Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Марат АХМЕТЖАНОВ: «Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүддесі – этностар ынтымағы, бірлік  және қоғамдық келісім»

Ұлы даланы мекендеген халқымыз ежелден ел бірлігі мен ынтымағын көздің қарашығындай сақтап, осы бір аса маңызды құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы  аманаттап келе жатқаны бар.

«Бірлігі күшті ел озады» қағидасын дана халқымыз өз  ұрпағының  санасына  ұдайы  сіңіріп, ынтымақ жүрген жерде байлық та, ырыс та, бақ та, береке де  бірге жүретіндігін пайымдай білді.

Бабаларымыздың осы даналығының арқасында бүгінгі, яғни, Тәуелсіз Қазақстан көп тілді және көп конфессиялы болғандығына қарамастан, түрлі этностар арасындағы татулық пен достықтың  шырқы бұзылмай келе жатыр.

Бұған ең әуелі  қазақ халқының пейілінің кеңдігі мен ниетінің тазалығы көп  әсер еткендігін және әр дәуірдің  түрлі саясатына байланысты болған қиын-қыстау кезеңдерде ежелгі қазақ жерінен пана тапқан барша  этностар достықтың, ынтымақ пен бірліктің, ағайыншылықтың қадірін терең сезініп, терең тани біліп,  барша қазақстандықтар болып, осы құндылықтарды аса жоғары бағалап отырғандықтарын  айрықша атап көрсетуіміз керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 27 сәуірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз «бірлік» пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі», – деп қазіргі жағдайда ел бірлігінің тарихи маңызын ерекше атап көрсетті.

Бүгінгі әлем дамуының қалыптасып отырған қазіргідей күрделі  жағдайында барша қазақстандықтар елдің бірлігі елдің саяси тұрақтылығының басты кепілі екендігін айқын сезініп отырмыз. Қазақстан  саяси жағынан тұрақты дамып келе жатқан бірден-бір мемлекет есебінде әлемге танылып, құрметке бөленіп келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1995 жылдың 1 наурызында құрылып, жұмыс істей бастаған Қазақстан халқы  Ассамблеясы  қазіргі уақытта  ел бірлігі мен барлық қазақстандықтар арасындағы  татулық пен келісімді сақтауда және де түрлі  этностар арасындағы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтуда, азаматтық бірегейлікті дамыту, ашық қоғам қалыптастыру сияқты аса маңызды  міндеттерді  жүзеге асырып, орнықтыруда маңызды рөл атқаратын құрылым болып қалыптасты. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекет мүддесі үшін  түрлі этностардың ынтымағы мен бірлігін бір мақсатқа жұмылдыра білу қызметі өзге де мемлекеттердің қызығушылықтарын туғызып отырғаны да бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылдың 25 сәуірінде өткен ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Ұйымның этностардың ынтымақтастығы мен бірлігін сақтап қалудағы рөлі айрықша»,– дей келіп,  «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру,– деп барлық қазақстандықтардың алдындағы тарихи міндетті айқындап берген болатын.

Әділетті де Адал, экономикасы қуатты және бірлігі мықты Қазақстанды құру баршамыздың Тәуелсіздік алдындағы ең абзал да  жауапты міндеттеріміздің бірі. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының өңірлік қызметі осы бағытта жүргізіліп келе жатқандығы әрине, құптарлық жай.

Біздің өңірімізде этносаралық қарым-қатынастарды, бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған әсерлі де мазмұнды шаралар ұдайы өткізіліп келеді. Жалпыұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарына негізделген және түрлі  этностар мәдениетінің  саналуандылығын  көрсету мақсатында  100-ге жуық жобалар  іске асырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты –  түрлі этностар арасындағы бірлікті нығайтуға негізделген қазақстандық патриотизмді дамыту болса, осы орайда  «Қоғамдық келісім» мекемесі  байыпты  жұмыстар жүргізуде. Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы  «Достық үйі» ғимаратында 123 ассамблея мүшелері, 48 этномәдени бірлестіктер, 8 қоғамдық құрылымдар, 27 шығармашылық ұжымдар бас қосып, тәуелсіздіктің басты мұраты – ел бірлігі мен ынтымағын нығайту мүддесіне бірлесе қызмет етуде.

Осы орайда, этномәдени бірлестіктер мен ассамблеяның қоғамдық құрылымдары елдегі тұрақтылықты және этносаралық келісімді қолдау мақсатында «Мың бала», «Елтану», «Қазақстан этностарының жалпы азаматтық бірегейлігін қалыптастыру», «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени насихаттау», «Полиэтникалық Қазақстан: этномәдени генезис», этносаралық ортада кездесіп қалатын дау-жанжал көріністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік көзқарастарды әзірлеу арқылы «Медиация институтын» дамыту, «Үйде сөйле», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» сияқты ірі жобаларды  іске асырды.

Биылғы жыл да  жақсы әрі игі істерге толы жыл болғалы тұр.  Атап айтар болсақ, белсенді азаматтар мен қайырымдылық еріктілерінің  күш-жігерін біріктіретін «Жомарт жан» орталығы, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың жетекші азаматтық қоғам институттарын жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға тарту мақсатында «Тамырлас» жобасы аясында Ақмола ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жанынан «Жас ғалымдар» клубы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанынан «Қазақстан халқы студенттік Ассамблеясы», этносаралық дау-жанжалдардың алдын алу бағытында Достық үйінің негзінде «Этномедиация» орталығы,  Сандықтау ауданы Бірлік ауылдық округінің  Красная поляна ауылында жастарға арналған жаңа комьюнити-орталық ашылды. Және де  «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы бойынша  депутаттар тобы құрылды.

Этномәдени бірлестіктердің жобаларын қолдау мақсатында гранттар да бөлінді. Жастардың белсенділігін қолдап, арттырып отыруға бағытталған «Ақмола облысында тұратын этностар арасында жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және қазақстандық патриотизмді дамыту» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы сәтті іске асырылуда. Қазірдің өзінде 20 аталым бойынша облыс еріктілері және «Ассамблея жастары» өкілдігінің 20 мүшесі марапатталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеуге Достық үйінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге 30 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды.

Біз өз қызметімізде қашан болсын еліміздің бірлігі мен ынтымағын сақтап, нығайта түсуді және этносаралық келісім мен татулықты одан әрі қамтамасыз етуді Тәуелсіздік алдындағы тарихи міндетіміз деп санаймыз.

Қазақстандықтардың   ең басты құндылығы – бірлік пен келісімді нығайтып, жарастыруға бағытталған шаралар өңірімізде одан әрі қарай да өз жалғасын табатын болады. Осы бағыттағы түрлі жобаларды іске асыруға этномәдени бірлестіктер мен  қоғамдық құрылымдардың өкілдері және барша облыс жұртшылығы  белсенді атсалысатындықтарына  сенімдімін.

Тәуелсіздік мүддесі – баршамыздың ортақ мүддеміз!

6 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар