Цифрландыру
Ақмола облысында Мемлекет басшысының бірыңғай дрондар инфрақұрылымын енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында пилоттық жоба іске асырылмақшы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет» деп, Үкіметке цифрлық технологияларды жан-жақты енгізуге тапсырма берген болатын. Осы орайда, Ақмола облысында қолға алынған «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» атты пилоттық жоба мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобаларды басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Аталмыш жүйе арқылы өңірде салынып жатқан мектептер мен жолдардың құрылысын бақылауға, жылу желілерінің жай-күйін қадағалауға, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңбұзушылықтарды анықтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.
Облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, осы жобаны облыс әкіміне таныстырды. Жобаның тұсау кесерінде пилотсыз ұшу аппараттарын жедел бақылау мен қазіргі уақытқа сай талдау жүргізуге пайдалану мүмкіндіктері көрсетілді.
Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, қанат қақтыжоба аясында дрондар Көкшетау және Қосшы қалаларында қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді тексеру үшін мобильді дрондар да пайдаланылмақшы.
–Цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару саласында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Инновациялық шешімдер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, ықтимал қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысы осындай озық жобаларды енгізуде пилоттық өңір болуға дайын, – деді бұл ретте, облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – жылу желілерінің жағдайын дрон арқылы қашықтықтан бақылау. Бұл жылу жүйесіндегі ақаулықтар мен шығындарды дер уақытында анықтап, оларды жою бойынша уақытылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дрондар жер қойнауын пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды тіркеп, экологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді.
«Қазіргі заманауи технологияларды пайдалану әлеуметтік нысандар – мектептер мен жолдардың құрылысы барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттырады жәнебасқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға ықпал етеді.
Жобаны жүзеге асыру аясында Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-ның цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Абылайхан Оспановпенөзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Осының бәрінен шығатын қорытынды, цифрлық технологияларды дамыту және заманауи мониторинг құралдарын пайдалану – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Егер «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылса, оны бүкіл облыс аумағында кеңейту жоспарланып отыр.
Мағжан ЕРЖАН,
Ақмола облысының цифрландыружәне архивтер басқармасының басшысы.
11 Total Views , 1 Views Today