Айналаңда адам бар
Жарық дүниеге келген соң, әркім өзіне бұйырған тағдырды кешеді. Кейде өміріңді өзгерткің келіп, бар қиыншылық пен ауыртпалықтан қашып құтылмаққа қанша ұмтылсаң да, әйтеуір, бір тығырыққа тірелесің … Дәл осыны біз Көкшетау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына барғанымызда барар жер, басар тауы қалмағандардың көзқарасынан ұқтық. Иә, бірінші кезекте оларды әрине, аяйсың. Тағдырға мойынсұнып, жолында кездескен ауыртпалықты көтере алмай, әлсіздік танытқандарға қарап не деуге болады? Содан соң біз «бұл тірлігіне олардың өзі кінәлі» деген қорытынды шығарамыз да, табалау мен жазғыруға көшеміз.
Бірақ, біз өмірдің ащы-тұщысын көбірек татып, сан алуан тағдыр кешіп жүрген тжандардың да қоғамымыздың бір мүшесі екенін естен шығара алмаймыз. Сол үшін еліміздің әр аймағында панасыз, үйсіз-күйсіз қалғандарға арналған бейімдеу орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі Көкшетау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығы. Бұл орталықтың атқарып отырған жұмысы әрі зор, әрі күрделі де жауапты.
Мекеме 2002 жылдан бастап өз жұмысын бастаған. Осы жылдар аралығында мұндағы қызметкерлер төрт мыңға жуық қорғансызға пана болып, оларды қалыпты өмірге бейімдеуге өз үлестерін қосқан. Ал, өткен жылы 180 адам келіп, осы орталықты паналаған. Мекеме директоры Әлия Мырзахметқызы Әшімованың айтуынша, бұл жерге тұрақтағандарға мемлекеттік стандарттар мен мекеменің жарғысына сәйкес, медициналық-психологиялық көмек және оларды тұрмысқа бейімдеу, құқықтық қорғау, еңбекке тарту сияқты әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Барлығы 37 адам жұмыс істейтін мекеме 50 орынға лайықталған. Бүгінде мұнда 45-ке жуық адам тұрып жатыр. Әрбір келушінің тұру уақыты стандарт бойынша бір жылға дейін. Бірақ, ұзақ мерзімді құжат жасау ісі мен кейбіреулердің мүлдем барар жері жоқтығына байланысты олар бұл жерді үш жылға дейін де паналайтын көрінеді.
– Көбінесе қиыншылыққа ұшыраған жандар өздері келіп көмек сұрайды. Көшедегі тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды полиция патрулі жеткізеді. Өмірде бәрі болады. Кейбір қорғансыз адамдардың еңбегін пайдаланып, маңдай тер, табан ақысын берместен, есіктің алдына әкеп тастайтын жағдайлар да кездеседі. Біздің қызметкерлер оларға орын дайындап, жуындырып, тамағын береді, – дейді Әлия Әшімова газетімізге сұхбат беру кезінде.
Түскен адамдардың жай-күйін алдымен психолог пен дәрігер қарайды. Бірінші кезекте оларға қаланың медициналық мекемелерінде флюорография жасалады, оның қорытындысы шыққанша арнайы оқшаулау бөлімдерінде болады. Жалпы, мекемеге медициналық қарсы көрсетілімдері бар науқастар, мәселен, туберкулез ауруына шалдыққандар, ақыл-есінде тұрақтылығы жоқтар мен нашақорлар және қатты мас күйіндегілер қабылданбайды. Себебі, бұл жер емдеу мекемесі емес, тек үйсіз-күйсіздерге уақытша тұрақ болатын жер. Ал, жоғарыдағы айтылған науқастар түскен жағдайда, дәрігерлердің анықтамасы бойынша олар арнайы емдеу мекемелеріне жіберіледі. Мұнда да айнаға түсуге алып барып, алып келу, ауруханаға жатқызу мекеменің өзінің арнайы автокөлігімен іске асырылады.
– Бұл жерге түскендердің басым көпшілігінің құжаттары болмайды. Әлі күнге дейін кеңестік кездегі «қызыл паспортпен» жүргендері де бар. Кейбіреулерінің құжатын жасап беру Ресей, Беларус, Украина мемлекеттерімен байланысты болғандықтан, қиынға соғып жатады. Ол көп уақытты алады. Біз қолымыздан келгенше зейнеткерлік, мүгедектік санаттарына байланысты құжаттарын рәсімдеп беруге тырысамыз, – дейді келесі бір сөз кезегінде Әлия Мырзахметқызы.
Сонымен қатар, орталыққа түскендер арасында ауру-сырқауы, жарақаты, қатты аяздарда үсік шалған жерлері бар, қол-аяғын, қабырғасын сындырып алып, дене мүшесіне зақым келтіріп, ем ала алмай жүргендер де кездеседі. Ондай құжаты, тіркелімі жоқ жандарға да бей-жай қарамай, мекеме басшылығы қаладағы ауруханалармен сөйлесіп, жатқызуға мүмкіндік алып береді.
Жалпы орталықта келушілерге барлық жағдай жасалған. Үйсіз-күйсіз, панасыз қалғандардың жылы ұясына айналған орталықтың өз асханасы, жуыну орындары, акт залы, кітапханасы және спорт залы бар. Барлық жерде тап-тұйнақтай тазалық, аялы алақандардың жылы табы сезіледі. Мұндағыларға үш уақыт ыстық тамақ беріліп, кітап оқып, жағдай жасалған. Мекемеде сонымен қатар, бір тәулікке түнеп шығуға арналған арнайы бөлім бар. Бұл кәдімгі қалада бұрын болған айықтырғыш сияқты. Байқауымызша, «нағыз өмір» осында қайнайтындай… Бірі келіп, бірі кетіп, әртүрлі жағдайлар орын алып жататын бұл бөлімнің қызметкерлері осындай әрбір жағдайға салқынқандылықпен қарауға әбден үйренген сияқты. Оларды жуындырып, тамақтандырып, одан әрі қарайғы өмірін реттеумен осы санитарлық қызметкерлер айналысады. Содан соң мекеменің стандарттарына сәйкес, қалыпты өмірге бейімделгісі келетіндерді алып қалып, оларды қабылдау бөліміне медик, психолог мамандардың кабинеттеріне апару да осы қызметкерлердің шаруасы. Осы тұста күнделікті жұмыстары түрлі оқиғалар мен қайшылықтарға толы бұл санитар қыздарға сабыр мен төзім тілесек артық бола қоймас.
Санитар мамандар келушілерді алдымен медициналық пунктке апарады. Ол жерде медбикелер дәрігерге дейінгі медициналық қызмет көрсетеді. Медбике Бақыт Сыздықова келушілерді алдымен, медициналық тексерістен өткізіп алудың маңыздылығын айтады. Мұнда да жұмыс қауырт.
– Біз келушілердің қан қысымын, дене қызуын, бойын, салмағын өлшеп, оларға алғашқы медициналық қызмет көрсетеміз. Содан соң оларды флюорографиядан өткізу үшін арнайы көлікпен ауруханаларға апарамыз. Олардың тексеріс қорытындыларына сәйкес барлық анықтамаларын жинау да біздің міндетіміз, – дейді Бақыт Сыздықова осы медицина пунктінде болғанымызда.
Аталған бейімдеу орталығы 2020 жылы толық күрделі жөндеуден өткізіліпті. Өткен жылы қалалық бюджеттен мекемені ұстауға және жаңартуға 163 миллион 900 мың теңге бөлініп, аталған мекеменің техникалық базасы толығымен жасақталыпты. Қызметкерлердің жұмыс орнындағы компьютерлер жаңартылып, тоңазытқыш, кір жуу машиналары сатып алынған. Сонымен қатар, ұйықтау бөлмелеріне су жаңа шкафтар, кереуеттер, матрастар, көрпе-жастықтар сатып алынып, әр бөлмеге үстелдер қойылған. Спорт залға шынығу, жаттығу құрал-жабдықтары сатып алынып, акт залының да керек-жарақтары түгенделіпті. Бұл қаражаттың белгілі бір бөлігі, сонымен қатар, мекеменің жылдық азық-түлік қорына жұмсалған. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтер, қызметкерлердің жалақысы сияқты өзге де шығындар осы бөлінген қаражат аясында игерілген.
Мекеме директоры Әлия Әшімова бейімдеу орталығының ішін өзі аралап, көрсетті. Теледидар көріп, киімінің жыртылған жерін тігіп, өзара әңгімелесіп, шүйіркелесіп отырғандармен тілдесіп көрдік. Мұндағы жағдайын, өткен өмірі мен өз тағдырына қатысты ойларын аз-кем сұрастырып көрдік. Олар жақын-жуықтарынан қамқорлық көрмей, далада қаңғып қалғандарында бауырына басып, мейірім танытқан мекеме ұжымына алғыс айтады. Өздері де кінәлі әрқилы тағдырынан сыр шертеді. Алдағы жоспарында адам болып, ел қатарына қосылып, жұмыс істеп, отбасын құрсам, не бұрынғы жанұясымен қайта табыссам екен деп армандайды. Біз терезеге қарап, ой кешіп отырған жігіт ағасына жақындадық. Келген шаруамызды айтып тілдескенімізде Дулат Сәдуақасов Біржан сал ауданының тумасы болып шықты. Отбасынан, балаларынан ішімдіктің кесірінен ажырап қалғанын, сол ауданда құрылыста жүріп, аяғын кесіп алып, зор бейнетке ұшырағанын білдік. Қиыншылықтың құрсауында қалғанында қол ұшын созар жақыны болмағандықтан, амал жоқ, осы мекемеге жүгінуге тура келіпті. Мұндағылар құжаттарын рәсімдеп, аяғына ота жасатуға жәрдемдесіпті. Үш айдан бері осы жерді пана тұтқан Дулат сауыққан соң, жұмысқа тұрғысы, әрі қарай сәтін салса, үйленгісі келеді. Бұрынғы қателіктерін қайталамай, жаңа өмірге қадам бассам дейді.
Ал, 37 жастағы Мәрлен Қайыргелдіұлының осындай хәлге душар болуының себебін өзіміз де түсінбедік. Көкшетауда анасы, қарындастары, бауыры бар адамның ағайын-туыссыз емес екені белгілі ғой. Соған қарамастан, өзін панасыз, қорғансыз сезініп, осы мекеменің табалдырығын аттауға мәжбүр болғанына қарағанда, тағы да сол баяғы ащы суға көбірек арбалып қалған сияқты. Кінәлі адамдай кібіртіктеген ол өз өмірінің өткен тұстарын есіне алғысы келмейді. Далада суықта қалғаны себепті денесіне суық өткізіп алып, мүгедектер арбасына таңылғаны жанына батыпты. Бірақ, бүгінде беті бері қарап, өз бетімен жүріп-тұруға жараған Мәрленнің алдағы жоспарын сұрасаңыз, жүзіне сәл жылу ұялағандай болады. Ол жоспарларын қуанып, құлшыныспен айтады.
– Мен бұрын банкте менеджер болып істедім. Бірақ ол жұмысымнан айырылып қалдым. Осы жерден шыққан соң, түзу бет бұрсам деген біраз жоспарларым бар. Құрылысқа, қара жұмысқа барсам да, өз өмірімді реттеуім керек, – дейді Мәрлен.
Ал, осы жерде үш айдан бері тұрып жатқан 66 жастағы Василий Пугачтың құжаттарын мекеме қызметкерлері Қарттар үйіне дайындап жатыр. Василий жастайынан қосылған жарынан айырылған соң, екінші рет үйленген. Өкінішке орай, ол әйелі де өмірден ерте озыпты. Осы екінші әйелінің балалары Василийдің үш бөлмелі пәтеріне иелік етіп, «сатып, саған бір бөлмелі пәтер әпереміз» деп алдап соғыпты. Соңында баспанасыз қалған ол осы орталыққа келуге мәжбүр болыпты.
Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында бұрындары сауыншы болып істеген Бақыт Қыйзегенованың да өмірі тек қуаныш пен сүйініштен тұрмайды. Бір сөзінде күйеуі жағынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып қалды. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін онымен ресми түрде ажыраспаған сияқты. Ол мұндағы жағдайының жақсы екенін айтып, еден жуу, ыдыс жуу сияқты шаруаларға да қолқабыс етіп қоятынын аңғартты.
– Екі қызым бар. Олар тұрмыста. Әрқайсысының өз отбасылары бар. Менің оларға салмақ салғым да, барғым да келмейді, – дейді бір сәт мұңайып.
P.S. Міне, бұл жерге түскендердің әрқайсысының осындай жеке-жеке өз «хикаялары» бар. Осындайда «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, адам баласы өмірге келген соң, қалыпты өмір сүруден бөлек, оқу-білімге, ой тереңіне ұмтылу керек. Аштық пен соғыстан аман тұрғанда адам баласы кез-келген қиындықты жеңуге қауқарлы әрі бұл жарық дүниеде әркімге мүмкіндік молынан жетеді. Бірақ, сол мүмкіндікті пайдалана алмай жатқан осындай адамдардың әлсіз шоғырын кезіктіргенде, әрине, қынжыласың. Олардың қоғамды артқа тарту қауіпі мен өз ортасына, айналасына тигізетін зиянын, өскелең ұрпақтың тәрбиесін ақсатып алатын жағдайларға себеп болатынын ойлаудың өзі ауыр. Бұл орайда, Көкшетау қаласындағы біз көргендегідей, өз жұмысын жақсы жолға қойған бейімдеу орталығының болуының маңызы зор.
Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында, әлеуметтік жағдайы төмендеген адамдарды өмірге қайта бейімдеу үшін орталықта диспетчерлік қызметі жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз. 77-49-89 нөміріне қоңырау шалып, тұрғылықты мекен жайы жоқ, қиын жағдайда қалған жандар туралы ақпарат беруіңізге болады. Өткен жылы орталық 88 қоңырау қабылдап, 88 тағдырға араша түсіпті. Сол өмірге үміт оты қайта жанғандардан орталыққа алғыс сезімі де аз болмағаны анық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.