Айтулы кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне қанықты

Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты қоғамда сұранысқа ие мамандардың беделін көтеру мақсатында облыстық жастар-ресурстық орталығының бастамасымен Көкшетау қаласындағы ірі кәсіпорындарда қызмет етіп жүрген жұмысшы жастармен кездесулер өткізілуде.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының жанындағы Жастар-ресурстық орталығы бұл жолғы кездесуді «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының жұмысшыларымен ұйымдастырды.

«Көкшетау минералды сулары» – бұл Тұран, Құлагер-Арасан брендтерімен минералды су, сондай-ақ, алкогольсіз және алкогольді сусындар шығаратын қазақстандық белді компания. Еліміздегі тамақ өнеркәсібі саласының көшбасшыларының бірі атанған компания 1991 жылы 22 мамырда құрылған. Компанияның бастапқы мақсаты – Қазақстанның солтүстігіндегі гиломатериалдық ресурстарды зерттеу және пайдалану болды. Соның нәтижесінде осындай іргелі кәсіпорын өмірге келді.

Жұмысшы жастармен кездесуге «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы директорының орынбасары Дмитрий Валитов, Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков, халықаралық «Aqmola Hub» IT-стартап технопаркінің өңірлік менеджері Диан Айбашпанов, «Көкшетау минералды сулары» АҚ кәсіпорнының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы Қабиден Үсен, кездесуді ұйымдастырушылар мен аталмыш кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Кездесуде Дмитрий Валитов кәсіпорын жұмысы туралы айта келе, алдағы уақытта жастар-ресурстық орталығымен бірлесіп жұмыс жасауға, бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысуға әрқашан ашық екендіктерін жеткізді. Ал, Дастан Ермеков жастарға арналған бағдарламалар мен жобаларды таныстырып, алдағы уақытта орталық пен кәсіпорын арасында тығыз байланыс орнатуға тілектестігін білдірді. Атап айтқанда, жастарды спорттық, ұлттық, зияткерлік ойындарға, жалпы, орталық өткізетін іс-шараларға мүмкіндігінше белсене қатысуға шақырды.

– Биылғы жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Себебі жұмысшы мамандықтары қоғамда әрқашан сұранысқа ие. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан жастарға түрлі қолдаулар көрсетілуде. Мысалға, жастар өз жеке кәсібін ашып, ипотекаға тұрғын үй алуға байланысты түрлі жеңілдіктер жасалуда. Кезінде қарапайым жұмысшы болып орналасып, түрлі кәсіпорындардың басшысына дейін мансаптық жолмен өскендер бар. Мансап, қызмет – әрбір жастың өз қолында. Ол үшін ең алдымен адал еңбек ету керек, соның нәтижесінде үлкен биіктерді бағындыруға болады, – деді өз сөзінде аталмыш кәсіпорынның әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы Үсен Қабиден.

Шара барысында «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының озат жұмысшы жастарына Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының атынан Алғыс хаттар тапсырылды.

Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы
жастар-ресурстық орталығының баспасөз  хатшысы.

сурет: 716.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар