Қаржыландырудағы алалаушылық…

Көкейкесті

Өңірлік кәсіпкерлік палатасына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру қызметтерін көрсететін кәсіпкерлердің ұжымдық өтініш келіп түсті. Өтініш берушілер мектепке дейінгі білім беру жөніндегі мемлекеттік тапсырыстың жүйелі түрде қаржыландырылмайтынына шағымданады.

Шағымданушылар қызметкерлерге, соның ішінде педагогикалық құрамға жалақы мөлшерін ұлғайту мәселесін шешуге жәрдем көрсетуді сұрайды. Олардың айтуынша, мемлекеттік тапсырысты жүйелі түрде қаржыландырмау қаржылық қиындықтарға ғана емес, сонымен қатар, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік шиеленістерге де алып келеді. Бұған дейін кәсіпкерлер бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне, облыстық білім басқармасы мен бөлімдеріне, «Білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне сауалдар жолдаған болатын. Өз жауабында министрлік жергілікті атқарушы органдарға сілтеме жасайды. Олардың пікірінше, мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне жүгінеді. Оған сәйкес жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін әдістемемен бекітілгеннен тыс жергілікті атқарушы органдар тағы да белгілей алады. Облыстық білім басқармасы өз кезегінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сілтеме жасайды, оған сәйкес жеке білім беру ұйымдарында кәсіби қызметті жүзеге асыратын педагогтардың еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары айқындайды. «Жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне өзгеріс енгізілген жағдайда, аталған шығыстар өтелетін болады», – делінген мемлекеттік органның жауабында.

–Біз білім беру ведомстволарының ресми жауаптары тұйық шеңбер құрып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуді қиындататынын көріп отырмыз. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы», Қазақстан Республикасының Заңына сілтеу бұл жағдайда дұрыс емес. Білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар маңызды фактіні ескермеген және назарға алмаған. Өтініш берушілер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы шартқа сәйкес ішкі инвесторлар болып саналады. Сонымен қатар, шарттар отыз жылға жасалды және 2018 жылдан бастап қолданыста, – деп атап өтті бұл жөнінде өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Жоғарыда айтылғанындай, мемлекеттік тапсырыс сомасы жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне сәйкес есептеледі. Оған педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақылар, дене шынықтыру педагогтарының сабақтан тыс іс-шаралар өткізуі, сондай-ақ, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын көтеру, педагогтардың біліктілігін арттыруға жұмсалатын шығындар, ғимараттарды күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстар кірмеген. Осы ретте, мемлекеттік балабақшаларда бұл баптар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке және жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерге берілген ұйымдар үшін көзделмеген республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру есебінен жабылады. Шарттардың бұл теңсіздігі жеке серіктестердің білікті мамандарға олардың санаттарына сәйкес лайықты ақы төлеу мүмкіндігінің болмауына әкеледі.

Бұл жайт кадрлардың жұмыстан кетуіне және мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың дайындық деңгейінің төмендеуіне де әкеп соғуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін балабақшаларда тәрбиеленушілердің көмекшілері орта есеппен айына 100 мың теңге жалақы алса, мемлекеттік  балабақшалардағы дәл осындай қызметкерлер 18 мың теңгеге көп алады.

Осы арада біздің облысымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатымен жұмыс істейтін 8 балабақша бар екенін айта кетуіміз керек. Олардың жетеуі облыс орталығы Көкшетау қаласында орналасқан. Бәрі 2018 жылы бюджеттен ұстауға қаржы жетпейтін болған соң жеке адамдардың қолына 30 жылға сенімгерлік басқаруға берілген мектеп жасына дейінгі білім мекемелері.

Қолында қаржысы бар жеке кәсіпкерлер оларды жұмыс істетуге сол кезде өздеріне міндеттемелер алып, сол міндеттемелерін орындаған. Яғни, несие алу жолымен немесе басқа бір ретін табуымен сол балабақшаларды жөндеп, жаңартып, күні бүгінге дейін жұмыстарын тиісті жолға қойып келеді.

Тек осы «Әсел», «Болашақ», «Қарлығаш», «Өркен» сияқты 8 балабақшада мекемені бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі шешілмей келеді. Оның мөлшері бұларда мемлекеттік балабақшаларға қарағанда төмен. Оның мысалын жоғарыдағы тәрбиешілердің айлық жалақысындағы айырмашылықтан да көруге болады. Мәселенің өзі осыдан, яғни, педагогикалық құрамға жалақы көлемін ұлғайтуға тиісті орындардан көмек сұраудан туындап отыр. Осы жан басына шаққандағы қаржы мөлшері ұлғайтылса, әділдік орнап, тәрбиешілер жалақысы бір қаладағы өзге әріптестерімен тең болар еді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеде басқа аймақтардағы дәл осы жағдайды зерттеп те көрген. Сөйтсе, оларда жан басына шаққандағы қаржыландыру бізден жоғары болып шыққан. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында ол 62 мың теңгені құраса, Павлодар облысында және  Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында 80 мың теңгеге дейін барады.

–Айта кетейік, жақында кәсіпкерлердің белсенді қатысуы арқасында шешілген балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі туындады. Мектепке дейінгі білім беру саласына жеке инвестициялар мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, қолданыстағы қаржыландыру жүйесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке берілген мектепке дейінгі ұйымдардың толық жұмыс істеуіне, өздерінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауына және өз тәрбиеленушілерінің сапалы білім алу, даму, қауіпсіз жағдайлар мен дұрыс тамақтануға құқықтарына кепілдік беруіне мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені шешу үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінен тыс төлемді мемлекеттік балабақшаларға ұқсас республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеуді ұсынамыз, – деп толықтырды осыған байланысты өз сөзін Расул Сыздықов.

Әзір бұл жағдайдың қалай шешім табары белгісіз. Бірақ, шағымданушы тараптар оның дұрыс түйінін, яғни, әділдікті күтетіндігі аян. Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс қалай қаржыландырылуда дегенде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін балабақшалардың осы бір көріп отырған қиындығы шынында да дұрыс көңіл бөліп, ескеруді тілейтіні анық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

7 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар