Сəкен сері – Сəкен суреткер

Қаламгер қасиеті

СЕРІК НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби    сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор

 Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісов (1934-2006) ұлттық проза мен драматургияға сүбелі үлес қосқан дәуір суреткері. Оның өрі-қыры бірдей ғажайып болмысындағы табиғи ділмарлықты, сал-серілікті, әншілікті, күйшілікті, суретшілікті, майталмандықты жоғары бағалаған «алыптар тобының» айтулысы Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» атаған-ды.

Ол «Ақан сері» атты дәуірнамалық, полифониялық дилогия, «Жапандағы жалғыз үй» романы, «Заманай мен Аманай» және «Аш қасқырлар қамаған қызыл керуен» дейтін классикалық шығармалар туындатты.

Сахна тілінің саңлағы ұлтты драматургияның жанрлық түрлерін (трагедиялық, сатиралық, комедиялық, тарихилық) шеберлікпен байытты. Бұларда хан дәуірі, ұлт трагедиясы, ел өмірі, тың тақырыбы суреттелді. Мәселен, «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд» (1981), «Сабалақ Абылай – Хан Абылай» және т.с.с.

Отаншылдық рухы, гуманистік көзқарасы мейлінше төтенше от жүректі, орақ тілді, уыз тілекті суреткер Сәкеннің жүйелі, киелі, текті тарихи көсем сөздері руханият кеңістігінде сәулеленіп дүр шашпақ. «Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды» дейтін ескі сөзге жүгінсек, Сәкен серінің жазушылық еңбегі аспандай көнермейді, көктемдей қартаймайды.

 Әуезовтің аспиранты

 Әуезовтің ұстаздық шеберлігі, даналық келбеті, интеллектуалдық-шығармашылық мәдениеті, тәлімгерлігі, еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастырудағы ұсталығы, тапқырлығы мен ұқыптылығы, сөз саптау, ой толғау өнері, ақыл көзіменен барлағанда, өзгеше бір ғибрат мектебі.

Ол аудитория табалдырығынан аттап ішке енгенде ақылдың толған кемесі жүзіп келгендей я болмаса сахарада бейне бір тау көшкендей әсерге бөлейді екен-ау!

Киген киімі де жарасымды. Екі қолын қанатын жазған қаздай алға созып, өткен жолғы дәрістің қай тұста тоқтағанын ешкімнен сұрамай-ақ, ешкімді тексермей-ақ лекциясын мейірленіп, әу басында кібіртіктеп, сәлден соң қанаттанып, қуатты ой толқындарын, мағыналы пікірлерін, ұлы идеяларын төгілтіп-түйдектетіп, тыңдаушыларының жан сарайын, жүрегін, көңілін рухани-ұлттық құндылықтармен байытады.

Анығында, көрегендік пен көсемдіктің рәмізі Әуезовтің лекциясын іңкәрлікпен болмысына қабылдаған алғыр, ойшыл жас «Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан» болмасқа лажың жоқ сияқты. «Ата-анасы, айналасы, замандасы қылған іс, тәлім берер, соған ерер» деп, Шәкәрім айтқандай, Сәкен Нұрмақұлының ата-анасы да ұстаз еді. Нұрмақтың өзі Мағжан Жұмабаевтың дәрісін тыңдаған, өнегесін көрген, болмысына сіңіріп әсерленген. Жас жайнақ Сәкен Әуезовтің тарихи-мәдени ортасы өзгеше тағылымын, қасиет-өсиетін, үлгісін, романшылық өнерін, суреткерлік қолтаңбасын көңіліне тоқыды. Ол Әуезов жайындағы өзіндік көзқарасын, байламдарын  тарихы терең құндылықтарын былайша өрбітеді:

«Мұхаңның бір ғажабы – уәделі уақытын, келіскен мәселесін қағазға түрткенін көргем жоқ, қалайша сол кездегі бір жұма бойы баратын жерлерін, тындыратын шым-шытырық шаруаларын, Академиядағы, университеттегі, қоғамдық орындардағы ғылыми кеңестер, лекциялар, баяндамалар, таңның атысы, күннің батысы тынымсыз жүрумен ғана бітетін уақыт кестесін күніне, сағатына, минутына дейін қалайша басында сақтай беретініне» қайран қалатынмын деп жазады.

Шындығында, Әуезов өзінің стенографистикасы Данабике Байқадамоваға: «Менің уақыт кестемде әскери тәртіп бар, соны ескеріңіз» дейді екен.

1992 жылы 13 маусымда Көкшетау қаласында Хан Кененің 190 жылдығы аталғанда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған-ды. Конференцияда академик Манаш Қозыбаев, профессор Тұрсынбек Кәкішев, ақын Ғафу Қайырбеков сөйледі.

Жиналған жұртшылық сағынғаннан Хан Кене туралы не айтады екен деп ғаламат ықылас танытты. Сонда ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы әдетінше қан сорпасы шығып, жалындап сөйледі. Сонда бар зейінімен тыңдап отырған Сәкен сері маған жалт бұрылып:

– Тұрсекең, өмір-бақи лекция оқып келе жатыр. Бірақ олпы-солпысы бар-ау – деді.

Менің көзқарасым бойынша, Тұрсекең дос сүйінерлік сөз айтты. Негізінде, Сәкен сері Әуезовтің ілім-білімімен, шешендігімен, тереңдігімен, білгірлігімен салыстырды-ау деп ішімнен дереу ой түйдім. Асылы, Әуезов Қап тауындай қазыналы, бұланайдай асқақ тұлға ғой.

Жас науша Сәкен академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің ықылас танытуымен 1958 жылдың 15 қазанында (Бұйрық №1252) аспирантураға қабылданған соң, іштегі шер-шеменін мұғалімдіктен қалай шеттетілгенін, «Пионер» журналынан қалай аластатылғанын, үндеместердің қыр соңынан қалмай жүргенін Мұхаңа жіпке тізгендей етіп жеткізеді. Сондағы Мұхаңның ақылы: «Бары сол ма, ол – қылмыс емес. Бірақ, есіңде болсын, шындық үшін шырылдап, жаның жай таппай жүрген жалғыз сен емессің, біз де түрмесіне отырып шыққанбыз» – деп, Ахмет Байтұрсыновтан бастап біраз әңгіме айтты (маған сенгеніне таң қаламын).

– Сен әлі жассың, атың да белгісіз, сенің сөзің – айға шапқан арыстанның әрекетімен бірдей. Ел қамы үшін сөйлеуге – үлкен еңбек иесі, атақты адам болуың керек, сонда ғана сөзің өтеді. Онда үкімет басында кім отырады?.. Қайтесің, Толстой да көп нәрсеге көнген, біз де көніп жүрміз, сен алдымен адам болып алсайшы!».

Жаратылыс жомарттықпен жаратқан әз халқының Қыдыр атасы Әуезов үйренушілеріне ізгілік, даналық, жақсылық қазынасының есігін ашқан, сәулесін шашқан. Әуезовтің тектілігін, затының ұлықтығын, қасиетті рухының, биік ой-парасатының мәнісін, сырын қыран көрегендікпен қабылдаған сұңғыла Сәкен сері: «Сол көргендерімнің бірі, ес кіріп, ақыл тоқтата бастағандағы көргенімнің ең маңыздысы – Мұхтар Әуезовтің тәлім-тәрбиесі. Үш жыл аспиранты болып, «Қазақ әңгіме жанрының туу және даму мәселелері» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация жазып, әлденеше мәрте жүздесіп, кеңесіп, сөйтіп, тәрбиелі түзу жолға түсуіме септігін тигізсе, көшбасшылық, бастамашылық танытса, көктем шуағындай шапағат нұрын шашса, сенің көргенділігіңнің де ұлы есебі түгенделді дей бер» деп толғанады.

Тәлімгер ұстаз Әуезов болмысында әділдік, мейірім, әдептілік, кісі танығыштық қасиеттер, адамгершілік ұстанымдар, пайдалы кеңестер жеткілікті. Әуезов замананың жөнсіз қайшылықтарын, жүгенсіз бассыздықтарын, ақылға сыймайтын көзсіздіктерін, құбыжықтарын көрген, солардың барлығын қаһармандықпен жеңген, мұратына жеткен қайсар қайраткер. Соның бір мысалы – 1959 жылы КСРО-ның Лениндік сыйлығының лауреаты атануы.

«Ертеңгі сағат алтыдан, март айының 22-23 күндері звондап – деп жазады ұлы суреткердің стенографистикасы Данабике Байқадамова – Келіп кетіңізші, түнімен ұйықтағам жоқ»… «Тісіңізден шығармаңыз!.. Түнде телефон соқты Москвадан комиссия қарап, менің романыма лауреаттық беретін болыпты… Партияның… «саған ешкімнің қолы батпайды» деген гарантиясы.  Түрменің темір қақпасы мәңгі жабылды деген осы! – деп, көзіне жас алыпты. (Байқадамова Данабике. Мен білетін Әуезов. – Алматы: «Өлке», 2006. 113-114 беттер).

Қазақтың көркем сөз өнерінің ту ұстаушысы, даналық дариясы М.Әуезов ту бие сойып, ұлы дастархан жайып, Ұлы Даланың академиясындай Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлкей Марғұлан, Сәрсен Аманжолов, Қажым Жұмалиев, Бейсембай Кенжебаев, Ісмет Кеңесбаев және т.с.с. Алатаудай ардақты асылдарды жинап той жасапты.

Тілеуқор нөпір құттықтаушылардың ішінен де кете бастағанда Мұхаңның көзі қайдан шалып қалғаны:

– Сәкен, қайда барасың. Сен қал. Сен – менің аспирантымсың, – деген соң, амалсыз бөгеле бердім.

Тойды, келісіп қойған ба, Жүсіпбек Елебеков өлеңмен ашты: «Сегіз аяқты» аса бір шабытпен, бұрынғы айтыстарынан да ерекше құбылта, жігерлене орындады. Бұдан кейінгі құттықтау тост, бәрінің үлкені ме екен, әлде Мұхаңның ең жақсы көретін сыпайы жерлесі, ел ақсақалы Сапарғали Бегалинге тиді.

Енді аспирант Сәкеннің әсерлерін толық тыңдайық:

– Той ортасында мен үшін бір қызық инцидент эпизод болды. Үстелдің екінші жақ басында той рәсімімен асаба (тамада) ретінде жүргізіп отырған Мұхаң, есік жақтағы мені шақырып алып, «әрі қарай сен жүргіз» деп, өзінің орнын берді. Мен қарсылық жасай алмадым. Басқалар да қарсылық жасамады. Тек Жұбанов қана иегін созыңқырап:

– Мұха-ау, оныңыз не, орныңызды балаға бергеніңіз, – деді, менің орныма босаға жаққа барған той иесіне.

Мұха, орныңызға келіңізші, төрде өзіңіз отырыңызшы! – деп, маған жақтырмай қарап еді, шын жыласа соқыр көзден жас шығады:

– Мұхаң қай жерде отырса, сол жер төр емес пе! – деп қалдым. Бүгіндік тауып сөйлеген сөзім. Маңымыздағылар ду етіп қолпаштап, қол соғып, қошаметтеп кетті.

Той дастарханында елдің сөзін сөйлейтін серкелер лала лебіздерін, асыл тілектерін Ұлылықтың піріне телегей теңіздей толқындатты. Қайталанбас қасиетті дастархан үстінде Мұхаң Сәкенге «Өзің де сөйлесеңші!» дегенде, Абай операсын орындаған. Сол мезетте Мұхаң: «Бұл – менің аспирантым» деп, бетімнен сүйді, опера авторы Жұбанов та сол жақ бетімнен сүйіп жатыр» деп, жалпақ даланың жампозы, шешен сөздің дарабозы, сан алуан өнердің тарланбозы еске түсіреді.

Әуезов мектебі – тағлимат мектебі, шеберлік ұстаханасы. Осы бір ұлы мектеп қабырғасынан тұйғындай түлеген Сәкен сері де ұстазының жолында жүріп, суреткерлік сырларына, ой бақшасына үңіліп, рухына қызмет атқарып жүргенін былайша еске түсіреді: Академиялық драма театрында Мұхаң қызмет атқарған әдебиет бөлімін басқардым, Қостанай педагогикалық институтында «Мухтароведение» деген факультативтік курс ашып (Қазақстанда бірінші) қырық сағат лекция оқыдым, кейін Алматы Театр институтында тоқсан сағаттық лекциямда оны толықтыра өткіздім. Мұхаң өмірінен «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьеса жаздым (қазір Академиялық драма театрында жүріп жатыр). Бәрінен де, ұстаздық жетекшілігін ешкімге ауыстырмай (Ысмайылов, Нұртазин жетекші болуға ниет білдірсе де), жартысынан көбі дайын диссертацияны қорғамай, Мұхаңның: «Менің аспирантым, менің аспирантым!» деп, айтқан сөзін сақтап қалдым.

Студент Сәкен Әуезовтің Абайтану бойынша оқыған лекцияларының конспектісін 1996 жылы жариялады. Бұл да ұстазға деген ілтипат!

Сәкен серінің мақсаткерлігінің, ілім-білімінің, көзқарасының, дүние тану даралығының, сөз өнеріне деген талғамының жетілу тарихында Әуезовтің суреткерлік шеберлік пен шешендік мектебінің тағылымы ұшан-теңіз. Бұл – Сәкеннің шығармашылық жолындағы игіліктерінің іргетасы іспетті.

  1. «Ұлт бақыты – тілі мен жерінің амандығы»

Қазақ халқында «жерің тозбасын, елің азбасын», «жерді көгертсең, жер де сені көгертеді» дейтін қағидат бар. Жер-Ана – құтың, қымбатың, асыраушың.

1722 жылы Бірінші Петр патша «Қазақ даласы бүкіл Азия елдеріне апаратын кілт пен есік екен» депті. Қазақстан территориясы 271 миллион шаршы шақырымды құрайды. Осынау апайтөс аймақтың 77 % шөл және шөлейт болса, жайылымдық жердің 40% тозған.

1999 жылдың 8-інші шілдесінде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Жер – киелі құндақ, алтын бесік» деген тақырыпта ұйымдастырылған жиынды одақ басшысы қайраткер Нұрлан Оразалин ашып, сонан соң «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов, Сафуан Шаймерденов, Қалтай Мұхамеджанов, Қалмұқан Исабаев, Сапабек Әсіпов, Серік Қирабаев, Мұхтар Мағауин жер тағдыры – ел тағдыры, тәуелсіздік тұғыры жайында тұрлаулы ой-тұжырымдарын ортаға салады.

Солардың ішінде стратегиялық, патриоттық кесек, қуатты ойларымен дауылпаздай шарықтап Сәкен Жүнісов «Жерді жаратқан Парламент емес, жерді сататын да Парламент емес!» дейтін тақырыпта тарихи сөз сөйлегені елдің есінде. Әрбір нәрсенің түпкі негізін, себебін жүйрік білетін көсемсөзші:

«Қазақ халқының өзін тең ұстап, тәуелсіз, дербес ел болып отыруының екі түрлі негізгі белгісі – дәлелі бар. Ол – қазақ халқының өзіндік меншікті ана тілі мен өзінің ғасырлар бойы ұстап, ұқсатып, қорғап келген ата мекені – меншікті жері.

Осы екеуін қорғау жолында қазақ қазақ болғалы, халық санатына қосылғалы алысып-жұлысып, бір жығылып, бір тұрып-ақ келеді. Әйтеуір өлмей келеді – өліспей беріспей келеді. Өлмегені – беріспегені. Беріспегені – өлмегені.

Жаңа ғана дербестігімізді алып, тәуелсіз ел болдық па, болмадық па деп отырғанда, Парламентіміздің жерді саудаға салмақшы болып отырғанына жол болсын! Бұл не сұмдық? Бұл не ойсыздық, бұл не асығыстық, бұл не көзсіздік, бұл не бассыздық? Мүмкін, біз, ара халық сөз жетесіне жете қоймай, асығыс тызалақтайтын шығармыз? Ендеше, алдымен біздің сөз саптауымыздың (термин) басын ашып алайықшы. «Жерді сату» ма, «жалға» беру ме? Сөз төркінін қарапайым мысалмен түсініп алсақ, оның мағына-мазмұнының да өз-өзінен ашылары хақ: Мен біреудің атын сатып алсам, ол менің меншігіме айналады. Оны сойып жеуге де, күтімсіз ұстап, аяусыз мініп, зорықтырып, не қараөкпе етіп өлтірсем де, не екінші біреуге мүлдем сатып жіберсем де – ол менің еркім, меншікті дүниені не істеуге де хақым бар. Ал, егер, әлгі атты мен уақытша пайдалануға алсам, яғни, малдануға емес, жалға алсам (бір жылға ма, бес жылға ма), мен оның иесімен келісіп аттың жалының ақысын, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда жалақысын төлеймін. Атты мертіктіріп алсам, не өлтіріп алсам – оған келісіммен тағы да үстеме құнын төлеймін. Өйткені, ол мал менің меншікті дүнием емес, иесінің меншікті дүниесі.

