Ұлағат
Отбасы қоғамның мызғымас іргетасы, ұлттың тірегі. Ол жан баласы үшін ең жақын, ең ыстық мекен. Әуелден біздер отбасын бақыт мекеніне теңейміз. Жуырда осындай тақырыпта Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы жастарға отбасылық құндылықтарды сақтаудың мән-маңызы, шаңырақ шаттығын шырайландырудың жолдары хақында ой салатын, толғандыратын әсерлі де тағылымды кездесу өткізді.
Кім-кімге болсын отбасы жоғарыда атап өткеніміздей, сыйластықтың, жарастықтың орнаған шағын ортасы, жылы ұясы, кіші Отаны. «Отан отбасынан басталады» дегендей, еліңді, туған жеріңді сүю де осы шағын ғана қасиетті ортадан бастау алады. Себебі, ол бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Баланың адамгершілік қасиеттері отбасында қалыптасады. Сондықтан, туған үйдің жылуы адам баласының көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде сағынышқа толы тәтті сезіммен қалады.
Осындай отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасындағы әке мен ананың рөлін түсіндіру, жастардың ерте неке құруға деген көзқарастарын талдау мақсатында ұйымдастырылған кездесуге Ақмола облыстық аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина мен Көкшетау қаласының әкелер одағының төрағасы Алмасбек Бегжан қатысты. Олар жастар қауымына болашақ аналар мен әкелерге шаңырақ деген киелі орданы қастер тұту жолында қажет болатын салмақты да салиқалы ақылдарын айтып, өнегелі ұрпақ қалыптастыруға жол сілтеді. Кездесуді облыстық ішкі саясат басқармасының жастар және отбасы жөніндегі бөлімінің басшысы Айсұлу Мырзахметова алғысөзімен бастады.
– Қазақ халқы үшін отбасы қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Елімізде отбасы құндылықтарын дәріптейтін көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – дәстүрлі түрде жыл сайын республика шеңберінде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Өнегелі отбасылардың бұл байқауына 11 жыл ішінде облыс бойынша мыңнан астам отбасы қатысып, дүйім жұртшылыққа танылды. Аудандық, қалалық деңгейлерде 2024 жылы жүзден астам отбасы ат салысты. Олар өздерінің ұйымшылдық, өнегелік жұмыстарын көрсетіп, мәртебе биігіне көтерілді, – деп ол отбасы институтын дамыту мақсатында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
Біздің өңірде өнегелі әулетке айналған мерейлі отбасылардың қатары қалың. 10 бала тәрбиелеп жеткізген, бүгінде мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған Көңбай атаның отбасы былтыр осы байқаудың Ақмола облысы бойынша жеңімпазы болғанын жақсы білеміз. Бүгінде оның ұрпақтары сан салада еңбек етіп, елдің көркеюіне ат салысып жүр. Сол сияқты, қаншама көпбалалы, өнегелі, өнерлі отбасылар облысымыздың атын республика тұрмақ, сырт елдерге де танытуда. Облыста отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша бірқатар жұмыстар жолға қойылған.
Сонымен бірге, облыста былтыр Аналар күні, Әкелер күні және Қазақстандық отбасы күні аясында 50 мыңдай адам қатысқан бір мыңға жуық іс-шара өткізілді. Қазргі таңда құрамында 1 мыңнан астам адам бар 54 әкелер кеңесі мен 60 әкелер клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар, мыңдаған қыз-келіншектерді қамтитын 104 аналар кеңесі ұлт тәрбиесі жолында қызмет етуде.
Сонымен, Ш.Уәлиханов және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің студенттері жиналған кездесуде шақырылған қонақтар отбасы құндылықтары, шаңырақтың шырайлылығы, керегенің кеңдігі, ер мен әйел арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті сақтап қалу, бала тәрбиесі төңірегінде әдемі әңгіме өрбітті.
–Құрметті аудиторияға жиналған жастар. Уақыт деген тез зымырап өте шығады. Көзді ашып-жұмғанша сіздер де бір-бір шаңырақтың келіні, біреудің аяулы жары, сәбидің анасы болып шыға келесіздер. Сондықтан, сіздер отбасында өздеріңізді қалай ұстап, қалай жүріп-тұру қажеттігіне бүгіннен бастап дайындалуларыңыз керек, –деп сөзін бастаған облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина өзінің қоғамда атқарып жүрген қызметімен қоса, отбасында балаларын қалай тәрбиелеп жүргендігі туралы да кеңінен қаузады.
–Үйдегі қыздарымды тәрбиелей отырып, мен болашақ ананы тәрбиелеп жатқанымды білемін. Барлық ана өз қызына ақыл айтқанда, сондай жауапкершілікте болуы керек. Себебі, әйел заты табиғатынан сұлу, нәзік. Біздің ішкі жан дүниеміз бен сыртқы келбетіміз, бәрі үйлесім табу үшін көп оқып, біліміңді толықтыруды тоқтатпаған абзал. Біз өзімізді тәрбиелей отырып, балаларға үлгі боламыз. Себебі, қыздар анасының жүріс-тұрыс, мінез-құлқын өздеріне сіңіріп өседі,–деп Айнұр Құрманбайқызы аналық ақ көңілден қыздарға көптеген ақыл-кеңестер айтып, жас жүректерді баурап алды, аудиторияны өзіне лезде ұйытып әкетті. Қыздар тұрмысқа шыққанда «мен бақытты боламын деп емес, барған жерімді бақытқа бөлеймін» деген мақсатта болуы тиіс» деген аналық ақылын да жеткізді. Мұндай жанашырлық ақыл-кеңестерді бүгінде қыздар қауымына жақын адамдары жиі айтып, құлақтарына құйып отыру керек деп ойлаймын. Себебі, қыз бала тәрбиесі – қоғам тәрбиесі деп білемін. Сондықтан, әр ана үкілеген қыздарының бойына бала жасынан ибалылылық пен инабаттылықты, кішіпейілділік пен адалдықты, адамгершілік пен қанағатшылдықты жан-жақты айтып, жөн сілтей бергені дұрыс.
Аудиторияға жиналған жастар «отбасын құрарда өмірлік серігіңді қалай тануға болады?», «ыдыс-аяқтың сылдырламауы үшін не істеу керек?», «бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлеміз?», «ер азаматтардың ақша, мансап деп жүріп, кеш үйленуі дұрыс па?» деген тәрізді бірқатар сауалдар қойды. Бұл орайда, қалалық әкелер одағының төрағасы Алмасбек Бегжан біраз салиқалы ойларын ортаға салды.
– Кез-келген адам өзінің серігін адами құндылықтарына байланысты табады. Мысалы, сіздің бойыңыздағы құндылық пен жарыңыздың құндылығы сәйкессе, онда сіздің отбасыңыз өміршең болады дегенге сенім мол. Сондықтан, қыз-жігіттер отбасын құрмас бұрын таңдаған адамының қандай құндылықтары барын зерттеп алулары қажет. Егер екі жас сана биігінде бірдей болса, адами құндылықтары сәйкессе, ол сенің адамың дегенді білдіреді, – дей келе, Алмасбек Бегжан отбасындағы ер мен әйелдің әрқашан өздерін үнемі тәрбиелеп отырулары, отбасын құрарда психологиялық тұрғыдан дайындалу керектігін айтып өтті. Үйленген кездегі тәтті сезім сақталып қалуына екі жас та бірдей атсалысу керектігін айтты.
– Жар таңдауда асығыстық жасау қателік. Алдымен жігіттің мінезін, адами құндылықтарын, ата-анасын, айналасындағы достарын, жалпы, оны жан-жақты зерттеп, зерделеп, ой таразысына салып барып қана тұрмысқа шығу керек. Жігіттің қызметіне, материалдық жағдайына қарап жататын қыздар көп. Бірақ, ондай отбасылардың ілуде біреуі ғана өміршең болады, – деп ақылын айтты Айнұр ханым.
– Отбасында ата-ана өзін тәрбиелеуді тоқтатпауы керек. Себебі, баласы ата-анасының айнасы. Ата-ана не істесе, бала соны қайталайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме атам қазақ. Сондықтан, өзіміз үлкендерге құрмет, кішіге ізет көрсете алсақ, ұрпағымыз да соны істейді. Сол себепті, бүгінде жастарға отбасын құрмас бұрын өздерін қалыптастырып, дайындалуға көптеген психологиялық кітаптарды оқу керек. Ондағы ақыл-кеңестерді саналарына тоқып алса, отбасын құрған кезде кикілжің, жанжалдан аулақ болуға тырысады. Әйелдер ер адамның, ерлер әйелдердің психологиясын оқып, зерттеп алғандары дұрыс, – деді әкелер одағының төрағасы. – Ал, жанжалды шешуде отбасындағы шыны-аяқтың сылдырлағаны сол жерде қалуы керек. Мәселе туындаса, екі жас оны құр айқайға салмай, үстел басына отырып, бір-бірімен сөйлесіп, мәмілеге келу керек. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды. Бірінің кемшілігін екіншісі көрмегендей болуы тиіс.
Осы ретте, бір жақсы мысал ойымызға оралып тұр. Бір жігіт қыздың сұлулығына қатты қызығып, қыр соңынан қалмай, ақыры, оған үйленіпті. Кейін қыз апатқа түсіп, бетінің ажары кетіп қалғанда, әлгі ер азамат әйеліне көзінің соқыр болып қалғанын айтып, жұмысынан шығады. Жылдар өте келе, әйелі өмірден өтіпті. Әлгі ер адам әйелі қайтқаннан кейін, өзінің жұмысына барса, ондағылар сенің көзің көрмей қалды ғой депті. Сонда ол әйелі өзінің сұлу емес болып қалғандығына қапаланбас үшін, өзінің сүйген жарының жүрегін тілгілегісі келмегенін айтып, осылай істегенін жеткізіпті. Осы бір мысалдан-ақ көп нәрсені ұғынуға болады.
Әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Соңғы жылдары біздің елімізде де ажырасу көрсеткіші күрт өсіп барады. Сарапшылардың зерттеуінше, Қазақстанда жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Оның себеп-салдары өте көп. Осы тұста, отбасы институтын нығайту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ендеше, осындай тағылымды кездесулерді жастармен жиі өткізіп, олардың санасына отбасының қасиетті де киелі ұғым екенін құя беруіміз керек. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым, ұлға елу үйден» деген сөз бар. Сондықтан, жастардың болашақ отбасыларын сақтауы үшін ел болып, қауым болып атсалысу бүгінгі күннің талабы.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.