Жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу: заманауи тәсілдер, практикалық шаралар

Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүйесінде жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алуға бағытталған жалпы шаралар маңызды рөл атқарады. Бұл шаралар «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттелген, жануарлар иелерінің жануарлардың денсаулығы, күтіп-ұстауы және пайдалануы үшін жауапкершілігі көзделген. «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабында «Жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөніндегі міндеттері» көрсетілген.

Жануарлармен жұмыс жасағанда, тек кейбір жұқпалы аурулардың зоонозды және адамдарға берілмейтінін үнемі есте ұстаған жөн (мысалы, шошқа обасы). Мұндай аурулардың көпшілігі антропозооноз болып табылады және адамдарға жұғады. Сонымен қатар, жануарлар адамның жұқпалы және паразиттік ауруларының тасымалдаушысы болып саналады. Сондықтан, жануарлардың жұқпалы және паразиттік ауруларының алдын алу өзекті мәселе болып қала береді. Аурушаңдықты төмендетуге арналған алдын алу шаралары ретінде өңірдегі және оған іргелес аумақтардағы эпизоотиялық ахуалға тұрақты мониторинг, сау жануарларды жоспарлы түрде вакцинациялау, қоздырғыш – кеміргіштер мен жәндіктерді тасымалдаушыларды жою, жаңа жерге келген жануарлармен карантиндік іс-шаралар жүргізіледі. Ауру туындаған жағдайда оқшаулау, оларды емдеу немесе жою, қайта өңдеу немесе кәдеге жарату, сондай-ақ, оларды күтіп-ұстау орындары мен іргелес аумақты зарарсыздандыру жүргізіледі.

Жануарлардың жұқпалы ауруы олардың ағзасына белсенді таралып және көбейе бастайтын патогендік микробтар мен вирустардың енуінің нәтижесі. Жұқпалы аурулар дамудың нақты анықталған кезеңдерімен, бір жануардан екіншісіне берілуімен, антиденелер өндірісі түріндегі организмнің ерекше реакциясымен және әдетте, ауруды сәтті жеңген кезде иммунитеттің қалыптасуымен сипатталады.

Жұқпалы аурудың таралуының негізгі себептері жануарлардың заңсыз тасымалдануы, олар үшін жем, сондай-ақ, сезімтал жабайы жануарлардың көші-қоны болып табылады.

Жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алудың негізгі шаралары:

Ветеринариялық заңнамаға сәйкес шаруашылықта жануарларды бірдейлендіру және есепке алуды жүргізу;

Эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізу (зерттеу, вакцинациялау, жануарларды өңдеу, үй-жайларды дезинфекциялау);

Шаруашылыққа енгізу (әкелу) алдында жұқпалы ауруларға зерттеулер жүргізу және жануарларды карантиндеу;

Мемлекеттік қызмет мамандарын шаруашылықтан тыс жануарлардың орын ауыстыруы туралы алдын ала хабардар ету;

Бөгде адамдардың шаруашылыққа баруына және шаруашылыққа қызмет көрсетумен байланысты емес көлік құралдарының кіруіне жол бермеу;

Жабайы және қараусыз жануарлардың шаруашылық аумағына кіруіне жол бермеу және олардың жануарлармен және жеммен байланысын болдырмау;

Шаруашылық аумағына кірер алдында дезбарьерлерді және мал шаруашылығы үй-жайларына кіре берісте дезковриктерді қолданыста ұстау;

Ферманың (шаруашылықтың) аумағына кіру және шығу кезінде көлік құралдарына дезинфекция жүргізу;

Жануарларға арналған жемді олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болған кезде немесе тиісті зерттеулер жүргізілген кезде ғана пайдалану;

Мемлекеттік ветеринариялық қызмет мамандарының мал сою алдындағы қарауын және мал шаруашылығы өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу.

Шаруашылықта түзілетін биологиялық қалдықтарды жою қағидаларын сақтау;

Жануарлардың ауруы мен өлімінің барлық жағдайлары туралы мемлекеттік ветеринариялық қызметтің ветеринарлық мамандарын қысқа мерзімде хабардар ету.

Бұл іс-шаралар кешенін заңнамаға сәйкес жергілікті ветеринарлық ауруханадан (ветстанциядан) және одан жоғары деңгейдегі ветеринарлық қызмет мамандары орындайды. Жануарлардың иелері ветеринариялық мамандардың нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға, ал, жануарлардың ауруына шамалы күдік туындаған жағдайда оларды дереу хабардар етуге міндетті.

Жанат ОСПАНОВ,
Ақмола облысы ветеринария басқармасының
эпизоотияға қарсы шаралар бөлімінің бастығы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар