«Новопэк». Құлшынғанға жұмыс көп…

Отандық өндіріс

Облыс орталығында полимерлік қаптама нарығында көп жылдан бері көшбасшы болып келе жатқан белді кәсіпорын – «Новопэк» компаниясы кезінде шағын фабрикадан бастау алған. Іргелі өндіріс орны бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер аумағы бойынша ірі өнеркәсіптік кешенге айналды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында аталмыш кәсіпорынға барып, ондағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін көріп қайттық.

«Новопэк» компаниясы Көкше төрінде 2003 жылы ашылып, содан бері жиырма жылдан астам уақыт ішінде қанатын кеңге жайып, ел ішінде ғана емес, еуразиялық одаққа қатысушы елдердің де нарығын жаулап алуда. Зауыт Австрия, Италия, Түркия және Тайваньда жасалған заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған. Өндірісте бастапқы полимерлі шикізат және сапалы шетелдік қоспалар қолданылады. Кәсіпорын толық циклді өндіріс орны ретінде кез келген сусымалы жүкке арналған қаптарды өндіреді. Өндіріс цехтарында 500-ден астам құрал-жабдық бар. Шығарылған өнім айына 1500 тоннаны құрайды. Нарықтағы тұтынушылар саны 700-ден асады.

Қаптың бірнеше түрін өндіретін компания құрамында «Асыл арман», «Көкше сити», «Көкше упаковка», «Азия Полимер», «Нитро Продакт» тәрізді 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Осылайша, 1200-ден астам білікті қызметкерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жұмысшыларының 65 пайызы нәзік жандылар қауымы екен. Біз осы ірі компанияның тоқыма цехына бас сұқтық. Алдымыздан мінезі жайдары Ризагүл Исмағұлова есімді тоқымашы-нұсқаушы шықты. Ол осыдан 22 жыл бұрын фабрика ашылғанда ең алғашқы жұмысшылардың бірі болып жұмысқа алынған қазіргі тәжірибелі маман. Бүгінде өзінің жылдар бойы жинаған үздік тәжірибесін жұмысқа келіп жатқан жастарға, жұмысқа орналасушыларға үйретеді.

– Бір атап өтерлігі, біздің өңірде полимерлі қаптама өндіретін тоқымашылар мен тігіншілерді даярлайтын оқу орындары жоқ. Сондықтан, компания өз бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға келген адамдарды оқытып алады. Себебі, бұл өз ерекшелігі бар мамандық облыстың колледждерінде даярланбайды, – дейді Мөлдір есімді менеджер қыз. – Осы мамандарды даярлайтын тоқыма мен тігін цехтарын оқытатын екі нұсқаушы бар. «Новопэк» компаниясы кішігірім қаптардан бастап, үлкен 10-20 тонналық биг-бэгтерге дейін шығарады. Новопэктің құрылған күнінен бастап, оның даму жолын көзімен көрген маман Ризагүл Мүлікқызы:

– Иә, шынымен компанияның құрылған кезінен бастап, осы өндіріс орнында табан аудармастан еңбек етудемін. Алғашқы қадамынан бастап, қазіргі үлкен кешенге айналғанға дейінгі кезеңі көз алдымда. Ашылғанда жұмысшылар өте аз болдық, төрт ауысыммен істегенде, бас-аяғы 20 тоқымашы болатынбыз. Сол кезде кішкентай станоктардың өзі 9 ғана еді. Қазір енді байқап тұрғандарыңыздай, біздегі екі цехты қосқанда 120-дан астам тоқымашы бармыз, тігіншілер өз алдына бөлек. Олардың да саны 100-ден асады. Жалпы, бізде тоқымашыларда 150-ден астам станок бар, – дейді.

2000-шы жылдардың басында дүкенде сатушы болып жұмыс істеген тоқымашы фабрика ашылатынын естіп, осында ауысқан. Осы жылдар аралығында Ризагүл Мүлікқызы бір өзі 30-дан астам тоқымашыны үйретіп, оқытып, қап тоқуға бейімдеген.

– Компания ашылғанда алғашқы жұмысшыларын арнайы станоктарда жұмыс істеу үшін Ресейге жіберіп, оқытты. Сол оқып келгендермен бірге біз де үйреніп, станоктарды құрып, қап тоқу, қап тігу жұмыстарын дөңгелетіп әкеттік. Сол уақытта 1 станоктан тәулігіне 700-800 қаптан шығаратынбыз, – деп сол бір кезді есіне алды ол.

Бала жасынан әке-шешесінің тоғыз балапанының қамы үшін қым-қуыт еңбегін көрген тоқымашы Алла Тағала аяқ-қолыңды сау етіп жаратқан екен, білімің бар ма, жоқ па, екі қолға бір күрек алып, өз күніңді өзің көруің керексің деп санайды. Өзі екі баласын өсіріп, жеткізіп, оларға білім алуларына жағдай жасап, бір-бір маман иесі атандырып, өмірде жұмыстан қорықпауға, еңбек етуге баулыған.

– Қазір де 4 ауысыммен кезектесіп, бір күн, бір түн жұмысқа шығып, екі күн демалыс деген кестемен жұмыс істейміз. Осы кесте бойынша жұмыс істейтіндер айына 200 мың теңге шамасында еңбекақы алады. Әлеуметтік пакет толық қарастырылған. Жазда демалыс орындарына жолдамамен жібереді. Өз басым компанияның жолдамасымен 2022 жылы Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайына демалысқа барып келдім. Ал, енді жұмыс қиын ба деген сауалыңызға, қандай жұмыс болмасын, өзінің қызығы мен шыжығы болады дегім келеді. «Көз қорқақ қол батыр» демей ме? Сондықтан, қандай ауыр жұмыс болмасын, қорықпай кірісіп кетсек, әрі шыдамдылық танытсақ, кез келген істі алып кетуге болады. Жұмыстан қорықпайтын адам бірден көрініп тұрады ғой. Жастар жеңіл жұмысты іздейді. Бір-екі күн келіп, жүктемені көріп, шыдамай жатады. Қазіргі уақытта тоқымашылар тапшылығы бар. Осы орайда, алыс облыстардан келіп істейіндерге де вахталық тәсілмен келіп кету жайы қарастырылды. Мысалы, қазір менің қарамағымда Маңғыстаудан 9 адам, Қарағандыдан 2 адам келіп, жұмыс істеп жатыр, – дейді нұсқаушы-тоқымашы.

сурет: www.novopack.kz

Айтуынша, алыстан келушілерге кәсіпорынның жатақханасынан орын беріліп, асханада тегін кешенді түстік ас беріледі, әрі олардың жүріп тұру жолақылары да компанияның мойнында екен. Қандай тамаша. Бұл түсінген әрі жұмыс істеймін деген адамға жасалып жатқан үлкен қамқорлық.

– Мен оларды тоқымашылыққа үйретіп, оқытамын. Кейін емтихан тапсырған соң, өздері маман болып, станоктарда жеке тұрып, қап тоқуға кірісіп кетеді. Шығарған өнім көлеміне байланысты еңбекақыларын еселеп, көбейтуге де мүмкіндік бар, – дейді жұмысына жауапкершілікпен қарайтын әрі оны өз шәкірттерінен де талап ететін тоқымашы-нұсқаушы Ризагүл Мүлікқызы.

Компанияның бір ерекшелігі, қалаға жақын маңдағы ауылдардан, атап айтқанда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосынан, Станционный ауылынан, Бурабай ауданының Кенесары, Зеренді ауданының Ақадыр, Өзен, Өркен ауылдарынан жұмысқа адамдарды  тасымалдау жағын жолға қойған. Біз әңгімелескен Маржангүл Бадбас есімді тігінші Өзен ауылының тұрғыны екен.

– Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан атажұртқа көшіп келгенмін. 2016 жылдан бастап осы компанияда қап тігумен айналысып, нәпақа тауып отырмын. Ауылдан бес адам қатынап, жұмыс істейміз. Таңертең компанияның автобусы келіп, бізді кәсіпорынға алып кетеді, жұмыстан кейін де үйге апарып отырады. Ас-суы тегін, боран-шашында жол болмай қалса, жатақханадан орын беріледі. Компания жұмысшыларының жағдайын жасап отыр.  №1 тігін цехында жұмыс істеймін, – дейді ол.

Техникалық қауіпсіздікті сақтау мен сапалы өнім шығару – компанияның басты талабы. Осы үдеден шығып, тұтынушыға сапалы өнімді беру жұмысшылардың төл міндеті болып саналады. Жоспар бойынша тігіншілер күніне 4,5-5 мың қап шығарады екен.

– Мен екі күн істеп, екі күн демалатын нормамен шығамын жұмысқа. Өзіңнің кестеңнен бөлек, бос күндері келіп, қосымша ақша табуға мүмкіндік бар. Негізгі мамандығым туризм саласына байланысты еді. Ұлан-Батордың жоғары оқу орнын бітіргенмін. Моңғолияда сол туризм саласында еңбек еттім. Қазақстанға көшіп келгенде мұнда туризмнің кенжелеп дамығанын байқадым. Жұмыс табу оңай болмады. Кез келген қазақ әйелінің бойында тігіншілік өнер болады ғой. Сол өнер маған да дарыпты, әрі осында тігіншілер іздеп жатқанын естіп, нар тәуекелге бел будым. Мұнда айлық жалақы тұрақты, қосымша сыйақы алуға жағдай жасалған. Бір ауылдан 5 адам келіп істейміз. Жолай Өркен ауылынан 10 адам, Алексеевка, Доломитовка елді мекендерінен барлығы 20-25 адам болып келеміз.  Жолдасым өнер адамы, ауылда клубта жұмыс істейді. Бірге туған 7 баланың бірімін. Әке-шешеміз еңбекпен көгерген адамдар. Өз басым бұл жерді екінші үйім деймін. Таза, жылы жерде еңбек етіп жатырмыз. Түркияның тігін машиналарымен жұмыс істейміз. Бір ауысымда 80-дей тігінші отырып, қап тігеміз. 300 мың теңгеге жуық еңбекақы аламын. Осындай мүмкіндіктің арқасында қаладан ипотекаға үй де алып қойдық, – дейді ауылда тұруды өзіне абырой санайтын Маржангүл Бадбасқызы.

Иә, ауыл деген ырыс-берекенің ордасы ғой. – Ауылды жақсы көремін. Бау-бақша ұстап, көкөніс егіп, мал өсіремін. Сүт-майым, картоп, қиярымыз өзімізден. Кейде өзімізден артылған көкөністерімді осындағы әріптес қыздарға әкеліп сатамын.

Жоғарыда әңгімелескен кейіпкерлеріміздің айтқандарынан ұққанымыз, жұмысы жемістінің өмірі де келісті болмақшы. Сондықтан, жақын маңдағы ауылдарда жұмыс іздеген тұрғындар, жастар болса, осындай іргелі компанияға келіп, еңбек етулеріне әбден болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар