Өткен сенбі күні Достық үйінде Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Марат Ахметжановтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты форум өтті.
Салтанатты шараға ассамблея ардагерлері мен бірқатар қоғам белсенділері мен әскери қызметшілер, дәрігерлер және мұғалімдер қатысты. Алдымен жиналғандар Достық үйінің кіре беріс қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Осы мереке қарсаңында «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» жазуы бар тақта арнайы орнатылған еді. Содан соң қазақ халқының дәстүріне сай шашу шашылып, үлкендер жағы қол жайған көпшілікке батасын берді.
Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінен соң, облыс әкімімен бірге жиынға қатысқан ардагерлер мен аға буын өкілдері сарайдың фойесіне қойылған көрмені тамашалады. Онда Қазақстан халқы ассамблеясының отыз жылындағы, сондай-ақ, осы мерзім ағысындағы «Достық үйі» ұжымының бірлесе атқарған жұмыстары мен жетістіктерінің жарқын сәттері көрініс тауыпты.
Әрі қарай шара салтанатты жиынға ұласып, облыс әкімі форум қатысушыларына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Жиналған қауым алдында сөз алған Марат Ахметжанов бүгінгі салтанатты шара елімізде тұрып жатқан әрбір өзге ұлт өкілдерінің өзара ынтымақтастығы мен бірлігін, достығын айғақтайтын сипатқа ие екендігін атап өтті. Сонымен қатар бұл еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісі екенін баса айтты. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін, достық пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін бірегей институт екенін айта келіп, Ассамблея мүшелеріне және көпұлтты қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
– Ақмола облысындағы этномәдени бірлестіктер де ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта отырып, ел бірлігін бекемдеуге зор үлес қосты, – деді Марат Ахметжанов салтанатты жиында.
Аталған шарада бірқатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелері марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ардагерлері Амангелді Сыздықов пен Жамұл Мұсханов бар.
Сонымен қатар мерекеге орай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған Көкшетау қалалық орталық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева мен 5510 әскери бөлімшесінің звод командирі Еркен Халиолинмен тілдесіп, бір ауыз пікірлеріне құлақ түрдік.
– Бүгінгі мерекеде емхана жұмысын ескеріп, облыс әкімі өз алғысын жеткізіп жатқаны біз үшін зор қуаныш. Бұл марапат менің ғана емес, халық денсаулығы үшін жан аямай қызмет атқарып жатқан барша ұжымның жетістігі. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы құтты болсынІ – дейді Ғалия Сабатаева «Арқа ажары» газетіне берген сұқбатында.
– Біз еліміздегі тұрып жатқан әр бір азаматтың бейбітшілігі мен бостандығы үшін жауаптымыз. Біз өз қызметімізде тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын әрі қалыпты өмірін қамтамасыз етудеміз. Осы орайда бірлік пен келісім – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуіміз керек, – дейді әскери қызметтегі Еркен Алтайұлы.
Жиында арнайы сөз берілген Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрбол Қабдин полиция қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді. Айтуынша, пәтерде жалғыз қалып, біраз уақыт хабарсыз қалған әжесін тәртіп сақшылары құтқарып қалған. Көпқабатты үйдегі пәтердің есігін аша алмай, ар жағындағы әжесінің халінен хабарсыз қалған ол абдырап не істерін білмей қалғанында, аулада өз қызметтерін атқарып жүрген полиция қызметкерлерін көмекке шақырыпты. Өз ісіне мығым полицейлер шара қолданып, есікті ашып кіргенде расында да үлкен кісінің жағдайы нашарлап, қан қысымы түсіп, есінен танып қалған екен. Дереу жедел жәрдем шақырылып, ауруханаға жеткізіліпті. Бүгінде әжесінің беті бері қараған Нұрбол Қабдин қиын сәтте қол ұшын созған полиция мен жедел жәрдем қызметіне риясыз алғысын жеткізеді.
Шара соңы өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламамен аяқталды. Айта кетейік, Ақмола ассамблеясы құрамында 40-тан астам этномәдени бірлестік, 104 аналар кеңесі, 21 ақсақалдар кеңесі бар. Сонымен қатар, өңірде ғылыми-сараптамалық топ, медиация кабинеті, журналистер клубы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігі, мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы, кәсіпкерлер қауымдастығы жүйелі түрде жұмыс істейді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.