Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір кәсіпорындарында еңбек ететін әйелдермен кездесті. Салтанатты шара Көкшетау қаласындағы «Новопэк» ЖШС базасында өтіп, оған 70-тен астам нәзік жандылар қатысты.
– Әйел – отбасының берекесі ғана емес, қоғам мен экономиканың қозғаушы күші. Біздің ақмолалық нәзік жандылар ер азаматтармен тең дәрежеде түрлі салада – құрылыс, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарда табысты еңбек етіп келеді. Олардың кәсібилігі мен адалдығы өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосуда, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын еске салды.
– Бұл – ел экономикасының алға жылжуына өз шеберлігі мен жанкешті еңбегі арқылы үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін мойындаудың айқын көрінісі. Жұмысшы мамандықтары – кез-келген мемлекеттің дамуының негізі. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және адал қызметтеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы.
Шара барысында еңбек ардагерлері мен белсенді жұмысшылар да сөз сөйледі. Олардың бірі – 35 жылдық тәжірибесі бар «Гормолзавод» кәсіпорнының қызметкері Гүлнәр Тоқтағұлова.
– Біздің еңбегіміздің бағалануы – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл қолдау бізді одан әрі жігерлендіріп, ынталандырады. Бізге құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғысымыз шексіз, – деп ой бөлісті Г.Тоқтағұлова.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар әйелдер марапатталды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.