Депутаттар халық алдында есеп бере бастады

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес депутаттар жылына кемінде бір рет өзінің депутаттық қызметі туралы халық алдында есеп беруге тиіс.

– Бұл есептер депутаттардың өткен жылғы қызметі мен қол жеткізген нәтижелері және негізгі бастамалары туралы маңызды ақпарат береді. Бұл жергілікті қоғамдастық және өкілді орган үшін маңызды сәт, – деп атап өтті бірқатар аудандардың ауыл тұрғындарымен кездесулерінде Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов.

Зеренді ауданы Шағалалы ауылының тұрғындары алдындағы алғашқы есебін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Ауғалиев ұсынды. Кездесу барысында халық арасынан бірнеше мәселелер көтерілді. Негізгі проблемалар – жол сапасы, балалар мен жастардың бос уақытын өткізу және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құру.

Егіндікөл ауданының Бауман және Қоржынкөл ауылдарының тұрғындарымен келесі кездесуді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Әбілқайыр Ошақбаев өткізді. Мұнда Бауман ауылының бұрынғы инвесторының жұмысшыларға берешек жалақысын төлеуге жәрдемдесу, сондай-ақ, жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктке медицина мамандарын тарту сұралды.

Одан әрі Қосшы қаласының маңындағы Тайтөбе ауылында «Сенім» бастауыш партия ұйымының есеп беру жиналысы өтті, онда облыстық мәслихат депутаты Айдын Төребаев сөз сөйледі. Әңгіме барысында партия ұйымының мүшелері өзекті мәселелерді талқылады. Олардың ішінде көктемгі су тасқыны кезінде қолданылатын арнайы көлік, қалалық емханаға қажетті заманауи жабдықтарды сатып алу, мәдениет үйін салу және тағы басқа сұраулар жасалды.

Сөйтіп, өткен апта облыстық мәслихат депутаты Клара Меңдібаеваның есеп беру кездесуімен аяқталды. Бұланды ауданы Алтынды ауылының тұрғындарымен диалогқа аудан әкімі Ардақ Смайылов та қатысты.

Іс-шараға қатысушылар өңірлерді дамыту бойынша өз ұсыныстарымен бөлісіп, атқарылған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді. Мұндай есепті кездесулер депутаттардың өңір халқымен тығыз қарым-қатынасы үшін одан әрі де өз жалғасын табады.

Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар