49,4 миллиард теңге бөлінді

Көктемгі егіс – 2025

Ақмола аграршылары өткен жылғы қаржылық міндеттемелерін толық орындап, 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 50 миллиард теңгеге жуық қаражат алды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері  мен өңірдің жетекші аграршы диқандары  қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемелерін мерзімінде орындады. «2024 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында шаруаларға 60 миллиард теңге бөлініп, ол толық игеріліп, уақытылы қайтарылды» делінген баспасөз хабарламасында.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы елімізде көктемгі егіс жұмыстарына 700 миллиард теңге қарастырылған. Егіс науқанына уақытылы дайындалу үшін фермерлер «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыруға былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап қол жеткізді.

Қазіргі уақытта жеңілдетілген несиеге берілген өтінімдердің жалпы көлемі 86,2 миллард теңгені құрайды. 2025 жылдың басынан бері 90,1 миллиард теңгеге 516 өтінім қабылданды. Оның 49,4 миллиард теңгесі мақұлданып, бөлінді. Атап айтқанда, аграрлық несие корпорациясы арқылы 13,6 миллиард теңгеге 164 өтінім, «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 22,3 миллиард теңге, екінші деңгейлі банктер арқылы 13,5 миллиард теңгеге 34 өтінім мақұлданды.

Осылайша, 2025 жылдың 1 наурызына дейін өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржыға қол жеткізді.

–Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет биылғы егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бұл фермерлерге айналым қаражатын толықтыруға, еңбекақы төлеуге, сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер және өзге де қажетті тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. Бөлінген бюджет қаражаты меншік түріне қарамастан, агробизнес субъектілерінің барлығына, шағын шаруа қожалықтарынан бастап ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына дейін қолжетімді. Жыл сайын біз шамамен 2,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қаржыландырамыз, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар