Қар шығарылуда

Тасқынға — тосқауыл  

Көкшетау қаласында көктемгі су тасқынының алдын алуға белсенді дайындық жүргізілуде.

Тұрғын үйлерді қорғау шаралары аясында 190 тонна құмтас әкелінді және 10 000 қап сатып алынды, олардың 2000-ы толтырылған және пайдалануға дайын. Қауіпті аумақтардың айналасында тосқауыл бөгеттерін құру үшін қаптарды толтыру жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, су ағызу арналары мен жауын суы жүйелерінің жай-күйі бақылануда. Еріген қар суын дер кезінде бұру үшін жауын суы канализациясының арықтары мен науаларын қар мен мұздан тазарту жұмыстары жүргізілуде. «Көкше Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 450 текше метр инертті материал және Бірлік шағын ауданындағы бөгетті нығайту үшін 309 текше метр инертті материал жеткізілді.

«Зерен Плюс-2006» ЖШС негізгі су ағызу арнасын бұру үшін Вавилов көшесінен Сәдуақасов көшесіне дейін қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, Біржан сал мен Сәтпаев көшелерінің арасындағы негізгі су өткізу арнасында мұзды кесу және жою жұмыстарын бастады.

– 2024 жылдың күзінде Вавилов көшесінен Қылшақты өзеніне дейінгі және Химкомбинаттан Остапенко көшесіне дейінгі негізгі арнаның учаскесін қоқыс пен арам шөптерден тазартып, кей жерлерде арнаны кеңейтіп, Құсайынов көшесінде жаңа арнаны қазу жұмыстары жүргізілді. Жол бойындағы су ағызу науалары мен су өткізу жолдарын қоқыстан тазарту жұмыстары жүзеге асырылды. Әшімов пен Абай көшелеріндегі көпірлерге су өлшегіш сызғыштар орнатылды. Барлық көпір тіректеріне өлшем белгілерін қою жоспарланып, бөгеттерді нығайту үшін қап дайындау жұмыстары жалғасуда, – деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Б.Әшірбеков.

Жыл сайын су басатын жерлерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылды, Застанционный шағын ауданы, Қуанышев көшесі, Бармашино шағын ауданынан барлығы 2541 текше метр қар шығарылды. Ал, қала бойынша барлық шығарылған қар мөлшері 143 мың текше метрді құрап отыр.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Көктемге дайындық» акциясы аясында Целиноград ауданы елді мекендерінен полигондарға 173 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Күн сайын көшелерді 80-ге жуық арнайы техника – тракторлар, тиегіштер, құм таратқыштар мен автогрейдерлер қардан тазартып жатыр. Су тасқыны кезеңі қарсаңында қарды шығару, автомобиль және теміржол нысандарын қар мен қоқыстан тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, инертті материалдар қоры дайындалуда. Наурыз айының басында дренаждық-арық жүйелерін тазарту және елді мекендерге жақын орналасқан алқаптарды «қаралау» жұмыстары басталады. Бұл шаралар су тасқыны жиі тіркелетін аймақтарда еріген судың ағынын жақсартуға бағытталған.

Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Жеке аулалардан қарды уақытылы шығару, оны көшеде үйіп, кейіннен полигонға әкету, арықтар мен су өткізу құбырларын бітемеу және оларды тазарту қажеттілігі ескертілуде. Сондай-ақ, тұрғындарға үй маңындағы аумақты нығайту үшін алдын ала инертті материалдар мен қаптар дайындау ұсынылады. Су тасқыны жағдайында жергілікті атқарушы органдар суды сору үшін жеңдері бар мотопомпалар дайындады. Наурыз айының екінші онкүндігінен бастап, тәулік бойы су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын бастайды.

Көпжылдық мониторинг нәтижелері бойынша ауданда 27 елді мекен су басу қаупі жоғары аймақтарға жатқызылған. 2024 жылы су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған кешенді инженерлік-қорғау шаралары жүргізілді.

Халықты ықтимал эвакуациялау үшін 8 уақытша орналастыру пункті белгіленіп, оларда тамақтану, басқа да шараларды ұйымдастыру бойынша тиісті келісімдер жасалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру үшін 11 арнайы жайылымдық алаң дайындалды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Целиноград ауданы.

2 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар