушылар мен студенттердің жұмысына оң баға берді. Бұл көрмеде өңірдің 10-нан астам жетекші колледжі мамандықтарының жұмысы ұсынылып, онда IT және робототехникадан бастап, кондитерлік іс, ветеринария және маркшейдерлікке дейінгі сұранысқа ие мамандықтарды оқыту технологиялары мен процестері және тәжірибелері көрсетілген.
Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжінің 3-курс студенті Жандос Хавалхан көрме қатысушыларына оқу орнынан әкелінген көп функциялы дронды, навиготор-модульді, 3Д басып шығару аппаратын, лазерлік бұрау, орнату қондырғыларын таныстырды.
– Мен осы колледжде «ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алудамын. Аграрлық аймағымыз үшін менің мамандығым сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені сөзсіз. Мен оқуымды бітірген соң жұмыссыз қаламын деп ойламаймын, сондықтан, өзім сияқты қатарластарымды, мектеп түлектерін осы колледжге оқуға шақырамын, – деді ол.
Ал, ветеринария және биотехнология жоғары колледжінің 4-курс студенті Өскен Жарқынбек болса, жастайынан жан-жануарларға жақын болып өскенін айтады. Колледж ұжымы көрмеге арнайы ұстайтын торларға салып тотықұс, бөдене, ит, қоян сияқты тіршілік иелерін жеткізіпті. Жарқынбек олардың әрқайсысына тоқталып, қалыпты тіршілігіне қатысты қызықты ақпараттарды айтып өтті.
– Біздің колледжімізде жан-жануарлардың денсаулығын қадағалайтын шағын клиника ашылған. Біз сол жерде алған білімімізді тәжірибе жүзінде сынап көреміз. Менің мамандығым өзім үшін қызық әрі пайдалы. Адам баласынан басқа жер бетіндегі өзге де тіршілік иелерінің денсаулығын қадағалау, ем тағайындау, оларға арналған дәрілік препараттар туралы оқып-үйрену менің өз қалауым,–дейді Жарқынбек біздің газетімізге берген арнайы сұхбатында.
Сонымен қатар, форумға колледж оқытушылары да қатысып, мектеп түлектерін оқуға шақыруға бағытталған жобалар туралы айтып өтті. Бұл форум жастарды колледж қабырғасындағы әртүрлі мамандықтарға қызығушылығын арттырып, оларды оқуға тартуға талпыныс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің оқытушысы Нартай Ибраев аталмыш көрмеге оқу орны оқытушылары мен студенттерінің бірлесіп жасаған жобалары туралы айтып берді.
– Көрмеге ІТ мамандарын даярлауға бағытталған технологиялар, автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуге арналған виртуалды көзәйнек, аграрлық бағыттағы ұжымдық бірлескен жобалар қойылды,–деді Нартай Ибраев сұхбаттасу кезінде.
Форумға қатысушы жастар шараның екінші бөлігінде жұмыс кезінде қолданатын жаңа технология құралдарын пайдалануды тәжірибе жүзінде сынап көрді. Мәселен, өндірістік оқыту шебері Естай Қасым жастарға автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша виар зертханасының көзәйнегі арқылы автокөліктік жүйені қалай бақылауға болатынын көрсетіп берді.
Содан соң форумға қатысушылар колледж студенттерінің қолынан шыққан киім үлгілерін көрсететін дефилені тамашалады. Түрлі маман иелерінің жұмыс кезінде киетін киімдерінің асқан шеберлікпен тігілгеніне, сапасына назар аударған қатысушылар олардың алдағы жұмыстарының табысты болуына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ, форумның екінші бөлігі түстен кейін өңірдегі өндіріс орындарының басшылары қатысқан форсайт сессияға ұласты. Сессияда әлеуметтік серіктестер өздерінің табысты еңбек жолдары туралы ой бөлісіп, жастарға жұмысшы мамандықтары туралы мол мәлімет берді. Республикалық орман селекциясы және тұқым шаруашылығы орталығы филиалының жетекшісі Олжас Данияров Цифрландыру дәуіріндегі жұмысшы мамандықтарының сын қатерлері мен перспективаларын талқылау барысында жұмысшы мамандарының жолында кездесетін қиындықтар мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар жөнінде айтып өтті.
Ал, «кәсіби білім беру нарық қажеттілігіне қалай бейімделе алады?» дейтін тақырып төңірегінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамының жетекшісі Сергей Кистин жас мамандарды дайындау бағдарламаларының тиімді тәсілдерін қолданудың маңыздылығын алға тартты. Көкшетаудағы «Акай» сән үйінің директоры Ғалия Алдабергенова болса, жастарға өзінің табысты еңбек жолы туралы айтып берді.
– Жұмысшы мамандықтары санатына қолына ине-жіп ұстаған менің барша тігінші әріптестерімнің де жұмысы жатады. Тігіншілік өнері ғасырлар бойы бабаларымызбен бірге өшпей келе жатқан кәсіптің түрі. Бұл кәсіп бүгінде заман үдерісіне сай жаңарып, жаңа технологиялармен жабдықталып, жұмыс жеңілдеп, қарыштап дамып жатқан сала болып саналады. Сондықтан, жастар, сіздер, бұл мамандықты өздеріңізге серік етіңіздер, бұл арқылы зор табысқа жетуге болады. Ол үшін, оқу керек, іздену керек, – деді Ғалия Алдабергенова.
Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағалы бері өңірде жұмысшылардың әлеуетін көтеруге бағытталған іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл аталған форум да Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға арналған Ақмола жерінде өткізілген ауқымды шаралардың бірі. Оның жемісі мен нәтижесін көру жастардың өз талабы мен қабілетіне байланысты. Форумның мақсаты да жас талапкерге жол сілтеп, жұмысшы мамандығын алып шығуына апаратын жарқын жолды көрсету болып табылады. Осы мақсатта мектеп оқушылары мен колледж студенттері екі күн бойы түрлі мамандықтар бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, форсайт-сессияларында да өздерін сынап көрді. Өңірдің жетекші сарапшылары мен әртүрлі салалардың өкілдерінен құралған спикерлер өз тәжірибелерін ортаға салды. Мұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.