Тоқсанның толғауы
Әркімнің пенде ғұмырының пешенесіне жазылар сыбағасы жүрек қалауымен таңдаған соқпағына байланысты. Сондай ғұмыр соқпағы ғибратқа толы қарттарымыздың бірі – Александра Әбенова бүгінде торқалы тоқсан жастың төріне шығып отыр.
Дана халқымыз «ақылды қария – ағып жатқан дария» деп бекер айтпаса керек. Осындай мағыналы сөздің арғы жағында жасы үлкен, көпті көрген қарттардың ақылы мен даналығы, өзінің әулетіне ғана емес, еліндегі басқа да жандарға азық болар баталы да бәтуәлі ғұмыры жатыр деп түсінемін. Қашанда ісі мен сөзі көпке үлгі, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, жастарды ғылым-білімге жетелеген сондай аяулы жандардың бірі, бүгінде жасы тоқсанға жетіп отырған Александра Нұрғожақызы Әбенова апайымыз.
Бұл кісі 1935 жылы дәл осы 8 наурыз мерекесі күні бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданының Алтынемел ауылында дүниеге келген. Әке-шешесінің тұңғышы ретінде үлкендердің жүрек жылуы мен мейірім шуағына шомылып өсіпті. Ауыл мектебін бітірген соң, бала кезіндегі асқақ арманы оны ту-ту Алматыға жетелеп апарады. Сонда Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түседі. Қарт Алатаудың бөктеріне білім іздеп келген қырмызы ару сол жақта жүріп, өмірлік жары Совет Омаров ағамызды кездестіріп, отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Ол кезде ағамыз да аталған институттың география факультетінде өзіндей студент болатын.
Апайымыз оқуын ойдағыдай аяқтап, қолына дипломын алған соң, жан жарының туған жері Көкшетау облысы, Чистополь ауданының Салқынкөл ауылына келіп, мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Ұстаздық етуден жалықпай, сан ұрпаққа жүрек жылуы мен мейірім шуағын төге білген Александра Нұрғожақызы тоқсанға толып отырған ғибратты ғұмырының тең жарымын шәкірт тәрбиесіне арнапты.
Ұстаз болуды – білім мен адамгершілік тәрбиені шәкірт бойына қоса дарыту деп бағалаған апаймыз қаншама ұрпақтың болашаққа барар жолын айқындап, келешегіне бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеді десеңізші. Бірінің мамандық таңдауына кеңес берсе, енді бірінің бойындағы кісілік қасиеттерді арттыруға, мінез-құлқы мен тәртібін қалыптастыруға әрі педагог, әрі ана ретінде белсене атсалысты.
Апайымыздың бойындағы тамаша қасиеті – өмірлік таңдап алған мамандығына адалдығы және қарапайымдылығы. Осы еңбегі лайықты бағаланып, ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінде бірталай марапаттарға да ие болған. Солардың ішінде 1976 жылы алған, екінің біріне бұйыра бермейтін «Құрмет Белгісі» орденін ерекше атап өтуге болады. Сол секілді 2007 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», Ұлы Жеңістің әр мерейтойына арнап шығарылған мерекелік медальдарымен және басқа да төсбелгілермен марапатталған.
Өмір-өзеннің ағыны бірде баяу, бірде қатты емес пе?! Қайын апамыз тағдырдың басқа салған небір сынағына да төзіп, қиындыққа қасқая қарсы тұра білген батыл жан. «Жазмыштан – озмыш жоқ» демекші, небары 41 жасында 5 баласының әкесінен, өмірлік серігінен айырылып, тағдыр басына ауыртпалықты да үйіп-төкті. Соның бәрін де бір өзі көтеруіне тура келді. Осы жолда бар жауапкершілік өзінде ғана екенін түсінген апай бойындағы бүкіл күш-жігерін балаларын оқытып-тоқытуға, тәрбиелеуге, мына жалғанның жарығынан өз жолдарын табуларына жұмсады. Ұстаздық қызметімен қатар, балаларының өнегелі азамат болып өсуіне жөн сілтеп отырды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әр баласының барлығына да жоғары білім алуларына жағдай жасады. Ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырды. Бүгінде анасының осындай тәлім-тәрбие, қажыр-қайратымен ұл-қыздары да бір-бір мамандықтың тұтқасын ұстап, елге елеулі еңбек сіңіріп жүрген жандар, алды бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, сүйікті ұлдары Сәкен мен Сайлау, қыздары Роза, Әлия, Гүлжан да бүгінде өз балаларына ата-анасынан көрген өнегесін үйретіп, ұрпағымен көгерген, ұйыған отбасылардың сәні мен көркіне айналған.
Александра Нұрғожақызы бүгінде Сайлау деген ұлымен және Жәния есімді келінімен тұрады. Қолындағы екі немересі Әсел мен Әлихан да әжесінің қамқорлығы мен мейірім-шапағатына бөленіп өсті. Бүгінде олар да өз жолдарын тауып, білім қуып, ата-анасы, ата-әжесі бастап берген сара жолды жалғап, елге қызмет етуге белдерін бекем буған талапты жастар.
–Абай хакім айтпақшы, «Сынық қанат көбелек те өмір іздейді» деген. Өмір деген – ұзақ жол. Ол қимылды талап етеді. Ол жолда талай қиындықтар мен сынақтар кездеседі. Сондықтан, бұл өмірде досың көп, ұрпағың да ұлағатты, тәрбиелі болуы тиіс. Сонда ғана сынақтарға төтеп беріп, ұтасың. Сындарды сәтте сабырдан айырылмаңдар. Сабыр түбі – сары алтын. Бір-біріңді қолдаңдар, ынтымақ-бірліктен ажырамаңдар, –деп бізге және өзінің балаларына үнемі аналық ақылын айтып, тілеулес болып, ақ батасын жаудырып отырады.
Иә, уақыт зымырап өтіп барады. Александра апайымыз да осынау торқалы тоқсан жасқа жеткенше тағдыр жолында кездескен қаншама қиындыққа төтеп беріп, өзі айтпақшы, қасындағы дос-жаран мен бала-шағасының қолдауының арқасында небір жеңіске жете білді. Сондықтан, біз ол кісіні қашанда құрмет пен қошеметке лайықты жан деп қана білеміз. Жүрегі таза, көңілі ақ, барға қанағат, жоққа сабыр ете білетін апайымыздың еске сақтау қабілеті әлі де ерекше. Өмір бойы жинап, жан азығы еткен кітаптары да өте көп. Өмірлік руханият көзі кітапта деп есептейтін ол кісі әлі күнге дейін газет-журнал оқиды. Қазақтың бас ақыны Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айтады. Жүзі нұрланып жүретін, қимылы ширақ апайыма бірде: «Қалай әдемі қартаюға болады?» деп сұрақ қойдым. Сонда ол:
–Әдемі қартаю міндет емес, мақсұт болу керек. Алдымен, ойыңа сақ бол. Кез келген нәрсе ойдан туады. Өз отбасыңа қадірің болуы керек. Ол үшін бойда қайрат, ойда жақсы сөз тұру керек, сонда ұрпағыңа да үлгі боласың. Қарттар ақыл-парасатымен елді айрандай ұйытып, шаңырағының биік, керегесінің берік болатынына көп үлес қосатынын ұмытпау керек, –деп еді.
Міне, көріп, байқап отырсыздар, бұл кісінің қай сөзі де ірі, жүректің тереңінен, көңілдің кемерінен шығады. Әрі өмір бойы осы сөзі мен ісі берік үйлескен керемет жан. Соның бәрін ескергенде, өмірде көп кездесе бермейтін нағыз ақыл мен парасат иесі болып көрінеді көзімізге.
Өзім туралы айтсам, мен апайдың інісінің жарымын, яғни, бұл кісінің келінімін. Жасым жетпістен асса да, қасында отырып, еркелеп, амандығын біліп, шүйіркелесіп тұрамын. Көңілі кең, жаны жайсаң, көкірегі толы қазына, ниеті аппақ қардай адал, сөзі өсиетті апайымыз әрқашан осылай ұрпағының қызығына тоймай, қуанышқа кенеліп, ортамызда аман-есен жүре берсе екен. Немере-шөберелеріңіздің арасында тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей, 100 жасты да көріңіз, Апа дейміз!
Айтпақшы, сөз соңында мынаны да айта кеткеннің артықтығы жоқ. Манадан бері неге бұл кісі Александра деп ойлайтын шығарсыздар кейбіреуіңіз. Олай болатын себебі, анасы апайымызға толғатқанда, орыстың Александра деген акушеркасы аман-екен босандырып алған. Содан ата-анасы ризашылықпен тұңғыштарына сол кіндік шешесінің есімін берген екен. Басында бізге, келіндеріне де тосырқау естіліп, кейін үйреніп кеткен осы атпен небір биік белестерді бағындырған аяулы апайымыз, сіз бізге қашанда қымбатсыз!
Теңдік САБЫРЖАНОВА,
келіні, зейнеткер ұстаз.
Көкшетау қаласы.