Әке жолын қуған жігерлі қыз

Топжарған  

Қиын да күрделі тапсырмаларды орындайтын Ақмола облыстық полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының құрамында нәзік жандылар да бар екені белгілі. Біздің кейіпкеріміз полиция майоры Анар Төкенова да сондай ержүректілік пен қайсарлықты, жедел шешім қабылдап, әрекет етуді талап ететін арнайы мақсаттағы жасақта ерлермен иық тірестіре қызмет етіп, ел тыныштығын сақтауға өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген қазақтың аяулы қыздарының бірі.

Қазақстан Республикасы азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тосқауыл қою, мұның барлығы жедел қимылдау арнайы жасағының қызметкерлерінің міндетіне кіретінін жақсы білеміз. Мұндай қызметтік міндеттерді орындайтын қыздар алдына мақсат қойып, соған жете алатын мінезді, сабырлы болуы тиіс. Анар Қанатқызы ақылына көркі сай, білімді, салмақты, ерік-жігері мықты, өзінің бағындырған спорттық жетістіктері бар полицей-жауынгер. Ол еліміздің ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері қызмет етуде. Алматыдағы ішкі істер министрлігінің академиясын ойдағыдай аяқтаған соң, сол оңтүстік астанада криминалист, кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінде жұмыс істеп, еңбек жолын бастаған, тәжірибе жинақтаған. Дене тәрбиесі мен спорттан бала жасынан қол үзбеген. 2017 жылы Ақмола облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау бөлімшесіне келіп, жұмысқа орналасқан, кейін жүрек қалауымен Жедел қимылдау арнайы жасағына ауысқан.

–Осындай арнайы жасақта қызмет еткен маған өте ұнайды. Жасақтың басты міндеті – қоғамдық тәртіпті күзету. Жедел әрекет қажет болғанда түрлі оқиғаларды тоқтатуға немесе белгілі бір қылмыстық топтарды құрықтауға қатысамыз. Қоғам болған соң, әртүрлі заңға қайшы келетін жағдайлар орын алады, сонда біздің жасақтың көмегі қажет болса, міндетті түрде бізді шақыртады. Біз бұйрықпен ғана әрекет етеміз. Жасақ құрамында ерлермен қатар қыздар да көп. Олар спорт шеберлері, түрлі халықаралық турнирлер мен жарыстардың чемпиондары десем болады. Жедел қимылдау  жасағының құрамында болғандықтан, жыл сайын өткізілетін дене жаттығулары дайындығы секілді жарыстарға қатысып тұрамыз. Құпия арнайы жасақ болған соң, көп нәрсені айта алмаймыз. Біздің мақсатымыз қоғамдық тәртіпті қадағалау. «Қаңтар оқиғасы» кезінде арнайы жасақ құрамында тәулік бойы кезекшілікте болдық, –дейді жуырда Дубайда ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы жасақтары арасында өткен дене дайындығы жарысына қатысып, екінші орын иегері атанып оралған Анар Қанатқызы. Үнемі бабында жүруді мақсат тұтқан ол жұмыс уақытынан бөлек, дене шынықтыру, ату жаттығуларынан да қалмауға тырысады.

–Биыл жыл сайын әр түрлі елдердің ішкі істер министрліктерінің арнайы жасақтары арасында өтетін жарысқа біздің Қазақстаннан қыздардың «Томирис» жасағы алғаш рет қатысты. Осы құрамада мен де бар шеберлігімді ортаға салдым. Дубайда өткен бұл дүбірлі додаға 100-ден астам елдің күштік құрылымдарының арнайы мақсаттағы жасақтарының қызметкерлері келіпті. Міне, осы сайысқа бізден 12 құрама команда қатысып, ішкі істер органдарының «Сұңқар» құрамасы мен «Томирис» қыздар командасы екінші орындарды бағындырды, –дейді кейіпкерім мақтаныш сезімімен.

Анар Төкенова Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданының тумасы болса да, Көкшетау қаласында өсіп-өнген, орта білім алған.

–Асқар тауым әкем де Көкшетау қаласының полиция басқармасында 25 жыл қызмет етіп, абырой биігінен таймай, зейнетке шықты. Мен де әке жолын қуып, ізін жалғағым келді. Себебі, әкемнің ұлы да, қызы да бір өзім едім. Бала кезімнен әкемнің полиция қызметкерінің формасында жүргенін көріп өстім. Ол форманы кез келген адам кие алмайтынын да білдім, соны мақтан тұттым. Әкем жаны таза, сабырлы, қызметіне адал болған жан. Сондықтан, мен де әкемнің бастаған ісін жалғастырып, елде заң мен тәртіптің сақталуына өз үлесімді қосқым келді. Әкемді әлі де үлгі тұтамын. Осы мамандықты таңдар кезде әкем маған: «өзіңнің жүрек қалауың білсін,  өмір бойы осы мамандықты алып жүруді көңілің қаласа, мен қарсы емеспін. Бірақ, шешімді ойланып, қабылда» деп ақылын айтты, –деп сол бір жауапты кезеңді де есіне алды Анар Қанатқызы.

Сөйтіп, әкесінің ақ батасымен Алматы академиясында білім алған ол өзінен бірге оқыған азаматқа тұрмысқа шыққан. Бүгінде Сымбат пен Айша есімді екі бүлдіршінді тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қым-қуыт жұмысы бар анаға «бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?» деп сауал қойдық.

–Қыздарымды еркін тәрбиелеймін. Олармен жиі сырласып, аналық ақылымды айтамын. Сабақтарына көмектесіп, үй шаруасына баулимын, ас қамдауды үйретемін. Айналасындағы құрбы-құрдастарына, ортасына мән беремін. Себебі, баланың адам болып қалыптасуы оның ортасына тікелей байланысты. Бос уақытта оларды мәдени орындарға, киноға, театрға апарып тұруға тырысамын, – дейді бұл сұраққа да жайдары, жауапкершіл жүзбен.

Қазіргі алмағайып заманда ата-аналар балаларының достарының отбасына да мән бергені дұрыс деп санайды Анар Төкенова.

–Егер дос-құрбыларының отбасындағы қарым-қатынасы жақсы, тәрбие жағы жолға қойылған болса, ол ортадан шыққан бала да айналасындағылармен мәдениетті жағдайда араласып, дұрыс қалыптасады деген сөз. Осы салада жұмыс тәжірибем болғандықтан, қоғамда ата-аналардың да ұстанымы, өмір сүру дағдысы дұрыс болуы тиіс деп ойлаймын, –дейді ол.  Бұл «Адамды орта өсіреді» дегені ғой.

«Өмірлік ұстанымым – адамгершілікті жоғалтпау. Адалдық та, тәрбие де осында» деп білетін Анарға қызметінде де, отбасында да сәттілік тілейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар