Қосшының бас жоспары

Үкімет Қаулысымен Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді.

Бұл маңызды құжат жаңа қаланың кешенді дамуын қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік, экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталып отыр.

Бас жоспар елді мекеннің тұрғын үй құрылысын кеңейту, көлік жүйесін дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық тұрақтылықты сақтау сияқты стратегиялық мақсаттарды айқындайды.

Қосшы қаласын дамыту тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дамыту, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту, экологиялық тұрақтылық пен көгалдандыру, қала аумағын оңтайландыра отырып, халық санының өсуін есепке алу сияқты бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Қосшы қаласының жалпы аумағы 60,2 шаршы шақырымды құрайды. Бас жоспарда қала аумағын тиімді пайдалану қарастырылып, қоғамдық және тұрғын аумақтардың орналасу тәртібі айқындалған. Халық санының өсуі болжам бойынша 2023 жылы – 51,7 мың адам, 2030 жылы – 107 мың адам, 2038 жылы – 150 мың адамды құрауы мүмкін.

Қала тұрғындарының көбеюіне байланысты жұмыссыздық деңгейін 3 пайызға дейін төмендетіп, орташа жалақыны арттыру, экономикалық белсенділікті ынталандыру мақсаты қойылған.

Тұрғын үй құрылысына және әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылған. Қалада аз қабатты, орташа және көп қабатты тұрғын үйлер салу арқылы халықтың баспанаға деген қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. 900 гектар жерге жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, 360 гектар жерге көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Қазіргі тұрғын үй қоры – 1,28 миллион шаршы метр.

2038 жылға қарай 4,5 миллион шаршы жаңа тұрғын үй салу жоспарланған. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бас жоспар аясында мынадай әлеуметтік нысандар, яғни, 31 балабақша (13,5 мың орын), 16 мектеп (23,8 мың орын), облыстық ауруханалар (900 орындық) және 7 емхана, сонымен бірге, көпфункционалды мәдени орталықтар, кітапханалар мен театрлар салу көзделген. Қоғамдық демалыс орындары да назардан тыс қалған жоқ. Саябақтар мен гүлзарлар, жағалау аймақтары бас жоспарға енгізілген.

Қосшы қаласының көлік жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа жолмен бірге, жол өткелдерін салу, қоғамдық көлікті дамыту мәселесі де қарастырылған. Жаңа көлік дәліздері және айналма жолдар салынады. Қоғамдық көлік бағыттарының жалпы ұзындығы 81,04 шақырымға жетеді. Сондай-ақ, жаңа автобус паркі мен қоғамдық көліктерге арналған тұрақтар салу жоспарлануда.

Инженерлік инфрақұрылым бойынша айтсақ, ауыз сумен қамту және кәріз желілерін кеңейту, сондай-ақ, қаланы толық газбен жабдықтап, жаңбыр суын ағызу жүйесін дамыту жоспарлануда.

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту да жіті назарда. Қалада 264 гектар аумақты құрайтын индустриялық аймақ құру, көлік- логистикалық кешендер мен қоймалар салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын, сауда және қызмет көрсету орталықтарын дамыту жобалары жоспарлануда.

Қосшы қаласының экологиялық ахуалы және көгалдандыру – басты міндеттердің бірі. Бас жоспарда экологиялық тұрақтылықты сақтау ерекше назарға алынған. Осыған орай, экологиялық шаралар да қамтылды. Мысалы, 132,5 гектар аумақты жасыл аймаққа айналдыру, Сарқырама өзенінің жағалауын абаттандыру, қоқысты қайта өңдеу орталықтарын ашу, кәріздік тазарту жүйесін жетілдіру, қала аумағында атмосфералық ауаның сапасын бақылау бекеттерін орнату, көгалдандыру аясында жаңа саябақтар мен субұрқақтар, жасыл қорғаныс белдеулерін салу көзделіп отыр.

Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі бас жоспары – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, халықтың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған стратегиялық жоба. Жобаның сәтті жүзеге асуы Қосшыны Астанаға серіктес заманауи қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

7 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар