«Ақай» сән үйінің директоры, көп балалы ана Ғалия Серікқызы Алдабергенова: «Сәнді киімдерді пішіп, тігуді бала кезімнен армандайтынмын»

Сұхбат 

Көктемнің көрікті мерекесі қарсаңында жеке кәсіпкер, Көкшетаудағы «Ақай» сән үйінің иесі, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, көпбалалы ана Ғалия Алдабергеновамен сұхбаттасып, ата кәсібіміз тігіншілік өнер жайында әңгімелескен едік. Ол сонымен қатар, Ақмола облысы жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, «Аманат» партиясы әйелдер қанатының мүшесі. Тігіншілікті шебер меңгерген белгілі маманмен сұхбат барысында осы салада табысқа жеткен сәнгердің еңбек жолы мен жетістіктеріне назар салдық.

– Ғалия Серікқызы, сіз белгілі журналистер Серік Алдабергенов пен Айтжан Оразбаеваның шаңырағында дүниеге келдіңіз. Балалық шағыңыз, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз.

– Мен 1979 жылы 17 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданында дүниеге келдім. Ата-анам елге белгілі адамдар, ақпарат саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері. Ал, әжем Ақық Көкше жерінде өткен  серілердің соңғы легінің бірі Жақып Еламанұлының маңдайынан шертпей өсірген ерке қызы болған. Әжемнің анасыАйкен де Қарауылдың атақты шешені атанған Қанай бидің ұрпағы, Игілік ауылының қызы. Осындай елге белгілі ардақты жандардың ұрпағы болу –үлкен жауапкершілік. Балалық шағым бақытты болды деп есептеймін.Жоғарыда айтқан әжем Щучинск тігін фабрикасының жетекші тігіншілерінің бірі болды. Сонымен қатар, ол кісі баянмен ән айтып, өз жанынан өлең де шығарған. Мен жастайымнан Қызылтудағы ауылдастарымыздың ата-анамды, әжемді қатты сыйлайтынын сезіп өстім. Сол үшін мен де жастайымнан қоғамға өз үлесімді қосып, танымал тұлға болуды мақсат еттім деп ойлаймын.

Тігін өнеріне қай кезден бастап ден қойдыңыз?

– Мен тігін тігуді бала кезімнен жақсы көрдім. Қолыма ине мен жіп ұстап, кесте тігіп, құрақ құрап, өрнек салуды өте ерте кезден бастадым. Менің бойымдағы бұл өнеріме өзімнің әжем, атақты тігінші Ақық Жақыпқызының ықпалы мол болды деп ойлаймын. Әжеміз заманның қиын уақытында ауылдастарына тон, қолғап, малақай сияқты сырт киімдер тігіп беріп, елдің алғысын алған. Сонымен қатар, ол кісі асқан шеберлігінің арқасында қазақтың ою-өрнегін сала отырып, тұрмыс-тіршілікке қажетті небір бұйымдарды тіккен. Тігістің сан түрін меңгерген әжеміздің қолы алтын болғаны сондай, ол кісінің шеберлігін әлі күнге дейін ел-жұрт аңыз қылып айтады. Ал, өзім облыстық мектеп-интернатында оқып жүргенімде еңбек сабағында белсенді болдым. Бізбен бірге, Моңғолиядан келген қолдары шебер екі қыз оқыды. Мен үнемі олардың тіккен кестелеріне, қолөнер бұйымдарына қызығатынмын. Сөйтіп, ол қыздармен ортақ тіл табысып, көп нәрсе үйреніп алдым. Біз мектеп қабырғасында көздің жауын алатын түрлі-түсті жіптер мен әр түрлі маталардан небір таңғажайып заттар тігетінбіз. Оның үстіне сол кезде қызық болғанда «Просто Мария» деген көп сериалды кино жүріп жатты ғой. Кинода тігінші қыздың өмір тарихы мен осы саладағы жетістігі баяндалатын. Біз соған қарап, арман-мақсатымызды шыңдайтынбыз. Өте бір керемет, ұмытылмас аяулы сәттер еді!..

– Кейін өзіңіздің алған мамандығыңыздың тігіншілікке қатысы бар ма? Жалпы, осы саладағы алғашқы еңбек жолыңыз жайында айтып өтсеңіз…

– Әрине, 15 жасымда кәсіби тігіншілерді даярлайтын училищеге оқуға түстім. Екінші курстан бастап, көйлек, алжапқыш, спорттық кимоно сияқты киімдерді тіге бастадық. Үйден тапсырыс алған кездерім де болды. Тұтынушыларым ризашылығын жеткізіп, алғысын айтып кететін. Училищені ойдағыдай аяқтаған соң, Алматы технология университетінде оқуымды жалғастырдым. Сөйтіп, осы мамандыққа біржола бет бұрдым. Осы оқу орнында оқып жүргенімде елімізде тігіншілік кәсібінің кенжелеп тұрғанын, сала мамандарының тапшылығын сездім. Сөйтіп, оқуымды бітірген соң да осы салада үнемі ізденіс үстінде болдым. Қайтсем де өз мамандығымның ең биік шыңына шығамын деп алдыма нақты мақсат қойдым. Алғашында Көкшетау қаласындағы ателье мен киім цехтарында өз тәжірибемді шыңдап көрдім. Кейін өз бетімше тапсырыстар алып, тігіншілікпен айналыса бастадым. Түскен тапсырыстардың көптігіне байланысты үлгермейтін болған соң, тігінші үш қызды жұмысқа алып, үйде жұмыс істей бастадық. Содан соң жұбайым екеуміз арнайы тігін цехы үшін үш бөлмелі пәтерді ипотекаға рәсімдедік.

– Бұл қадамдарыңыз өз нәтижесін беріп, Көкшетаудағы «Ақай» сән үйін ашуға алып келді ғой, иә? Оны «Ақай» атау себебін де айта кетесіз бе?..

– Иә, дұрыс айтасыз. Мен өзімнің сән үйім болғанын тіпті, сонау жас кезімнен армандадым десем болады. Болашақ сән үйімнің сызбасын сызып, оның қандай болатынын көз алдыма елестетіп, қиялға берілу де мен үшін ұмытылмас сәт еді. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, қиялымдағы сән үйімнің жиһаздарын, қажет болса, жарық түсіретін шамдарын орналастыру сияқты жұмыстарына дейін жоспарлап қойған болатынмын. Бұл арманым шындыққа айналып, бүгінде өзімнің сән үйім ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Жиырма шақты қыз-келіншекті жұмыспен қамтып, өңірдің жеңіл өнеркәсібінің алға жылжуына өз үлесімізді қосып отырмыз деп ойлаймын. «Ақай» атану себебі өзімнің тігінші әжемнің есімімен тікелей байланысты. Ол кісі жоғары класты тігінші болған. Тек көйлек пен пальто тігіп қана қойған жоқ, қазақтың бірсаларын, оның күрделі өрнектері мен контраст материалдарын әзірлеумен де айналысты. Бала кезімде әжемнің жасаған жұмыстарына сағаттап қарап отыратынмын.Менің тігіншілікке қызығушылығымды оятқан сүйікті әжем мен ол кісінің анасы ұлы әжемнің есімдерінің бастапқы буындарын алып, сән үйімнің «Ақай» аталғанын қаладым.

– Сіз жоғары санатты дизайнер-сәнгер ретінде танымалсыз. Бұл үшін күш-қуатты, сарқылмас шабытты қайдан аласыз?

Расында мен үнемі ізденіс үстінде жүремін. Онлайн курстарды сатып алып, тігіншілік кәсіптегі өңдеудің жаңа әдістерін зерттеп, оны қолданысқа енгізіп, әріптестеріме жаңа құрылғылармен жұмыс істеуді көрсетемін. Маталарды басу, киізді қолдану, кесте-өрнек салу үшін компьютермен, лазермен жұмыс істеп, қазіргі заманғы тігіс технологиясын меңгеруге тырысамын. Кез келген адамның жасына қарай оның сыртқы келбетіне, болмыс-бітіміне байланысты образын сызып, кескіндеп, жарасымды матасын таңдап, кәсіби стиль жөнінде кеңес бере аламын. Адамның киіміне, костюміне сәйкес палитраны таба білу, сұлулық пен шедеврді жасау –шығармашылық энергияны талап ететін сиқырлы құпия деп ойлаймын. Сол құпияны ашқан сәнгер ғана нағыз кәсіби маманға айналады!

– Сіздің ендігі арманыңыз «made in Казахстан» белгісімен өнімдер шығару ғой. Осы мақсатқа жету жолында қандай кедергілер бар? Маман ретінде осы сұрағымызға да жауап берсеңіз.

Біздің бай мәдениетіміз бен ата-бабаларымыздың мұрасы, сондай-ақ, киім тігудің заманауи технологиялары ұлттық колоритті сақтай отырып, әлемдік сәннің ультра трендерін жасап шығаруға мүмкіндік береді. Біздің елімізде бас киім мен аяқ киімнен бастап, киімнің барлық түрі мен зергерлік бұйымдарды өндіретін өзіміздің өндіріс орындарымыз болуы керек. Егер қазақстандық өнім ыңғайлы әрі сапалы болса, ешкім ешқайдан ештеңе іздемейді. Бірақ өкінішке орай, базар толы Қытай мен Қырғыздың арзанқол тауары. Оған бәсеке болуға, қарсы тұруға еліміздегі киім фабрикалары мен цехтарының қауқары жетпейді. Оның бірнеше себептері бар. Басты себептерінің бірі арзанырақ болуында. Әрине, еліміздегі тігіншілікті кәсіп еткен кез-келген кәсіпкерлердің алдында біраз қиындықтар бар. Мәселен, мектеп оқушыларының мектеп формаларына тапсырыс алу үшін мемлекеттік тапсырысқа қатысу қажет болады. Бірақ, оның тиісті құжаттарын, анықтамаларын жинаудан бөлек, байқаудан ұтып немесе өтпей қалуға қатысты толып жатқан қиындықтар бар. Мысалы, тапсырыс беруші ең арзан тауарға жүгінетіні сөзсіз. Ал, біздің ұсынған бағамыз нарықтан жоғары болады. Оның себебі, өндіріс үшін шикізатты шет елден әкелетініміз. Бірақ, қазіргі уақытта мен мата өндірісі туралы білім алып жатырмын. Болашақта 100 пайыз қазақстандық өнімді жасауды жоққа шығармаймын. Менің ендігі мақсатым Қытай мен Қырғыз мемлекеттерінің арзан тауарларына және Италия мен Түркияның қымбат өнімдеріне балама болатын сапалы әрі қолжетімді киім-кешекті өз елімізде өндіру. Мен осы жолда көп еңбектеніп, бар қажыр-қайратымды жұмсайтын боламын.

– Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» екені баршамызға белгілі. Тігіншілер де осы санатқа кіретін мамандық иелері. Осы ретте, оларды оқыту бағдарламасына қатысты айтарыңыз бар ма?..

– Менің әріптестерімнің көпшілігі әртүрлі цехтарда, киім фабрикаларында жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында қарапайым тігінші ретінде қызмет етіп жүргендері қаншама. Президентіміздің бастамасымен 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, барша қарапайым мамандық иелеріне көңіл бөлініп жатыр. Тігіншілер де өзіңіз айтпақшы, осы санатқа кіретін жандар. Олардың жұмыстары нағыз қол еңбегін талап етеді. Сондықтан, тігіншілерді оқыту, олардың жұмысқа тұрып кетуіне жағдай жасау өте маңызды. Маған осы салаға қатысты ақыл-кеңес сұрап, өз тәжірибесін жетілдіру мақсатында алған білімімді ортаға салуға көп өтініштер түседі. Тігін өнерін меңгеруге сұраныстың артқанына байланысты мен жетекшілерді оқытуды, шеберлік сыныптары мен курстар өткізуді бастадым. Алдағы уақытта осы жұмысымды кеңейтіп, тігіншіліктің түрлі әдістерін енгізуді жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің сенімді серіктесімін. Қаладағы кейбір оқу орындарының басшылығымен бірлесіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, студенттерді тәжірибе жүзінде оқытып келеміз.

– Қолына ине мен жіпті серік еткен жас тігіншілерге қандай ақыл-кеңес айтасыз? Мұнымен бірге, көпбалалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері ретінде  де нендей ой-тілегіңіз бар?

Жоғарыда айтылғанындай, қазақ халқының тігіншілік өнері ешбір халықтан кем түспейді. Біздің қалыптасқан бай дәстүріміз осы саланы әрі қарай да дамыта түсуге мүмкіндік береді. Қолөнер бұйымдарын жасау, оны пайдалану бізге қолы шебер  әжелерімізден, аналарымыздан жетті. Бүгін де бұл мәселе өз өзектілігін жоймай отыр. Керісінше, сұраныс арта түсуде. Сондықтан, әйел азаматшаларға таптырмас мүмкіндік туып тұр. Қолының икемі бар кез-келген қыз бала осы өнерді жанына серік етсе, ол болашақта нанын тауып жеп, тіпті, әлем сәнгерлері жетіп жатқан биіктерді бағындырады деп ойлаймын. Біздің елімізден де әлемдік сәннен хабары бар, білімдіотандастарымыз көптеп шығуы тиіс. Сондықтан, біздің мамандығымыз қажыр мен қайратты, бірбеткейлікті, зор ізденісті талап етеді. Кәсібін дөңгелетіп жүрген немесе осы салада қадамын енді бастап жатқан барша әріптестеріме сәттілік тілеймін.

Иә, мен іскер әйел әрі жеті баланың анасы ретінде әр әйелдің өз сүйікті ісімен шұғылданып, бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Қазақстан әйелдер қауымдастығының мүшесі болғандықтан, біз өз командамызбен мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созып отырамыз. Әйелдер қоғамымыздың белді мүшелері. Әсіресе, іскер әйелдерді қолдау, олардың сүйікті ісімен шұғылдануына мүмкіндік беру – кез-келген дамыған мемлекеттердің алдында тұрған міндет. Мен ұлттық киімдеріміздің сәнгері әрі тігушісі ретінде азаматтарымыздың ұлттық костюмдерімізге қызығушылығын арттыруға үлес қосқым келеді. Әсіресе, балалар біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан киім кию әдебін біліп, оны өз бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарымыз үшін мақтанып жүрсе, одан артық не керек? Барша әйелдер қауымынтөл мерекемізбен құттықтай отырып, денсаулық, бақыт тілеймін. Әр әйелдің таудай арманы болсын, сол арманына жететін жолы ашық болсын дегім келеді.

Әңгімеңізге көп рахмет, айтқаныңыз келсін!

Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар