Тасқынға – тосқауыл
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Саят Кенжетай аудан көлемінде жүргізіліп жатқан алдағы су тасқынына дайындық шаралары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, барлығы 21 инженерлік және эвакуациялық техника жұмылдырылған.
Аудан әкімінің орынбасары егер төтенше жағдай орын алар болса, оның салдарынан туындайтын қауіп пен материалдық залалды мейлінше азайту қажеттігі ескеріліп жатқанын айтады. Бұл жұмыстар шұғыл және төтенше шығындар резервін анықтау және оларды өтеу, қауіптердің алдын алу және жою, елді мекендердегі қар үйінділерін шығару сияқты шараларды қамтиды.
–Бүгінде елді мекендерден 37,560 текше метр қар шығарылды. Төтенше жағдайлар үшін екі мың дана қап дайындап қойдық, – деді ол, – сондай-ақ, 6,5 тонна жанар-жағар май сатып алып, халықты эвакуациялау үшін 12 128 орынға есептелген 17 эвакуациялық пункт әзірледік. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда инертті материалдарды беруге ауданның жол ұйымдарымен меморандумдар жасалды. Су тасқыны жағдайына дайындық шаралары барысында биылғы жылы ауданның бюджеті есебінен 6 мотопомпа, 2 дрон және сөйлеу-хабарлау қондырғысы сатып алынып, ол Ақкөл қаласының орталық алаңына орнатылған.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде облыс әкімі бекіткен 2025 жылға арналған су тасқынына дайындық жөніндегі кешенді жоспар бойынша біраз жұмыстар атқарылғанын айтып өтті. Атап айтқанда, жоспар бойынша Жалғызқарағай ауылының айналасына ұзындығы 1000 метр, Урюпинка ауылының шығыс жағына 643 метр, Краснобор су қоймасының жағалау жиегіне 800 метр үйінді жасалған.
–Біз бұған дейін Еңбек ауылының Жарлыкөл көліне бөгет орнату бойынша жұмыстар жүргіздік. Атап айтқанда, бөгетті инертті материалдармен толтыру және нығайту үшін аудандық бюджеттен 7 миллион теңге бөлінді. Ауданда 112 су өткізу құрылыстары бар, оның 23-і республикалық маңызы бар автожолдарда болса, 30-ы облыстық, 20-сы аудандық автожолдарда, 37-сі елді мекендерде және 2-еуі теміржол жолдарында. Бүгінде жолдарды су шайып кету қаупін болдырмау үшін су өткізу жолдары дайындалып жатыр, – деді баяндамашы дайындық жұмыстарына кеңірек тоқтала кетіп.
Сонымен қатар, Ақкөл қаласының су өткізгіш құбырларын қардан тазалау үшін қала әкімдігі «Камилла» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 10 миллион теңгеге келісім-шарт жасасыпты. Аудан қарамағындағы жолдардағы құбырларды тазалау және күтіп ұстауды «Голден Тренд» серіктестігі және жергілікті шаруа қожалықтары бірлесіп атқарады. Ауданның су көлемі бар объектiлерiне Краснобор су қоймасы, Бегичевское, Ақсуат, Тасмола бөгеттері, Каменка, Ерназар, Голубая Нива және Көктеке тоғандары сияқты сегіз гидротехникалық құрылыс кіреді. Бұл бөгеттер мен тоғандардың жанында су тасқыны кезінде кезекшіліктер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
2024 жылдың қазан айында Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және аудан әкімдігі бірлесіп, аталған гидротехникалық құрылыстарды тексерді. Тексеріс қорытындысы бойынша олардың жай-күйі қанағаттанарлық болып, су көлемі шекті нормадан аспайтыны туралы актілер берілген. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап, яғни, көктем уағында күн сайын су деңгейіне мониторинг жүргізілмекші.
Егер ауа температурасы күрт көтеріліп, қардың қарқынды еруі орын алса, Краснобор су қоймасындағы су деңгейі қалыптан тыс көтеріліп, Талқара өзеніне судың құйылуы салдарынан көршілес елді мекендерді су басу қаупі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда мысалы, Шортанды ауданының Пригородное және Астрахан ауданының Оксановка ауылдарын су басып қалса, аймақта тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп, судың біркелкі шығарылуын жүзеге асыратын компаниялар іріктелініп, іске кіріседі.
2024 жылғы су тасқыны кезеңінде Краснобор су қоймасындағы су деңгейі 145 сантиметрге дейін көтерілген болатын. 2024 жылдың жазында «Қазсушар» РМК-ның Ақмола филиалы Краснобор су қоймасында бөгетті топырақпен және сазбен нығайту бойынша жұмыстар жүргізді. Аудан әкімінің орынбасарының айтуына қарағанда, биылғы жылы да осы жұмысты жалғастыру үшін қаржы қарастырылып жатыр.
Қыс айларында Талқара өзеніндегі мұз кептелістерін жою және еріген қар суының еркін өтуі үшін «KMD HOLDING» жауапкершілігі шектеулісеріктестігі мен Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, Урюпинка ауылдық округі аумағында мұзды ұсақтау және қопсыту бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізді, оған 264 келі жарылғыш заттар жұмсалды.
Ал, былтырғы су тасқыны кезінде Урюпинка селолық округі аумағындағы жергілікті маңызы бар Урюпинка-Мереке жолының алты шақырымға жуығын су басып қалған. Биыл да тасқын қаупі төнген жағдайда бұл жолды су басу ұзақтығы екі күннен он күнге дейін созылуы мүмкін деген болжам бар. Өткен жылы Амангелді ауылына кіреберістегі жергілікті маңызы бар автожолды да су шайған.
–Келген судың көп бөлігі осы жер арқылы өтетіндіктен, бұл жағдай жылда қайталанса да, елді мекенге қауіп төнбейді. Былтырғы тасқын кезінде бұл жердегі тасқынның ені 15 метрді, ұзындығы 20 метрді, тереңдігі 20 сантиметрді құрады. Ауыр науқастар мен жүкті әйелдер су тасқыны кезінде зардап шеккен жоқ, – деді Саят Ержанұлы баяндамасын жалғастыра отырып.
Сонымен қатар, өткен жылдың 5 сәуірінде аудандық маңызы бар Новорыбинка-Құрылыс-Қараөзек автожолынан Қараөзек ауылына үш шақырымға жетпей, су тасып өткен. Судың ені 10 метр, ұзындығы 5-6 метр, тереңдігі 1 метрді құраған. Өткен жылы су тасқыны кезеңінде азаматтардан жергілікті атқарушы органдарға, құтқарушыларға келіп түскен қоңыраулардың нәтижесінде оларды қауіпсіз жерге апару, құтқару бойынша жедел әрі жылдам шаралар қабылданған. Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, аудан аумағында 41 тұрғын үйді су басып, зардап шеккен отбасыларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек төленді.
Аудан әкімінің орынбасары брифинг соңында Амангелді ауылына кіреберістегі көпір құрылысы туралы біздің қойған сұрағымызға жауап берді. Оның айтуынша, бұл үшін бүгінде 934 миллион теңге сомасына жоба әзірленіп, өтінім республикалық бюджетке жолданған.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.