Жаңа жұмыс орындары ашылуда

Сандықтау ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл санап жақсарып келеді. Әсіресе, аймақтың әлеуметтік саладағы жеткен жетістіктері аз емес. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімінің орынбасары Сәуле Жайылғанова хабардар етті.

Жыл бойы атқарылған жұмыстарды баян еткен аудан әкімі орынбасарының есебіне жүгінсек  білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және жұмыспен қамту бағытында ауыз толтырарлық оң өзгерістер баршылық.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын төмендету мақсатында жаңадан келген дәрігерлерді тұрғын үймен қамтуға баса назар аударылған. Өткен жылы ауданға келген бес дәрігер түгелдей баспанамен қамтылып, сондай-ақ, әлеуметтік кепілдіктер де ұсынылыпты.

Ауданда сондай-ақ,аурухана ғимараттарын көбейтіп, халық игілігіне беру мақсатында бюджет қаражатынсыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында медициналық нысандардың құрылысы жұмыстарын қолға алумүмкіндігі туған. Бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының қаржылай демеушілігімен Максимовка, Лесное, Каменка және Веселое селоларында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасауға ғана 1 миллиард 198 миллион теңге қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Оның ішінде Максимовка селосына дәрігерлік амбулатория салуға 300 миллион теңге қаражат жұмсалыпты.

Медициналық емдеу мекемелерінің материалдық базасын жаңарту жұмыстары да жолға қойылғаны байқалды. Атап айтқанда, жылжымалы электрокардиограф, тәуліктік холтер мониторингі, кереует жанындағы стандартты қажеттіліктер жиынтығы сияқты аса қажетті аппараттар сатып алынған. Дегенмен, әлі де денсаулық сақтау жүйесі заман талабына сай болуы үшін биылғы жылға тағы 258 миллион теңге сомасына медициналық жабдықтар алуға өтінім беріліпті.

Ауданның білім беру саласында да жағымды жаңалықтар баршылық. Мектепке дейінгі балалар толықтай балабақшамен қамтамасыз етілген. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша өңірде әзірге алғашқы болып, Сандықтау ауданы балаларға арналған «Шаңғы шақырады», «Арт балабақша» жобасы шеңберінде көркем гимнастика спорттық секцияларын жүзеге асырған. Ауданда сонымен қатар, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қаржыландыруымен әрі Access Scholarship бағдарламасының көмегімен 13-15 жас аралығындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына тегін ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылыпты.

Ауданда білім беру мекемелері кабинеттерін жаңаша түрде модификациямен жабдықтауға да назар аударылғанын атап өткен жөн. Аудан әкімінің орынбасары бұл туралы кеңінен жеткізді.

–Бүгінгі таңда аудан мектептерінде жаңа модификациялы 60 кабинет пен 65 комплектілі мультимедиялық құрылғылар бар. Былтыр Сандықтау жалпы білім беретін мектебіне 6 миллион теңгеге инклюзивті білім беру кабинеті сатып алынды. Сондай-ақ, Белгород селосында 7 миллион теңге сомасына биология кабинеті, Каменка ауылында 4 миллион 200 мың теңге сомасына Stem кабинеті алынды. Сондай-ақ, өткен жылдың желтоқсанында Приозерное, Максимовка селоларындағы мектептерге жаңа модификациялы 6 кабинет жеткізілді, – деді Сәуле Жайылғанова.

Ауданда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беруге де баса назар аударылғанын атап өткен жөн. Өйткені, ауданда бүгінде мүмкіндігі шектеулі 278 бала тұрады. Оның ішінде 175 бала инклюзивті біліммен қамтылыпты. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өткен жылдың қарашасында Лесное селосында арнайы түзету сыныбы ашылған. Сондай-ақ, биыл дәл осы ауылда инклюзиялық қолдау орталығы кабинетін де ашу жоспарланыпты.

Ауданның мәдениет саласында да табысты істер аз емес.Әкім орынбасары мәдени бастамалардың жүзеге асырылуына зор көмек көрсетілетінін ерекше атап өтті.

–Ауданда біз мәдени бастамаларды белсенді қолдаймыз, мәдени мекемелерді дамытамыз және шығармашылық әлеуеттерді іске асыру үшін мүмкіндіктер жасаймыз.Ауданның мәдени дамуы – әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі.Біз Мәдениет үйлерін, кітапханаларды, мұражайларды жөндейміз, халық ұжымдарын қолдаймыз, фестивальдар, байқаулар мен көрмелер өткіземіз.Мәдениет пен спортсалауатты және үйлесімді қоғамның екі ажырамас бөлігі, – деп атап өтті Сәуле Жайылғанова.

Расында да тек өткен жылы ғана аудан аумағындағы клуб нысандарында 2,5 мыңнан астам шаралар ұйымдастырылып, оған 190 мыңнан астам көрермен қатысқан. Аудан өнерпаздары түрлі республикалық, халықаралық мәдени байқауларда топ жарып, жеңіспен оралған.

Ауданда уақытша жұмыссыз жүрген азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту, алғашқы тәжірибеден өткізу жұмыстары да жолға қойылған. Тек өткен жылдың өзінде 30 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. Жалпы өткен жылы 55 адам екі қолға бір күрек тапқан. NEET санатындағы жастардың саны 28 адамды құраған. Оларға тұрақты негізде ақыл-кеңес беріліп, түрлі шаралар ұйымдастырылған.

–Жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты төмендету біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Ауданда шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіби оқыту, жұмыссыз жандарды жұмыспен қамтуға барынша назар аударылады, – деді әкім орынбасары.

Расында да ауданда жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылғанын атап өткен жөн. Тек өткен жылы 902 жаңа жұмыс орны құрылғаны осының айғағы. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде150 адам жұмысқа орналасса, уақытша жұмысқа орналастыру шараларының арқасында 102 адам жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс тапқан.

Аудан басшылығы алдағы уақытта аталған әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен тиісті түрде жүзеге асыруға баса назар аударатындығы аңғарылады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар