Көкшенің асылы Сертай аға

Есімі ел есінде

Ұшы-қиырына көз жетпейтін телегей теңіз астықты алқаптарымен, дархан дала төскейінде мыңғырған малымен сонау алпысыншы-жетпісінші жылдары Көкшенің даңқы Кеңес Одағына жайылды. Ал, көл-көсір осы ең байлықтың иесі қарапайым еңбек адамы, кәдімгі диқан мен малшы екенін қалайша мақтан етпеске? Елі ардақтап, тұғырға қондырған асыл перзентіміздің бірі, Социалистік Еңбек Ері, «Раздольный» совхозының даңғайыр диқаны Сертай Бектұрғанов арамызда бірге болғанда 8 наурызда 90 жасқа толар еді-ау. Тағдырдың жазуымен елу үш жыл ғұмыр кешсе де, ол ғасыр жүгін арқалағандай халқына адал еңбек етті.  

Тағдырдың сынағындай соғыс жылдары бұғанасы бекімей жатып, ол да ересектермен бірге тылдағы тіршіліктің ауыр жүгін арқалады. Табаны күс-күс болып, жуынуға да шамасы келмей, анасының етегінде ұйықтап қалатын балғын Сертай күн ұзаққа шөп жинап, қозы баққанына мәз болатын. Есейе келе төсек тартып жатқан Жамал анасына талғажу болсын деген ниетпен аңызға барып, масақ жинайтын. Сол жолы дорба толы масақты арқалап үйіне келгенде, ана кереуеті жанында үнсіз тұрған әкесі мен көрші кемпірді көргенде бойы мұздап кетті. Ғазиз анасымен мәңгілікке осылай қоштасты. Арада жыл өткен соң шаңырақтың тірегі Бектұрған әкесі де қара жердің қойнауына кірді.

Өмірдегі ең жақын жанашырларынан айырылған балғын Сертайды Өркен ауылында тұратын Рәзия апасы мен Жылқыбай жездесі бауырларына басты. Қайырымды жандардың қамқорлығымен жездесінің ұстаханасында көрік басып, отқа қыздырылған темірлерді қамырша илейтін. Өзінен бес жас үлкен немере ағасы Тайлақ екеуі ер жетіп, Күлзейнеп пен Дәмештей екі аруды қолдарына қондырып, апа-жездесінен енші алып шықты.

Еңбектің дәмін ерте татқан пысық өрен сол кездегі «Жданов» колхозының орденді шопаны Павел Молчаннан қой бағудың қыр-сырын үйренді. Одан арғы еңбек қадамы диқандық кәсіппен жалғасты. Отбасы жағдайымен үш кластан әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмаса да, Краснояр селосындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебін бітіріп, «У-2»-ден бастап «НАТИ», ДТ-54, ДТ-75 тракторларын шеберлікпен меңгерді. Тәжірибесі толыса келе, жыл сайын екі мың гектар жұмсақ жерді өндеп, 1964 жылдан бастап комбайншы кәсібін қоса атқарды. Дала кемесінің штурвалын алғаш ұстағанда совхоздың тәжірибелі диқандары Арғын Сәрсенбаев пен Валентин Зательмаэрден көп дәріс алды. Егіншілер арасындағы жарыста көш бастаған Сертай сол жылдары күндік нормасын 150-200 пайызға орындап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Партия қатарына қабылданды.

1971 жылдың сәуірі. Қардың шеті сөгіліп, көктем лебі сезіліп тұр. Ылғалдың молдығы – егінші ырыздығы. Үйреншікті дағдымен ол Жамбыл ауылындағы егіс алқаптарын аралап шықты. Көктемгі науқанға дайындық қаншалықты тыңғылықты болғанымен, нәтиже ауа райына байланысты ғой. Оған да ерте қам жасаған жөн.

Сырттан «Сүйінші! Сүйінші!» деген қуанышты хабар естіліп, екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы Сертай орнынан тұрып, есік жаққа беттей бергенде партком хатшысы Борис Тимофеевич Голевой үйге кіріп келе жатқан-ды.

– Жаңа ғана обкомнан радиограмма алдық. СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1971 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығымен саған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті. Осы қуанышты жаңалықты өзіңе жеткізейін деп құстай ұшып, әдейі келіп тұрмын. Директор да күтіп қалған шығар. Жүр, кеттік, – деді партком хатшысы.

Айтса-айтқандай, совхоз директоры В. Завада алшаң басып кеңсеге кіріп келген Сертайды көріп:

– Әй, батырым-ай! Жарайсың. Еңбек Ері атандың! – деді шаттанып.

–Алдымен, өзіңізге, Владимир Григорьевич, шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар, шалғайдағы ауылдың сары баласын Мәскеу қайдан білсін, – деді Сертай да ағынан жарылып.

Көкшетау ауданындағы іргелі астықты шаруашылық – «Раздольный» совхозын сонау тың игеру жылдарынан басқарған өз ісінің білгірі Владимир Григорьевичті мен де ертеден білетінмін. Аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болған кезімде пленумда, сессияда жиі кездесіп, еңбек ұжымдарындағы ахуал, егіншілер мен малшылар арасындағы еңбек бәсекесін өрістетуге қатысты пікір алмасатынбыз. Қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін жақсы білетіндіктен, ол қарапайым адамдардың күнделікті мұқтаждықтарына да жете көңіл бөлетін. Кезінде «Күсе́п» совхозының қарамағындағы Жамбыл ауылын тың эпопеясы басталғанда, жанашырлықпен өз шаруашылығына қосып алған да осы Владимир Завада болатын.

Сегізінші бесжылдықта данғайыр диқан Сертай Бектұрғанов «СК-4» комбайнымен 1555 гектар алқаптың астығын бастырып, он жеті маусымдық норма орындады. Алтын астық жолындағы жорықта мұндай жоғары көрсеткішке тек өз ісіне шынайы берілген адам ғана қол жеткізе алады. Бұл еңбегі де зая кетпей, жыл қорытындысы бойынша омырауына Октябрь Революциясы орденін тақты.

Сертайдың шаруашылықты басқаруға икемділігін аңғарған көреген басшы В. Завада оны Жамбыл ауылынан орталыққа көшіртіп, Еңбек Ері атағына сай құрмет көрсетті. №1 трактор-егіс бригадасының тізгінін ұстатып, су жаңа «Кировец-700» тракторын, «Газ-53» жеңіл автокөлігін бергізді. Бригадир Сертай Бектұрғанов болса, асханасы, саунасы, жатып тынығатын бөлмесі бар жаңа үлгідегі дала қосын салғызды. Қатты жамылғылы жол да тартылды. Өздеріне жасалған қамқорлықты жете түсінген бригада механизаторлары еңбек көрігін одан әрі қыздыра түсті.

Бәріміздің рухани әкеміздей болған бірінші хатшы Азнабай Әбілмәжіновтың тікелей қолдауымен Сертай аудандық Кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Енді, міне, ол Кремльдің Съездер сарайында өтіп жатқан Кәсіподақтардың Бүкілодақтық XV съезіне делегат ретінде қатысуда. Президиумда өзі сияқты одақтас республикалардан келген өндіріс озаттары, ғалымдар, ғарышкерлер, бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағының мақтанышына айналған атақты тұлғалар отыр. Сертай олардың есімдерін сырттай естісе де, осы жолы алғаш рет көзбе-көз көрді. Ал, КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің съезде сөйлеген сөзінен алған әсерін аудан активімен, бригада механизаторларымен, ауылдастарымен бөлісті. Шалғайдағы ауылдан түлеп ұшқан қарапайым қазақ жігітінің осылай бағы жанып, құрметке бөленуінің өзі нағыз бақыт емес пе?!

Арада жарты жылдай уақыт өтпей жатып, Сертай Бектұрғанов «Огонёк» журналының редакциясында қонақта болды. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген танымал тұлғалармен кездесуге ол Қазақстаннан жалғыз барған екен. Осы оқиғаға байланысты «Раздольный» совхозында комсомол комитетінің хатшысы болған, Айғыржал ауылының тумасы, елге сыйлы елгезек азамат Жұмаш Ерғалиұлы мынадай қызықты естелік айтты:

– Жамбыл сегізжылдық мектебінде істеп жүргенімде әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышымды Тынық мұхит флотындағы сүңгуір қайықта өтедім. Газет-журналдарды, хаттарды бізге тікұшақпен жеткізетін. «Огонёк» журналының 1972 жылғы қыркүйек айындағы нөмірінің бірінші бетінен Сертай ағаның фотосын көзім шалды. Қуанғаннан бұл кісінің Қазақстанның атақты адамы, Социалистік Еңбек Ері, тіпті нағашым екендігін де айттым. Замполит мені лезде командирге алып барды. Әскерге Көкшетау облысының «Раздольный» совхозынан шақырылғаныма, «Огонёк» журналының басты кейіпкері Сертай Бектұрғанов жерлесім екендігіне көздері жеткен соң, теңізшілерге жария етті. Жауынгерлік жақсы дайындығым үшін Сертай ағаның шарапатымен алты айдан кейін елге демалысқа келдім.

Ал, Жұмаш Төкеновке келер болсақ, «Раздольный» совхозы мен Көкшетау аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде жұмысшылар комитетінің, селолық кеңестің төрағасы, селолық округтың әкімі болып істеді. Сертай ағасымен бірге совхоз парткомының мүшесі болғанында ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді бірлесе шешті. Әсіресе, Раздольный орта мектебі жанынан құрылған мектеп оқушыларының өндірістік бригадасының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетті. Тоғызыншы, оныншы сыныптың жүз оқушы қыз-жігіттері егіс алқабында, сиыр фермасында еңбек көрігін қыздырып, кәсіби біліктіліктерін шыңдады.

«Орнында бар оңалар» демекші, аяулы аналары Дәмеш Оспанқызы екеуінен тәлім-тәрбие алған төрт ұл-қызы мен сегіз немере, алты шөбересі мен Сертай әкелері бүгіндері Бектұрғанов әулетінің отбасылық дәстүрін абыроймен жалғастырып, ағайынның ілтипатына бөленуде. Жергілікті шаруашылықта механизатор, бригадир болып істеген Мәлік ұлы бертін ерте дүние салса, келіні Айгүл «Сенім» орталығында жұмыс істеп, көзінің қарашығындай жалғыз ұлы Бахтиярдың тілеуін тілеуде. Ал, қыздары Дәриха мен Нәсиха, күйеу балалары Пішенбай мен Қажығали Көкшетау қаласында тұрады, іргелі отбасының иелері.

Ал, кенже ұлы Дулат пен келіні Қанат Алексеевка селосындағы аурухана мен «Сенім» орталығының белді қызметкерлері. Әулеттің қара шаңырағында түтін түтетіп, перзенттік борыштарын адал атқарып жүрген ұлы Мұрат пен келіні Гүлбаршын Бексұлтанқызы әке мұрасын насихаттаумен белсене айналысып жүр. Өзен орта мектебіндегі  өлкетану музейінің экспонаттары ел тарихынан сыр шертсе, тұтас қабырғаны алып жатқан жеке стенд Сертай Бектұрғановтың өмірбаянына арналыпты.  Сондай-ақ, былтыр Еңбек Ері тұрған көшеге есімі беріліп, үйіне мемориалдық тақта орнатылыпты.

Бүгінгі Өзен ауылының кескін-келбеті Сертай сияқты асылдар өмір сүрген уақыттағымен салыстырғанда жаңара түспесе, бір өзгерген емес. Жүз елу отбасының 97 пайызын қазақтар, соның ішінде жиырма отбасын қандастарымыз құрап отыр. Алайда, өкінішке орай, елдің үлкендерінің қатары жылдан-жылға сейіліп барады. Кешегі күні Сертаймен бірге істегендерден жеке жүргізушісі Қайыркеш Өзбеков, механизаторлардан ұлты неміс Яков Кресс, Мақаш Төкенов, Алпысбай Аткенов, Қазезхан Мұқылаев, Қалихан Жүсіпәлин ғана қалыпты.

Мынау дөңгелеген дүниеде отаншыл, намысшыл, жаны таза адамдардың көп болғаны қандай жақсы. Олармен сыр бөлісіп, сыйластық қарым-қатынас жасаудың өзі бір ғанибет емес пе. Мінезі қаталдау болғанымен, Сертай ағамыз қолы ашық, көпшіл азамат болатын. Жаратқан иемнің шектеулі елу үш жасын жасап, Еңбек Ері, оған қоса, екі бірдей орденнің иегері атанып, Көкше тарихында өшпестей із қалдырған ел ардақтысы Сертай Бектұрғановтың қасиетті есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталары сөзсіз.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қаласы және Зеренді ауданының  құрметті азаматы,
партия-совет органдарының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар