Әдеп кеңесінде
Ақмола облыстық Әдеп жөніндегі кеңесінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі тәртіптік іс қаралып, соның бірінде бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған бұрынғы ауыл әкімі Виктор Рукавишников жауап берді.
7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, ол қайтадан рульге отырған. Виктор Рукавишниковтың алдыңғысы анадай, соңғысы мынадай, бұл заңсыз әрекеттері қоғам наразылығын тудырған. Әлеуметтік желілерде оның көлікті басқарып кетіп бара жатқаны туралы бейнеролик тараған. Осы факті бойынша Зеренді аудандық соты қаулы шығарып, кінәлі деп танылған Рукавишников әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамауға да алынған.
– Бұл мән-жайлар қазіргі Зеренді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы тарапынан заңнаманы бұзудың жүйелілігін растап отыр. Ал, Әдеп Кодексінің 6-шы тармағының 5-ші тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметші өзі өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс, –дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Еркін Жиян.
Айта кету керек, сот облыс әкімінің атына жеке қаулы шығарыпты. Құжатта Зеренді ауданы әкімдігінің қызметкері заңның бұзылуына жол бергеніне назар аударылған. Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметшінің имиджіне нұқсан келтіріп, әдеп кодексін бұзады. Алайда, Рукавишников алғашқы жағдайдан кейін де аудандық бөлімді басқаруда.
– Рульде әйелім еді. Оның тәжірибесі жоқ, жыраға түсіп кетіп, сол жерде тұралап қалды. Мен көлікті жырадан шығару үшін рульге отыруыма тура келді. Сол арада мені полиция инспекторлары тоқтатты. Бұл бір рет қана болған жағдай. Кінәмді мойындаймын, қатаң жазаламауды сұраймын, – деді кеңес отырысында Виктор Рукавишниковтың өзі.
Әдеп жөніндегі кеңес Зеренді ауданының әкіміне бөлім басшысы Виктор Рукавишниковке «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 167 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Ы.ШАМШИЕВА.
3 Total Views , 1 Views Today