Алтын жас
Аудан орталығында ашылған «Алтын жас» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жас кәсіпкер Саят Кемпіровтің бастамасымен жүзеге асырылды.
Ол 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық байқауына қатысып, осы орталықты ашу грантын жеңіп алған.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында мен осы белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аштым. Мұнда аға буын өкілдері тек өзара қарым-қатынас жасап қана қоймай, ой-пікірлерін ортаға салып, шығармашылықпен айналысады, спортпен шұғылданып, жаңа нәрселерді үйрене алады, – дейді орталықтың директоры.
Орталықта түрлі үйірмелер, дене белсенділігі сабақтары, шығармашылық шеберлік курстары жұмыс істейді және әлеуметтік кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ, зейнеткерлер үшін медициналық кеңестер бұрышы қарастырылған.
– Біз осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда біз қызықты істермен айналысып, денсаулығымызды нығайта аламыз. Мұндай жоба біздей зейнеткерлер үшін ерекше маңызды, – деп аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Ұлболсын Ахметова ризашылығын білдіруі тегін болмаса керек.
Екі маман жұмыс істейтін белсенді ұзақ өмір сүру орталығы шамамен күніне 20 адамға қызмет көрсете алады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.