Индустриялық аймақтардан нәтиже күтеміз

Инвестиция тарту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз» деп, инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар, ірі өндірістік кәсіпорындардың да жұмысын жандандыруды тапсырды.

Ақмола облысы еліміздің өндірістік және аграрлық саласы дамыған іргелі аймақтарының бірі. Олай болса, Үкіметке міндеттелген тапсырмалар біздің өңірдің де одан әрі дамуына тың серпін беріп, қуаттандыра түседі.

2024 жылы облыс кәсіпорындары 1991,3 миллиард теңгенің тауарлық өнімін өндірді. Оның ішінде қосалқы кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары секторларының өнімдері де бар. Өнеркәсіптік өндіріс құрылымында тау-кен өнеркәсібінің үлес салмағы  12,5 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсібі – 77,8, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 8,9, сумен жабдықтау 0,7 пайызды қамтыды. Республика бойынша біздің облыс қана 100 пайыз темір жол мойынтіректерін шығарса, мамандандырылған автокөліктердің 82,6 пайызы, комбайндардың 60,6, құрамында алтыны бар кендердің 58,6, тракторлардың 38,4, керамикалық кірпіштің 27,7, полиэтилен қаптарының 17 пайызы біздің өңірде өндіріледі.

Облыс аумағындағы экологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жаңартылатын энергия көздері саласында 276,3  миллиард теңгенің 16 жобасы іске асырылды. Бұдан басқа, 2024 жылы облыстың электр энергиясын өндірудегі жел және күн электр энергиясының үлесі 78,4 пайызға жетті, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 66 пайызды құраған болатын. Бұл біздің өңірдің төмен көміртекті даму жөніндегі республикалық мақсаттарға қол жеткізудегі міндеттемесін растайды.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақты көлем индексі 99,2 пайызды, өндірілген өнім көлемі 249,2 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 99,6 пайызға жетіп, өндірілген өнім көлемі 1 550,0 миллиард теңгені қамтыды. Сол тәрізді машина жасау саласындағы өсім 19,2 пайызға артып, нақты көлем индексі – 119,2 пайызды құрап, өнім көлемі – 291,4 миллиард теңгеге тұрақтады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 18,8 пайызға және тамақ өнімдерін өндіру – 3,7 пайызға өсіп, нақты көлем индексі -103,7 пайызды, ал, өнім көлемі – 251,9 миллиард теңгені құрады.

Машина жасау саласындағы өсім КАМАЗ-Инжинирингтің мемлекеттік қорғаныс тапсырысы нәтижесінде қол жеткізілді,  тракторлар өндірісі 37,3,  комбайндар 22,7, мойынтіректер 44,1 және жүк автокөліктерін өндіру 18,7 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, тауарлық бетон, цемент және портландцемент өндірісі бойынша оң динамика байқалады.

Инвестицияларға тоқталсақ, Мемлекет басшысы бұл ретте: «Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни, аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге, экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті» деп атап өтті.

2024 жылы Ақмола облысындағы инвестиция көлемі 562,8 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте, тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 361,1 миллион АҚШ долларына жетті. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,9 есе өсіп, еліміз бойынша инвестиция тартудан 4-ші орындамыз.

Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторларға жағдай жасау бойынша біз инвестор мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы көпір ретінде жұмыс істейтін «Aqmola Invest» орталығын аштық. Онда осы уақытқа дейін 50-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Оның 28-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен өтті. Нәтижесінде облыс аумағында іске асырылатын, шамамен 460 миллиард теңге соманы құрайтын бірқатар келісімдерге қол қойылды.

2025 жылы жеке инвестициялар есебінен барлық салаларда 1,8 мың жұмыс орнын ашуға 194 миллиард теңгенің 150 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Солардың ішінде ірі жобалар ретінде Целиноград ауданындағы «СЕВ-регион Строй компаниясы» салатын алюминий зауытының құрылысын, Астрахан ауданында «Aina Resources» тұрғызатын бағалы металдарды байыту-өндірістік кешенін, Көкшетау қаласындағы TEMIR BARLAU ұсақ сортты прокат шығаратын зауытты атап өтуге болады.

Облыс аумағында даму перспективасы жоғары республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриялық аймағы құрылды. Ол Аршалы ауданында орналасқан.  Сондай-ақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында да аумағы 400 гектарға дейін даму перспективасы бар «Kokshe Industry» өңірлік маңызы жоғары индустриялық аймақ құрылды. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған индустриялық аймақтар үшін қажетті инфрақұрылым объектілерін салу мәселелері пысықталуда.

Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

сурет: primeminister.kz

15 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар