Бүркітшілер сайысы
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында өткен құсбегіліктен ересектер арасындағы XVIII Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті.
Аталған жарыс соңғы рет бұл өңірде осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Сол себепті, халқымыздың ежелгі мұрасы – құсбегілік дегенде елең ете қалатын мұндағы жұрт аталған біріншілікті өте жылы қабылдады. Жарысқа Астана мен Алматы қалаларынан бөлек, Алматы, Атырау, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сияқты 12 облыстан іріктелген үздік спортшылар чемпионаттың бәсекесін қыздыра түсті. 20 ақпанда өткен мандаттық комиссия отырысында қатысушылардың құжаттары тексеріліп, сайысқа түсетін қырандар ресми тіркеуден өтті. Жалпы, жарысқа 62 бүркіт, 29 қаршыға және 17 ителгі қатысты.
Қыран құстың алғырлығы мен ұшқырлығын паш ететін бұл ежелгі сайыс біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп жүргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Биыл көкшелік атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Осы саятшы бабамыздың туған ауылы Ботай бұл күнде Солтүстік Қазақстан облысына қарайды. Сондықтан, әйгілі саятшыны көкшетаулықтармен қатар, солтүстікқазақстандықтар да төл перзентіміз деп біледі. Өз жерлерінде рас, кейінгі жылдары мұндай жарыстар сирек өткенімен, қызылжарлықтар Көкшетауда ұйымдастырылатын Мәсіп Батырханұлының жүлдесіне арналған сайыстарда жиі төбе көрсетіп жүр. Ал, бұл жолы республикалық біріншілікті өздерінде қабылдаған солтүстікқазақстандықтар шын мәнісінде үлкен бір игі шараның куәгерлері болды.
Бұл жарыстың алғашқы күні бүркіт құстарының бәсекесімен басталды. Құсбегілер бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу кезеңдерінде өз шеберліктерін ортаға салып, құстарын қырағылық пен қатаң тәртіпке баулығандарын көрсетті. Нәтижесінде екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік шыққан 18 құсбегі ақтық мәреге жолдама алды.
Сайыстың екінші күні қаршыға мен ителгілердің сынға түсуімен жалғасты. Бұл жарыстарда да құстардың алғырлығы, ұшуға деген дайындығы, аңды алу қабілеті және құсбегінің баптау шеберлігі сарапқа салынды.
Жарыс қорытындысы бойынша бүркіт құсы санатында бас жүлдені ақмолалық Ерлан Кенжетаев жеңіп алды. Ол есімі ақмолалықтарға кеңінен танымал саятшы. Сондай-ақ, қыранды баптаудағы ептілігімен ерекшеленген Ерзат Байқадамов (Абай облысы) екінші орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын тағы бір жерлесіміз Руслан Тумурзинге бұйырды. Осы ретте, Руслан туралы да ерекше жылы лебіз білдірудің реті келіп тұр. Ол өз кезінде Ақмола жерінде өткен «Қансонар» халықаралық турнирінде жеңімпаз атанып, бас жүлде – автокөлікке ие болған белгілі саятшы.
Қаршыға құсы бойынша бірінші жүлделі орынды Түркістан облысынан Дәурен Аршабай қанжығасына байлады. Одан кейінгі жүлделі орындарды Жамбыл облысынан Серікболсын Жалғасұлы мен Түркістан облысынан Заки Махмудхан өзара бөлісті.
Ал, ителгі құстарының сайысында үздік нәтиже көрсеткен Қарағанды облысының өкілі Таңат Оспанкұловтың ителгісіне тең келер құс болмады. Павлодар облысының өкілі Ермек Иманзайып екінші орыннан көрінсе, Алматы қаласының намысын қорғаған Сұлтансері Есентаев үшінші орынға жайғасты.
Қанатын кеңге жайған бұл ұлттық спорт додасы еліміздің әр өңіріндегі құсбегілердің басын қосып, шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік берді. Қырандарын көкке самғатқан құсбегілердің бұл сайысы – халқымыздың бай мұрасы мен рухани қазынасының асқақ нышаны екендігі белгілі.
Осы айтулы шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған әйгілі бүркітші Мәсіп Батырханұлының немересі Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов бұл қансонарға жай бармай, өз атасының мерейтойына және жыл сайын Ақмола облысында өтетін «Қансонардың» барлық жарыстарының тарихына арналған кең де қызғылықты көрме апарды. Ақмола облысы бүркітшілер федерациясының президенті болып табылатын Шынарбек Бүркітбайұлы чемпионат қатысушыларын құттықтау үшін өзіне берілген сөз кезегін орынды пайдаланып, аймақ саятшыларының тарихында ерекше орны бар өзінің атасының өмірінің маңызды кезеңдеріне тоқталды және Мәсіп Батырханұлының туғанына 140 жыл толатын осы жылы туған өңірі Солтүстік Қазақстан облысында саятшылардың осындай айтулы жарысын ұйымдастырғандары үшін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, Құсбегілердің республикалық федерациясына және көршілес облыстың басшылығына зор алғысын білдірді.
Жоғарыда аталған ұйымдардың жарыс жоспарына сәйкес Ақмола облысындағы дәстүрлі «Қансонар» халықаралық турнирі биыл қазан айында Республика күні қарсаңында өтеді және әйгілі бүркітшінің 140 жылдық мерейтойына арналатын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.