Ал, жер сатылғаннан кейін, ол жерге әлгі сатып алған атқа өз қамытын біржола кигізетін, не мүлдем көзін жоятын иелер табылатынында шәк жоқ. Сауда сақал сипағанша.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын, Көкшетау жерінде арендаға жер бөлінгенде, бір орыс ақсақалының қарамағына жалға берілген жер көлемінің ішіне бір көл кіріп кетіпті. Содан күзгі күндері көлдің қаптаған құсын атуға, балығын аулауға рұқсат қағаздарымен келген адамдарды бір табан жақындатпай, әлгі көл «иесі» мылтықпен күні-түні аңдып, тіпті елдің жайылымдағы малын су ішуге аттатпай қойыпты. Бұл анекдот емес. Шындық. Ал, ертең сол ақсақал жерді мүлдем сатып алса, не болмақ?

Солтүстік Қазақстанның бүгінгі күні «Орталық Қазақстан» деп жүрген географиялық картадағы шұрайлы жеріміздің егінші халқының 80 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Жерді иеленіп алған соң, ұлы империялық түсініктегі, ұлы державалық мемлекеттің өкілі сенің тіліңді, сенің заңың мен тәуелсіздігіңді қайтсін». Міне, қаны сорғалаған шындықты айтып отыр. Ол қазақ жері Патшалық Россия тұсында «халықтар қақпасы» болғанын, «жосылған жолға» айналғанын және тың игеру жылдарындағы сойқандарды да көзімен көрді.

«Жалға алса, амалсыз бірігіп, қосыла еңбек етер, ал жеке меншікке ала қалса (қаражаты барлар), маңына жуытар ма кедей-кепшікті. «Жаман атқа жал бітсе жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе жанына қоныс қондырмас» дейтін ежелгі мақал неден шыққан дейсіз…» деп, «қашқан-пысқандардан төнетін» қауіп-қатерден сақтандырады. Ұлы қолбасшы Күлтегіннің: «Бір кісі алданып жаңылса, иелігіндегі халқына бесігіне дейін кесірі тиер еді» дейтін ғибратын ескергендей, қыран мінезді, от екпінді, ұшқыр ойлы ел күйінгенде күйінген, атанның жүгін арқалаған саңлақ Сәкен серінің «мемлекеттік тілімізге, салт-санамызға, айта берсек қазақтығымызға өз ішіміздегі басқа ұлт өкілдерін икемдей алмай жатып, жеке ел екенімізді толық мойындата алмай жатып, ұлтымыздың, елдігіміздің, қазақтығымыздың екінші белгісі – жерімізді саудаға салып, Жер-анамызды қадірлейтінге де, қадірлемейтінге де теліп, емірене еметін емшегін көрінгеннің иелігіне беріп, сүлікше сорғызып қоямыз ба? Ананың тілін, атаның мекенін қорғау – ұлтыңды қорғау емес пе еді» – деген ғақлиялық, идеялық мазмұнға бай сөздері қандай көкейкесті («Қазақ әдебиеті» газеті, 1999 жыл, 16 шілде).

Суреткер Сәкен Жүнісов Ақан сері өмір сүрген заманның әлеуметтік, саяси-қоғамдық, экономикалық жағдайын салиқалылықпен саралаған. Ол тарихи әдебиеттегі тарихи шовинистік пиғылдағы жазбаларда «Мұнда келіңдер, бұл ара қауіпсіз, ешкім салық салмайды, бұл араның суы бал татыған ақ су»; «покорение края русскими», «завоевание и колонизация края русскими» дейтін фразаларды орынды пайдаланады. Петербург университетінде В.И.Лениннің ағасы Александр Ульяновпен курстас Мәмбетәлі Сердалин (1875-1914): «Менің өзім туып-өскен далама деген махаббатымда шек жоқ, егер сол даламның шаңын шығаратын, құртатын келеңсіз жағдайларды көре қалсам-ақ жүрегім езіліп кете жаздайды… Ғасырлар бойы қалыптасқан дала тіршілігіне нұқсан келтірмесеңіздер екен, менің мал баққан қазақтарымның орыс халқына қосылған күнін үнемі қадірлеп өтуіне мүмкіндік берсеңіздер екен».

1963 жылғы есеп бойынша Тың өлкесіне алғашқы он жыл ішінде ғана бір миллион 600 адам келген екен.

  1. «Ел бақыты – ұлтының амандығы»

Президент сарайында ел зиялыларының алдында азуы алты қарыс ділмар Сәкен жер түбінен ойлап, қапияда төтенше тапқырлық танытып, жан-жүйесімен толғана, қопара, жандандыра сөйлеп, жамбыдай қымбатты отты ойларын былайша өрнектеді:

– Менің ел арасында жүріп, басқару орындарын байқаудан, жобалаудан шыққан қорытындым, өз басым, осы бір «Команда» дегенге қарсымын. (Мұны мен бұрынырақ кезде де айтқанмын). Себебі, командаға кірген адамдар сол команда басшысының отырған тағына телміре қарап, соның амандық-саулығын ғана тілеп, өзіндік мақсатын, болашағын ойлап, не істеп, не тындыруы керек екендігінен ада болып, мәңгүрттік қалыпқа түседі. Өйткені олар, қашан бастығы орнынан түскенше уақытша күн көретін достар, туысқандар екенін, бір күнде бастық орынынан түссе, өздерінің де орындарынан кететінін білетін адамдар. «Команда» сіздей адамға, – Елбасына ғана, ақылды, кемеңгер басшыға ғана лайық. Ертеде ханның қырық уәзірі болатын. Олар, ақылды, кемеңгер жандар, ханға ақыл қосып, кеңес беретін. Сонда қырық адамның ақылымен хан қызмет ететін. «Ханда қырық адамның ақылы бар» деген сөз содан шыққан. Ал, сіздің қырық уәзіріңіздің, а-ай, жиырмасының ақылы болса да жетер еді.  Міне, «команда» деген Елбасына, Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге ғана жарасады. Ал, командасына ие бола алмайтын адамдардың командасы, әшейін бір, кішкентай отряд боп қалмақшы.

Ал, енді мен жазушы болған соң, творчество адамдарына қатысты бір ойда жүрген мәселені айтпай кете алмаймын. Қазір ғой, біз елімізде опиум сатушыларды ұстап алып, шетінен түрмеге қамап, соттап жатырмыз. Дұрыс дейік. Ал, сырттан келетін опиумға ешбір қарекет жасап, қарсылық білдірмейміз. Ол опиум, біздің елдің наркомандарынан да жамандыққа баулитын рухани опиум. Ол дегеніміз сырттан – шет елдерден қаптап келіп жатқан, күнде балаларымызды, жасөспіріміздерімізді улап жатқан парнографиялық әдебиет, жалған эротизмді, жезөкшелікті уағыздайтын, жанжал, төбелеске бейімдейтін киноленталар, жазба таспалар. Біз бұлардың біріне тиым салмай еркін қоя бердік…

Шаршы топта тосыннан тапқырлықпен шалқыта-толқыта сөйлеу – Сәкен серінің машық-дағдысы.

  1. «Тілі мен жері азса – ұлттың бақытсыздығы»

 Ұлттық-рухани тамырымыз ана тілін ардақтау (қорғау, сақтау, жан-діліңмен насихаттап, шеберлікпен қолдану, жетілдіру), тіл мәдениетінің (ойлау, сөйлеу, жазу өнерін меңгеру) деңгейін жоғары ұстау – Сәкен Жүнісовтың басты ұстанымы.

Оның «Жапандағы жалғыз тіл» дейтін сұхбатында қазақ тілінің орасан байлығын, оның ұшан-теңіз астарлы мүмкіндіктерін, музыкалық құрылымын, стилистикасын пайымдайды. Қазақ тілінің дәрежесі қандай екендігін әңгімешіл Сәкеннің мынадай пікірінен тануға болады: «Мен өзім шығармаларымды орысшаға тәржімалаған Солоухинге оны мойындата алдым. «Қазақ тілі – бай тіл, орыс тілі – икемге көнгіш тіл», – дегенімде Солоухин мұны дәлелдеуімді өтінді. Мен: «Говор» деген сөзді орыстар «приговор», «отговор», «договор», «заговор» деп «приставка»-мен құбылта береді. Ал, қазақта осы сөздердің әрқайсысының өз алдына баламасы бар. Сонда қай тіл бай болғаны?» – дедім. Сонан соң мал шаруашылығына қатысты сөздерді салыстырдым. Алғаш, «Орыс тілі қалайша кедей?» – деп, шамданып қалған әріптесім кейіннен райынан қайтып, менімен келісті».

Халық тілінің қадір-қасиеттерін бар болмысыңмен, ынтызарлықпен түсініп, қабылдай білу, терең сезім, ұшқыр ой, сарабдалдықпен қолдана білу, пікіріңді ұғынықты жеткізе білу жайында: «Мәселе – тілдің қолданылуында. Біз бай тілімізді қолдана алмаймыз. Тілді жетімсіретіп, жүдетіп жүргеніміз жасырын емес. Тіл білу деген нәрсе – сөздің этимологиясын, қай жерден шыққанын, төркінін айыру емес… Мысалы, Даль секілді ғалымдар тілді кез-келген орыстан артық біледі, бірақ оны Пушкин мен Тургеневтей қолдана алмайды» – деп, тұжырым жасайды. Сонымен қатар, Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі, стиль, тәржіма хақында өрелі, пайдалы пікірлер өрбітеді.

1964 жылы жазылған «Жапандағы жалғыз үй» атты бірегей туындысы әлеуметтік, психологиялық, дәуірнамалық, философиялық, көркемдік, дүниетанымдық сипаттарымен, сан қырлы сырларымен ерекшеленеді. Тың игерудің түпкі мәнісін, саяси астарын (қазақтың жеріне, тіліне, дәстүріне жасаған жыланша иірілген жөн-жосықсыз зымияндығын) көркемдік-психологиялық тұрғыдан гөй-гөйлетіп сөйлетеді.

Ол Қостанай педагогика институтында оқытушы болып жүргенде Тың игерудің ұлтқа, жұртқа, жерге тигізген зауалдарына суреткерлік көзбен, тарихи әдебиеттегі деректермен қаруланып, буырқанған ұлттық сана-сезіммен яки жан барында жайнайын, тіл барында сайрайын дейтін тәуекелшілікпен кіріскендей. Оның үстіне өзі туып-өскен даласына келген келімсектердің ішінде ұры-қарылар, қаныпезерлер, безбүйректер, қаңғыбастар, бұзақылар, баскесерлер де аз емес-ті. Тек жиырма пайыздайы пайдалы еңбеккерлер еді.

«Жапандағы жалғыз үй» романындағы кейіпкерлер галереясына көз тастасақ: Қарасай, Күргерей (Григорий Матвеевич Федоров), Сұлу мұрт, совхоз директоры Федор Васильевич Моргун, өкіл Қосиманов, бас инженер Райхан Сұлтановна, Халел, Дика, Вася Дерягин, Тамара және т.с.с. Бұлардың әрқайсысы мінез-құлқымен, харекетімен, көзқарасымен ерекшеленген. Жазушының диалогтары да мағыналы да шебер, психологиялық иірімдері тұңғиық. (Мысалы, Қарасай мен Қапыштың, Малжан бай мен Күргерейдің диалогтары).

Немесе жер қайғысын, ел қасіретін толғау мақсатында «аппақ сұлу қайыңның» атынан шерлі шежіре шертіп өксуі. Әсіресе, «Сабалақ қопаның» бергі қырында атам заманнан бері қартайған жалғыз қайың болатын. Жергілікті халық мұны: «Киелі ағаш, пышақ тигізсең қан шығады, кескен адамның үрім-бұтағы құриды, өспейді», – деп аңыз ететін. Содан ба, әйтеуір жапан түздегі осы жалғыз ағаш қыз бетіндегі жалғыз меңдей жолаушыға нысана, белгі болып тұра беретін. Енді, міне, сол ағашты Дерягин құлатайын деп жатыр» дейтін сөзі сай-сүйегіңді сырқыратады, Әзірейіл кеп жаныңды суырып алғандай.

«Бүкіл ен дала қара жыртынды…» жермен-жексен етілген ата-бабалардың қорымдары, әйтеуір, қураған адамның сүйектерін Халел хал-қадерінше жинап, адамшылық қызмет жасауы әңгімеленген.

Сөз зергері: «Жерді  байыппен жыртып, мал жайылымдарына да көңіл бөлген дұрыс. Тың жер – ұшан-теңіз дария. Бірақ дарияны да үнемдемей, ысырап етсең, лайлайсың, сарқып аласың. Ен даланы көшеге дейін жырту… жұртты жалаң бидай көжеге қамау деген сөз» дейтін экологияға қатысты парасатты ой туындатады.

«Жапандағы жалғыз үй» – жаралы жердің, налалы елдің суреті, «көшкен жұртта иесіз қалған төңкерулі ескі қазан секілді». Қазақтың «ескі қыстау – елдің құты» дегені дұғадай дуалы сөз. Сәкенше айтсақ, көне жұрт, ескі көз – «Мәңгі бұқтырып қойған алып қазанға ұқсайды».

Иіні келгенде, кейіпкерлердің аузымен ақтар соғысы, кәмпеске, ашаршылық жайы да айтылады. «Сонымен, қане не болдық, Сонымен, қазақ, не болдық?!» деп, тұйыққа тірелген дәуірдің дауысын есіттіреді.

Біліктілігі де, білімділігі де, суреткерлігі де, талғамы да, танымы да, әмбебаптығы да жоғары дәрежелі қасиеттерге ие Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы поэзиялық сипаттамаларға, мінсіз суреттеулерге, тосын теңемелерге, көркем көріністерге бай. Әуезовтің даналық дәрістерін іңкәрлікпен болмысына сіңірген, романшылық өнерінде темірқазық етіп ұстанған ол мынадай философиялық ой-тұжырымдар жасайды: «Адамның екі көзі – бірде дос, бірде жау. Кең дүниені шырағдандай жарық етіп, алысты да, жақынды да көрсететін екі көз. Жиған-терген мүлкіңді алдыңа әкеп, енді соған тойымсыз ететін де сол екі көз. Көзсіз соқыр да тойымсыз бола ма екен? Әй, олардың да тойымсызы болар-ау. Сонда тойымсыз – көз емес, нәпсі болар. Иә, нәпсі. Нәпсіде қанағат жоқ. Қанағатсыз нәпсі – іштегі жегі құрт».

Көсем ойдың көшелісі, замана тамыршысы Сәкен Нұрмақұлы қазақ тілінің тазалығы мен байлығы – халық игілігі, мемлекет мерейі, ұлт қазынасы екендігін шегелеп айтады да тіл ұстарту, әдеби тіл мәселесін де зерделейді. Ол: «Қазақ тіліне тән қасиет – тұтастық», «Халықтың тарихы мен тілі егіз» дейді.

Ұлт тілінің (жазу тілінің, сөйлеу мәдениетінің) ұқыпсыздықпен қолданылуына, жауапкершіліктің жоғалғанына күйініп, «Басбұзарға сот бар, тіл бұзарға не сот бар?» деп түңіледі.

Тілдің өз қағидаты, өз тарихи жолы, өз тағдыры бар. Тілдің ереже-қисындарын қыран көрегендікпен, интеллектуалдық-интуитивтік таныммен қабылдаған қара сөздің құлжасы суреткер Сәкен мынадай тәмсілге жүгінеді:

Бір бас қосудан соң Ю.Цезарьдің қызметкері:

– Ұлы мәртебелім, сіз бір сөзді қате қолдандыңыз, оның мағынасы басқа еді ғой, – дегенде, Ю.Цезарь:

– Ол сөзді мен қалай қолдансам, ендігі жерде оның мағынасы да солай, – деп, тәкаппарланғанда, қызметкер оған:

– Жоқ, мәртебелім, сіздің билігіңіз мемлекетке жүрсе де, тілге билігіңіз жүрмейді, – деген екен.

Сонда тіл дегеніміз халықтың мыңжылдықтар бойы үздік әлеуметтік, философиялық, көркемдік тәжірибелерінен екшелген мінсіз мүлік.

Алғыр ақылмен, ұшқыр қиялмен, зерек зердемен, зейінді таныммен, ынталы көңілмен, өмір-тіршілік тәжірибелерімен табылған, дүниенің көл-көсір сырларын паш еткен, солардың нақты мысалындай, айнасындай ғақлияттарында қазақтың ұлы арманы да, тілі мен жеріне деген қайғысы да айшықталған.

  1. «Адамның жеке басының бақыты – он екі мүшесінің саулығы, бақытсыздығы – сол он екі мүшесін орынды пайдалана алмауы».
  2. «Ел бақыты – ұлтының амандығы.

Ұлт бақыты – тілі мен жерінің амандығы!»

  1. «Ұлты азса – елдің бақытсыздығы.

Тілі мен жері азса – ұлттың бақытсыздығы».

  1. «Бақытқа жету – мақсатқа жету.

Мақсатқа жету – арманға жету».

 

Қайран, дүр Сәкен, дүлдүл Сәкен! Қара ормандай сыңсып-ырғалған қалың елінің алақанына қондырған қазақтың серкесі, ұлт әдебиеті мен өнерінің алтын бұтағы, қоңыраулы бұйра нары еді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар