Сапалы ресми сайт — заман талабы

«Тіл тазалығы үшін күрес
ешқашан толастамақ емес»
Б.Момышұлы

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осынау тұжырымдамаға сәйкес Ақмола облысы әкімдігінің 2023 жылғы 20 қарашадағы № А-11/525 «Ақмола облысында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың  2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» қаулысы да бекітілген болатын.

Аталмыш нормативтік құқықтық актілерге байланысты Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы өз жұмысын жалғастырып келеді.

Осы орайда, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік тілдің сауатты әрі дұрыс қолдануын қадағалау мақсатында 2025 жылдың қаңтар және ақпан айларында департаменттердің, облыстық басқармалардың ресми интернет-ресурстарына мониторинг жүргізді.

Мониторинг жүргізу барысында кейбір департтаменттердің, облыстық басқармалардың ресми сайттарында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңдарының бұзылғандығы анықталды.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында департаменттер мен облыстық басқармалардың ресми интернет-ресурстарға жауапты мамандарымен 2025 жылдың    26 ақпаны «Сапалы ресми сайт — заман талабы» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелді Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қылышбаев Жандәулет Төлепбергенұлы жүргізді. Шараның барысында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Әмірханов Әділжан Нағымұлының, Ақмола облысының Әділет департаментінің бас маманы Берлібекова Тоты Қапарқызының, Ақмола облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының бөлім басшысы Жантасов Ернар Мұратұлының баяндамалары тыңдалды.

Дөңгелек үстелдің барысында негізгі баяндамашы Әмірханов Әділжан Нағымұлы ресми интернет-ресурстардың қандай талаптарға сай болуы керек екенін атап өтті.

Талаптарға ресми сайттың мемлекеттік тілдегі парақшасының болуы, негізгі беттің мемлекеттік тілде ашылуы, мекеменің қызметі туралы жалпы ақпараты, құрылымы, басшылығы туралы мәліметтер, қызметі туралы мәліметтер, байланыс деректерінің мемлекеттік тілде болуы, мемлекеттік тілдегі құжаттар, нормативтік құқықтық актілер, шешімдер, бұйрықтар, ақпараттар мен мәліметтердің болуы, мемлекеттік тілдегі байланыс ақпараттарының болуы, мемлекеттік тілдегі ақпараттардың мерзімінде орналасуы, мемлекеттік тілдегі ақпарат көлемінің толық берілуі, мемлекеттік тілдегі ақпараттың сауатты жазылуы, сапалы берілуі жатады.

Шараның барысында қатысушылар ресми интернет-ресурстарға қатысты сұрақтарына толымды жауап алып, жұмысты тиімді іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Мемлекеттік тіл туралы сөз қозғағанда ең алдымен Ата заңымызды – басшылыққа алып, тілге тиек етуіміз қажет. Конституцияда: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», ал «Тіл туралы» Заңда: «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп атап көрсетілген.

Осынау тұрғыдан қарайтын болсақ, ана тілімізден басқа бізде қандай қымбат та қасиетті дүние бар?!  Біз әлемдегі болып жатқан жаһандану үдерісіне бой ұрындырмай, өзіміздің ең асыл да қасиетті, еш айырбасқа түспейтін қымбат құндылығымызға – тілге құрметпен қарауымыз керек.

Өз жерімізде отырып осынау құндылығымызды сақтап оны ілгері дамыта алмасақ, бүгінгі күннің талабына сай жаңғыртып, өркендете алмасақ, біздің ұлт ретіндегі өміршеңдігіміз һәм құнымыз қаншалықты деген заңды сұрақ көкейге орала беретіні хақ. Мұндай жағдайда, әлбетте, ұлтжандылық, патриотизм, өз елін, жерін сүю атты адами қасиеттерден жұрдай болуымыз әбден ықтимал. Сондықтан біз үшін тіл саясатын сабырлылықпен, парасаттылықпен, салиқалы түрде әрі қарай пәрменді түрде жүргізе беру – заңның да, заманның да талабы.

Қорыта айтқанда, алда атқарылар ауқымды істер бұдан да мол. Сондықтан осынау сындарлы істі ел болып, ұлт болып жұмыла атқарғанымыз абзал.

Әділжан Нағымұлы,
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту
және ономастика бөлімінің бас маманы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар