ЦИФРЛАНДЫРУ
Қазақстанның туристік саласын дамыту жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Бурабай даму» компаниясы «Burabay Travel» мобильді қосымшасын іске қосады.
Жаңа цифрлық қызмет Бурабайға сапарларды жоспарлауды оңтайландырады. Ол саяхатшыларға қонақ үйлер, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарын табуға көмектеседі, сонымен қатар, демалыстың ыңғайлы әрі толыққанды өтуіне қолайлы. Осыған орай, Бурабай курортының туристік бизнес өкілдерімен кездесудегі ашық диалог барысында қатысушылар «Burabay Travel» қосымшасының жергілікті туризмді дамытуға мүмкіндіктерін талқылады. Бизнес өкілдері саланы цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, қосымшаны өз қызметтерін насихаттау үшін пайдалануға қызығушылық білдірді.
«Burabay Travel» қосымшасы туризм нарығын ашық әрі қолжетімді ететін болады. Туристер қонақ үйлерді брондап, гидтерді тауып, экскурсиялар мен іс-шаралардың кестесін нақты уақыт режимінде біле алады. Сонымен қатар, көрікті жерлер белгіленген картаны пайдалана алады. Жергілікті бизнес үшін бұл өз қызметтерін насихаттап, тұтынушыларды тартудың ыңғайлы құралы болмақ, соның ішінде маусымаралық кезеңде де.
Жеке саяхатшылар, балаларымен отбасылар, корпоративтік клиенттер және Бурабай курортында демалуды жоспарлап жүрген барлық адам осы қосымшаның мақсатты аудиториясы болып табылады. «Burabay Travel» арқылы олар алдын ала орналасу, ойын-сауық және қызмет түрлерін таңдап, саяхаттары мүмкіндігінше қолжетімді болады.
– «Burabay Travel» арқылы Бурабайда демалысты жоспарлау әлдеқайда оңай. Туристер үшін қолайлылық және жергілікті бизнеске қолдау көрсету – курортты дамытуға бағытталған қадам. Жаңартуларды қадағалап, өзіңіз үшін Бурабай әлемін жаңаша ашыңыз! – дейді «Бурабай даму» ЖШС Цифрландыру бөлімінің басшысы Ғизат Тайжанов.
«Burabay Travel» қосымшасын 2025 жылдың 15 наурызынан бастап барлық танымал мобильді платформаларда (iOS және Android) тегін жүктеп ала аласыз. Қазірдің өзінде қызметтің тестілік нұсқасын сынап көруге болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.