1 наурыз – Алғыс айту күні
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын айтулы мереке. Осы күні қиын замандарда даладай дархан көңілі жүректерге жылу ұялатқан, мейірімі мен кеңдігі ертеңгі күнге сенім орнатқан қазақ халқына поляк жұрты да ризашылығын білдіріп, ақ алғысын айтуы тиіс.
Иә, қиын заманда тағдыр тауқыметін тартып, атамекендерінен үдере көшкен поляктарды қазақ халқы сол кездегі өз ауыртпалықтарына қарамастан, құшақ жая қарсы алды. Бүгінде поляк халқының мәдени орталықтары мен бірлестіктері республиканың әр аймағында өз жұмыстарын белсенді жүргізуде. Ақмола облысында да поляктардың бірлестігі бар.
Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары аралығында Польшадан Қазақстанға 32 мыңға жуық поляктар жер аударылыпты. Олар еліміздің солтүстік аймақтарынан қоныс тауып, сол елді мекендерге сіңісіп кеткен. Бүгінде поляктардың өсіп-өнген ұрпақтары елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Біз сөйлескен поляк ұлтының өкілі Владимир Самковскийдің әке-шешесі Карл Иосифович пен Юзефа Сигизмундовна осындай саяси науқанда Қазақстанға көшірілген азаматтар. Ол ата-анасынан естіген, білген әңгімесімен бізбен бөлісіп, сыр шертті.
– Халықтардың КСРО-ға күштеп қоныс аударуы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында бастау алып, қаншама ұлт өкілдері құйтырқы саясаттың зардабын көріп, өзінің атамекенін тастап, үдере көшті ғой. Сондай күштеп көшірілген ұлттардың бірі біздің поляктар, –деп сөзін бастады зейнеткер Владимир Карлович. – Менің ата-анам Украинаның Хмельницкий және Полтава облыстарында дүниеге келіп, сонда үш кластық білім алып, еңбекке ерте араласқан азаматтар. 1936 жылы Қазақстанға күштеп жер аударылды. Ол кезде Украинаның батыс аудандарынан Қазақстанға 40-тан 95 мыңға дейін поляктар жер аударылыпты. Әкемнің естеліктері бойынша олар, яғни, поляктар сол жылы өздері үйреніп қалған Кеңес Одағының батыс шекарасынан небары үш күн ішінде кетулері керек болыпты. Мәжбүрлі түрде көшіріп жатқаннан кейін олар қолдарына түскен қажетті заттарын, киім-кешегін ғана алыпты. Көшірілетін поляктарға билік өтемақы төлеуге, ол жақта қандай тұрғын үйде тұрса, сондай баспананы жаңа жерде де беруге уәде етіпті.
Тарихтың парақтарын ақтарып отырсақ, күштеп қоныстандырылған ұлттардың қай-қайсы болмасын Қазақстанға тауар таситын суық жүк вагондармен жеткізіліпті. Ал, бұл кейіпкеріміздің ата-анасы осындай пойыз вагондарында бір ай жүріп, әзер жеткен. Айтуынша, жол өте ұзақ, әрі ауыр болыпты.
– Станцияларда ұзақ тұрып, эшелондардың өтіп кетулерін көп күткен көрінеді. Ақыры 1936 жылдың мамыр айының басында бұрынғы Көкшетау облысына жеткізіліпті. Станцияда үш күн тұрғаннан кейін ғана оларды жүк көліктерімен, арбалармен адам тұрмайтын айдалаға апарып тастаған. Менің ата-анамды Солтүстік Қазақстанның мидай жазық даласына қоныстандырыпты. Оларға: «қыс түскенше, өздеріңе үйлер салып алыңдар» деп, құрал-саймандар беріп, кейде тіпті көмекке шағын техника да жіберіп, жағдай жасаған болыпты. Сөйтіп, олар жартылай жер үйлер – землянкаларды салыпты. Өздері оны «сталинки» деп атап кетіпті. Сол жерде бірден колхоз ұйымдастырылыпты. Алайда, қоныстанушылардың құжаттарын алып қойып, крепостнойлар тәрізді өмір сүргізген. Ешкім ештеңені түсіне алмаған, тек көнуге тура келген. «Не үшін және қандай себеппен бізді қылмыс жасағандай, ешбір сот үкімінсіз осылай жер аударып жіберді?» деген сұрақтар қойған, бірақ, жауап болмаған,–дейді Владимир Карлович.
Бірінші қыс күштеп қоныс аударушылар үшін өте суық, әрі қалың қарлы болыпты. Өз маңдай терлерімен салған үйлерін қар басып, ауылдары көрінбей қалған кездер де кездесіпті. Көшіп келгендердің көбі Украинадан, яғни, жылы аймақтан келгендіктен, мынадай қаһарлы қыстан қатты қиналыпты. Адамдар көп ауырып, дифтерия, сүзек ауруларына шалдығыпты. Соғыс басталған кезде жағдай мүлдем қиындай түскен. Дегенмен, адам болған соң, қиындықты қандай да бір жолмен жеңуге ұмтылған.
– Сол бір ауыр кезеңдерде жергілікті ұлт өкілдері қоныстанушыларға барынша көмек көрсетті, өйткені, қазақтардың қолдауынсыз мұндай ауыртпалықтар одан да өте қиын болар ма еді. Депортацияланған адамдарды саясат бойынша қазақтардан аулақ, бөлек қоныстандырған ғой. Ілуде біреуі ғана қазақ ауылдарына жіберіліпті. Ал, менің ата-анам барған жер жоғарыда атап өткенімдей, бос жазық дала еді. Соғыс басталған тұста жер аударылған поляктар мен немістер «арнайы қоныс аударушылар» санатында болған. Олардың қашып кетпеуі үшін құжаттары бірден тәркіленіпті. Оларға жазбаша рұқсат қағазынсыз ауылдан бір шақырым қашықтыққа ұзауға тыйым салыныпты. Оны бұзғандар бірден темір торға тоғытылған. Олардың сайлау құқығы болмаған, әскерге алынбаған, институттар мен техникумдарға қабылданбаған. Коменданттың әкімшілік қадағалауында болған. Осы жерде бір атап өтерлігі, көрші ауылдардағы қазақтар оларға азық-түлік әкеліп беріп, қолдау білдіріп, көмек көрсетіп тұрған. Біз олардың мейірбандығын, дархандығын ешқашан ұмыта алмаймыз деп әкем жиі айтатын, –дейді ата-анасының айтқан естеліктерінен сыр бөліскен Владимир Самковский.
1953 жылдан бастап, елде жылымық кезең орнап, қоныстандырылғандарға деген көзқарас та өзгерді. Қиын кезеңдегі олардың ертеңгі күнге деген өшіп бара жатқан сенімдеріне жан бітіп, болашаққа деген үміт оты лаулай бастады. Ата-анасы қоныс аударған ауылдың жанында бүгінде Озерное деп аталатын ауыл болыпты. Қазір онда католиктердің рухани орталығы аталып кеткен ғибадатхана бар екен.
– Әкем бірде маған бұл ғибадатхана туралы бір әңгіме айтып берді. Бұл оқиға 1942 жылы егіннің нашар шыққан және адамдардың ашаршылықтың құрбаны бола жаздаған құрғақшылық кезеңде орын алыпты. Ауылдың жанында шағын көл болған екен. Ол бірнеше жыл қатарынан тартыла берген. Ара-тұра ғана су жиналатын көлшікке айналған көрінеді. Бірде көктемде, түнде шу мен гүріл естіліп, даладан үлкен су ағыны келіп, бір түннің ішінде көлдің кенересін толтырып тастапты. Бірнеше күннен кейін сол маңның тұрғындары көлде балық барын байқаған. Мұндай қысқа мерзімде ол қайдан пайда болғанын ешкім білмейді. Балықтың көп болғаны соншалық, ауыл тұрғындары былай тұрсын көрші ауылдардың да адамдарына жетіпті. Католик шіркеуі бұл оқиғаны құдіретті күштің керемет сыйы деп танып, ауылда рухани орталық ұйымдастырыпты. Бұл маң кейін Еуропадан және бүкіл Қазақстаннан еріктілер мен зиярат етушілер келетін үлкен рухани орталыққа айналыпты, – дейді ол.
Қазақ халқы сол қиын-қыстау кезеңдерде Қазақстанға күштеп жер аудару жылдарында өз еркімен емес, амалсыздан келген мыңдаған түрлі ұлт өкілдеріне – поляктарға, немістерге, кәрістерге, әзірбайжандарға, армяндарға, шешендерге, ингуштарға және тағы басқаларына қолдау көрсетіп, пана бола білді. Бүгінде сол бір зұлмат жылдары Қазақстанға келген поляктар осы ел халқының құрамдас бір бөлігіне айнала алды.
– Мұнда біз дүниеге келдік. Қазақстан біздің нағыз Отанымыз. Біз осында есейіп, ер жеттік, өсіп-өндік, тамыр жайдық. Ал, ата жұртқа көшу туралы ой ешқашан болған емес. Біз өз болашағымызды тек туған жеріміз Қазақстанмен ғана байланыстырамыз, – дейді сөзінің соңында Владимир Самковский.
Бүгінде еліміз 130-дан астам ұлт пен ұлыстың аяулы мекеніне, шаттықты шаңырағына айналды. Олардың қай-қайсымен сөйлессеңіз де, жергілікті халықтың дархандығы мен жомарттығына, адамгершілігі мен мәдениетіне, тіпті ұлттық діліне, адалдығына ризашылықтарын білдіріп, ақ алғысын жеткізеді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көкшетау қаласы.