Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет», деген болатын. Осы бағытта Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын цифрландыру қолға алынуда.
Өткен жылдың қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарларға тоқталар болсам, бүгінгі күнге дейін облыста барлығы 28 көп пәтерлі тұрғын үй немесе 1571 пәтер және әлеуметтік тұрғын үй салынды. Өткен жылдан бастап тұрғын үй мәселесін шешу тәсілдері өзгертіліп, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданды. 850 пәтердің сатып алынуының арқасында халықтың әлеуметтік осал топтарында кезекте тұрғандар жекешелендіру мүмкіндігімен жаңа баспанаға ие болды.
Өткен жылы су тасқынының зардаптарын жою кезінде Ақмола облысы су тасқыны қаупі бар өңірлер қатарында тәуекелі жоғары аймаққа жатқызылды. Соның салдарынан елуге жуық жеке үй су тасқынынан зардап шекті. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басу аймақтарынан көшіру мақсатында жүргізілген техникалық зерттеу нәтижелері бойынша су тасқынынан зардап шеккен 330 тұрғынға, оның ішінде Атбасар ауданында 165 пәтер, Бұландыда 114, Есілде 21 және Жарқайың ауданына 30 жеке тұрғын үй салу туралы шешім қабылданды.
Бюджеттен тыс қаражат есебінен «Асар Ақмола» және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорлары, «Нұр Астана Құрылыс» серіктестігі өңіріміздің осы төрт ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысын аяқтап берді. Бүгінде жаңадан салынған 330 үйдің барлығында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар тұрады.
Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлердің пайдалануға берілгенге дейінгі құрылысының тәртібі мен жағдайы «Битрикс-24» «Битрикс 24» ақпараттық жүйесіне жедел түрде енгізілді. Бұл автоматтандырылған ақпараттық жүйе тұрғын үй құрылысының ашықтығын қамтамасыз етеді және салынып жатқан барлық тұрғын үй жобаларын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, зардап шеккендерге үй салу үшін құрылыс нысандарына бейнекамералар орнатылды. Олардың онлайн-трансляциясы gov.kz сайтында тәулік бойы әрбір азаматқа қолжетімді болды. Жалпы, бұл кешенді бейнебақылау жүйесі құрылыс үдерістерін барлық кезеңде онлайн бақылауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, мемлекет есебінен тұрғын үй құрылысын қоса алғанда, геодеректер мен геоақпараттардың үлкен көлемін жинауға, сақтауға, визуализациялауға, талдауға және өңдеуге арналған Ақмола облысының географиялық ақпараттық порталы үшінші жыл жұмыс істейді.
SMARTGeoHUB ақпараттық геопорталын біздің өңірдегі мемлекеттік тұрғын үй құрылысының тапсырыс берушілері тұрақты түрде жаңартып отырады. Бұл геопорталдың бірегей дизайны, ыңғайлы интерфейсі бар. Сонымен қатар, әрбір салынған және салынып жатқан үйге арналған нысанның нақты орналасқан жері туралы толық ақпарат пен азаматтарға арналған нұсқаулықтары бар.
Биылғы жылы 24 көп пәтерлі тұрғын үйді немесе 932 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың басты міндеті – бұрын басталған барлық жобалардың құрылысын аяқтау. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қосымша пәтерлер сатып алу жоспарлануда.
Жалпы биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қоса алғанда, тұрғын үй кезегінде тұрған 2188 адамды жаңа баспанаға көшіру жоспарлануда.
Азамат БАЙҚУАНЫШЕВ,
Ақмола облысының құрылыс,сәулет және қала құрылысы басқармасы
басшысының міндетін атқарушы.
Сурет: i0.wp.com