АЗАМАТ АЖАРЫ
Жалаулы жасыл дүниенің мызғымас темірқазығы – әділдік. Қоғамды ұйыстыратын да, бір арнада тоғыстыратын да, асыл мұраттарды жүзеге асыратын да әділдік арнасы. Ілкі замандағы осы тарапта ой толғаған сөз маржанын терсеңіз, Алаштың ақиық перзенті Әлихан Бөкейханов «Би – түзу, билік – әділ болсын» деген жалғыз ауыз сөзбен түйіндеген екен.
Бүгінде осы ұғымның ұңғысына үңіліп, көңіл таразысымен безбендесеңіз, тақырыпты тарқатып айту үшін тереңге үңілуге тура келеді екен. Әділдіктің екі қайнар көзі бар: ешкімге зиян шектірмеу және қоғамға пайда келтіру. Кәтепті қара нарға жүк болатын осы бір сөздің астарында қаншама сарабдал салмақ бар. Зайыры құқық үстемдігін қапысыз қамтамасыз етудің негізі – әділ әрі ашық сот жүйесі. Елімізде сот саласын жетілдіру бағытында бірнеше мәрте ауқымды реформалар жүргізіліп, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға мейлінше көңіл бөлініп келе жатқандығын ерекше екпін түсіріп айтуға тиістіміз. Сол әділдікті орнықтыратын кімдер? Әрине, сот саласының қызметкерлері. Бүгінгі мақаламызда ол нақтылап айтсақ, салаға салмақты еңбегін сіңіріп келе жатқан, әділдікті асыл мұраты тұтқан Абай Рахметулин.
Абай Жамбылұлы бұрынғы Уәлиханов ауданына қарасты Мортық орта мектебін бітіргеннен кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған құқықтанушы. Жеті ғылыми-практикалық мақалалардың авторы. Сонау 1990 жылы Көкшетау облыстық адвокаттар алқасында сынақ мерзімінен өтіп, 1991 жылдан бастап заңгерлік кеңестің қорғаушысы болып қызмет еткен. Кейін Көкшетау қалалық сотының судьясы болып тағайындалды.
Жаратылысынан азаматтық ажары, кісілік келбетіне қылаудай кіршік түсірмеуді көксеген жас қызметкер өзінің бойындағы жақсы қасиеттерімен таныла білді. Жақсы қасиеттер ғана емес, кәсіби білімі де, білімін жетілдіруге деген ұмтылысы да көзге ұрып тұратын. Асылында құқық үстемдігін қамтамасыз ету үшін бар заңды толайым жатқа білу жеткіліксіз. Қара қылды қақ жаратын әділ болу үшін әр істі түбегейлі зерттеп, қылаудай қателік жібермеуге тырысқан жөн. Оның үстіне ар тазылығы, жан дүниесінің таңның мөлдір шығындай кіршіксіз болуы да шарт.
Көкшетау қалалық соты өздерінің әрбір істі адал, тиянақты жүргізіп, шынайы шешім қабылдауының арқасында аз уақыттың ішінде көзге түсті. Қалалық сот шығарған шешім бір мәрте де бұзылған жоқ. Сот актілеріне де өзгеріс енгізілмеді. Бұл жайды сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы өзінің баяндамасында атап айтқан болатын. Өзге әріптестеріне үлгі-өнеге есебінде. Бір жылғы жұмыстың жарқын нәтижесі Абай Жамбылұлының өз ісіне қаншалықты тындырымды, ұйымдастырушылық қабілеті мол, білімді де білікті маман екендігін көрсетіп берді. Осының барлығы әділдік атты әлемнің ізгілікпен нұрлануы, алдына қойған мақсаттың айқын да анықтығын көрсетсе керек.
Жылдар өте келе бай тәжірибе жинақтады. Уақыт құтты ақбас толқындары аспанға атып жатқан өзен іспетті. Жылыстап алға жылжыған сайын саланы жетілдіру мақсатында жаңа реформалардың жүзеге асырылатыны белгілі. Осындай сәттерде жаңалықты зерделей зерттеп, өзін ғана емес, әріптестерін де білгірлікке бағыттау оң нәтижесін беретіндігі анық. Төрағаның орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді. 2002 жылдан бастап Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметте де Абай Жамбылұлы облыстық соттың шешімдерінің сапасына айрықша назар аударды. Жалғыз облыстық сот қана емес аудандық соттардың да қара қылды қақ жаратын әділдікке жетуіне мұрындық болды. Әрбір істің ерекшелігіне орай, нақтылы талдаулар жасап, дерек пен дәйекті құқық таразысы ғана емес, ар таразысына салып екшеді. Жан-тәнімен беріле еткен еңбек ескерусіз қалмайды екен. Әрі нәтижелі еңбектің көрсеткіші көзге ұрып тұратыны бар.
Бұл жай Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты басшылығы тарапынан ескерілмей қалған жоқ. 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болып тағайындалуының өзі Абай Жамбылұлына көрсетілген зор сенім еді. Жоғарғы соттың пленарлық отырысында Абай Жамбылұлын республика соттары алқасының тәртіптік алқасының хатшысы етіп сайлады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Соттары Одағы филиалы кеңесінің хатшысы болып сайланды. Осындай мәртебелі биікке жеткен кезде біздің кейіпкеріміз небары 39 жаста еді. 2007-2015 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып еңбек етті. Артында әділдікпен астасқан жақсы атын қалдырды. Осы өңірлердегі жалпақ жұрт Абай Жамбылұлының әділдігін, іскерлігін, ар тазылығын аңыз қылып айтады. 2016 жылдан бастап Абай Жамбылұлы ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңа міндеттер жүктелді. Сот саласын жетілдіру мақсатында тың реформалар қолға алынып жатқан шақ. Құқықтық үстемдікті қамтамасыз етіп, әділдіктің салтанат құруына аянбай ат салысты. Қазақстанда тұңғыш рет тергеу соты институты қалыптаса бастаған. Осы жаңалықты жүзеге асыру сала мамандарының мейлінше біліктілігін қажет ететін.
Абай Жамбылұлы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болып қызмет етеді. Жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Оның ойынша ең басты бақыт қоғамда айнымас әділдік орнатуға үлес қосу. Осы мақсаты үшін табаны тастан таймаған тарланбоздай қисапсыз еңбек етіп келеді.
Әділдік жолындағы ғұмырын Көкшетауда бастағандықтан ба екен, еліміздің жақсысы мен жайсаңы тұла бойы кіршіксіз тазалыққа тұнған Абай Жамбылұлының қол жеткізген табысын жақсы біледі. Сырттай сүйсініп, тілегін тілеуде. Ақиқатты қалаған абзал жүректің жан жадыратар тұсы да осы емес пе?!
Мейрам ҒИБАДИЛОВ,
Ақмола облыстық соты ардагерлер кеңесінің төрағасы.
3 Total Views , 1 Views Today