Облыста тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша ескірген 800 үй жаңартылады. Жобаға бюджеттен 700 миллионнан астам теңге бөлінген. Көкшетауда 6 үй бұзылады. Олардың орнына жаңа тұрғын үй кешені салынады. Щучинск қаласында да реновация бағдарламасы бойынша алғашқы жоба толық аяқталды.
– Қазір аймақта осындай екі қабатты ескі үйлер өте көп. Олардың дені өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Қазір осы ескірген баспаналар біртіндеп сүріліп, орнына жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатыр. Щучинск тұрғыны Анна Фатеус бұрын қос қабатты осындай ағаш үйде тұрған. Бір ғасырға жуықтаған баспанасы былтыр апатты деп танылды. Сүріліп, орнына жаңасы салынды. Қазір жаңа пәтерін жөндеп жатыр. Көп кешікпей қоныстануға ниетті, – дейді тілші Абзал Балтабаев.
– Біріншіден, үй өте жылы. Іші жарық. Мен өзім қалағандай пәтерді екінші қабаттан алдым. Қуанышымда шек жоқ. Мен ешқайда көшкен жоқпын. Тек ескі үйімнің орнына осындай жаңа үйге қоныстандым. Облыс орталығында 800-ге жуық ескі баспана бар. Тұрғындар тезірек жаңа қонысқа көшсек деп отыр, – дейді Щучинск қаласының тұрғыны Анна Фатеус.
– Бұлардың бәрі хрущевский үйлер ғой, ерте кезде салынған. Енді тозды. Бірақ жылы. Былтыр Көкшетауда алты ескі үй сүріліп, шамамен 50 тұрғын жаңа пәтер немесе қаржылай өтемақы алды. Қазір бұл учаскеде заманауи тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін бірінші кезең аясында бұзылатын басқа үйлердің тұрғындары осы кешенге көшіріледі. Алдағы үш жылда бағдарламаға кіретін ескі үйлер толық жаңартылмақ. Бұл бастама аймақ тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартып, қаланың сәулеттік келбетін жаңартуға ықпал етеді, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Жансейіт Тілегенов.
– Қазір Көкшетау бойынша ескі үйлер көп орналасқан 11 аумақ анықталды. Сол тұрғындармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ол жердегі үйдің бәрі сүріледі. Жалпы жаңа ғимараттар қалаға жаңа келбет сыйлайды. Біз алдағы уақытта осы баспаналардың аулаларын абаттандырып, көлік қоютын тұрақтар жасаймыз. Тұрғын үй жаңғырту бағдарламасына инвесторлар белсенді атсалысып жатыр. Жақын арада тұрғын үй қорының жаңартылуы облыстың басқа қалалары мен аудан орталықтарында да басталады, – дейді «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев.
5 Total Views , 2 Views Today