Алғыспен  көңіл өсер, берекемен орта толар

1 наурыз – Алғыс айту күні

 Қазақстан халқы биыл тоғызыншы жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтуде. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекенің тарихи мәні мен маңызы зор.

Мереке күні ретінде 1 наурыз кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында маңызды біріктіруші рөл атқарып келе жатқан қоғамдық құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Ассамблеяның мақсаты қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлік пен бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде қазақ халқының ұйыстырушы рөлі арқылы Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Мерекенің құрылуына Қазақстан халқының көпұлтты құрамының қалыптасу тарихы түрткі болды, әртүрлі тарихи кезеңдерде қазақ халқы жүздеген мың қоныс аударушылар мен жер күштеп аударылғандарды қабылдады. Демек, 1 наурыз – жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және осы күштеп жер аударылған адамдарға мейірімділік танытып, қолында барымен бөлісіп, оларды туған-туыстары ретінде қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде қабылданған мереке. Қазіргі таңда бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігі, достығы мен сүйіспеншілігінің жарқын мерекесіне айналды.

Бүкіл өткен ХХ ғасыр бойы Қазақстан аумағында полиэтникалық тұрғындар құрамын қалыптастырудың күрделі процесі жүріп жатты. Өткен ғасырдың басында Столыпин реформалары кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуында Қазақстанға Ресейден, Украинадан және Беларуссиядан 1 миллион 150 мың адам келді. Екі онжылдықтан кейін 30-шы жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы Кеңес Одағының орталық аудандарынан Қазақстанға 250 мың шаруа жер аударылды. Сонымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен өнеркәсіптік нысандарды салуға 1,2 миллионға жуық адам көшірілді.

Тоталитарлық режим кезінде әр жылдары тұтастай халықтар жер аударылды – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілі, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы. Соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған халықтың 350 мың адамын қабылдады. 1950-ші жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге тағы 1,5 миллион адам келді. Жалпы, ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға 6 миллионға жуық адам қоныс аударып, нәтижесінде қоныс аударушылар саны жергілікті тұрғындардан асып кетті. Сонымен, кезінде моноэтникалық ұлт болған қазақ халқы патша үкіметі мен кеңестік биліктің жүргізген ұлттық саясатының нәтижесінде полиэтникалық сипатқа ие болды.

Қазіргі таңда Қазақстан тәуелсіздігін алып, мемлекеттілігін қалпына келтіргеннен кейін, күн тәртібінде ұлттық бірегейлікті қалыптастыру міндеті тұр.

Мерекені тойлаудағы мақсатты аудитория негізінен жастар болып табылады. Мереке дәстүр аясында балалар мен жастарды тәрбиелеу нысаны ретінде таңдалды. Этносаралық келісім, қазақ халқына және қоғамдық қатынастардың осы үлгісін жасаған мемлекетке алғыс. Дегенмен, жылдан-жылға атаулы күннің аясы кеңіп, дәрігерлерге – құтқарылған өмір мен денсаулық үшін, ата-аналарға – өмір сыйлағаны үшін, мұғалімдерге – ғылым мен білім бергені үшін, әріптестеріне – түсіністігі пен қамқорлығы үшін алғыс айтылуда.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады. Кезінде тағдырдың тәлкегімен әртүрлі жағдайда елімізге қоныс аударған барлық этностардың бойында ұлттық бірегейлік қалыптасуда.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді қазақ халқы. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны сөзсіз.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі, қауымдастырылған профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар