Өнеркәсіптік сүзгілер шығаратын жаңа кәсіпорын

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай өңіріне жұмыс сапары барысында аудан  орталығы Щучинск қаласындағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты және сүзгі шығаратын кәсіпорында болды.

Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, аудан әкімдігі сатып алатын пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда екі тұрғын үй кешенінен әлеуметтік осал топтарға арналған 100 пәтерді сатып алу жоспарлануда.

– Дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанаға мұқтаж жандардың кезегін азайтуға бірегей мүмкіндік туды. Сонымен қатар, бұл тұрғын үйлер бюджет есебінен салынған үйлерге қарағанда сапалырақ. Бұл шара көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттағы тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Үй қаланың ішінде орналасқан, барлық коммуникация тартылған, жанында әлеуметтік нысандар бар. Өткен жылы 200 пәтер сатып алынды, биыл да осы көлемнен кем болмайды, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Халық үшін ең маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігі. Айта кетерлігі, өткен жылы Бурабай ауданында тұрғын үйлердің салынуы мен пәтерлердің сатып алынуы нәтижесінде 178 отбасының баспана жағдайы жақсарды. Жалпы аймақ бойынша өткен жылы 850 пәтер сатып алынды.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында, сондай-ақ, шаң-газ тазарту, желдету және сұйықтықты сүзу жүйелеріне арналған өнеркәсіптік сүзгілерді шығаратын «Asiafilter Inc» ЖШС кәсіпорнында болды.

Өндіріс орнының коммерциялық директоры Руслан Балмағамбетовтың айтуынша, кәсіпорын Қазақстандағы жалғыз өнеркәсіптік сүзгі өндірушісі болып табылады. Компания 2011 жылы  осы жабдықтарды шеттен жеткізуші ретінде құрылған, ал, 2019 жылы 40 жергілікті қызметкер жұмыс істейтін өз өндірісін іске қосты.

–Біздің өнімдер энергетика, металлургия, химия және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады. Барлығы төрт түрлі сүзгі шығарамыз. Олар ғимараттарға кіретін ауаны тазартуға арналған ауа рукавты өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларын ұстап қалуға арналған сүзгілер; азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын сұйықтық сүзуге арналған қапшықты сүзгілер; қымбат металдар өндірісінде қолданылатын сұйықтықтан ұсақ қатты бөлшектерді бөлуге арналған сүзгі маталар. Яғни, біздің сүзгілер жеңіл өнеркәсіптен бастап ауыр өнеркәсіпке дейін әртүрлі кәсіпорындарда қолданылуы мүмкін, – деп түсіндірді өндірістік үдерісті Р.Балмағамбетов.

Бұрын өнеркәсіптік сүзгілер негізінен, Еуропадан сатып алынатын, ал, оларды жеткізу екі айға дейін созылатын. «Asiafilter Inc» компаниясының құрылуымен бұл жағдай өзгерді.  Қазақстанның көптеген кәсіпорындары тұрақты серіктестеріне айналды. Мысалы, Ақмола облысында бұл – «RG Gold» ЖШС және «Altyntau Kokshetau» АҚ алтын өндіруші компаниялары. Кәсіпорын өнімдері Қырғызстан мен Ресейге де экспортталады. Мәселен, өткен жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өкілдігі ашылды.

Биыл кәсіпорында қосымша өндірістік желілер іске қосылып, азық-түлік өнеркәсібіне арналған сүзгілердің жаңа түрлерін шығару жоспарлануда.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов кәсіпорынның жоспарларын қолдап, оның қазақстандық үлесті дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар