Жер қойнауын пайдалануға бақылау күшейтіледі

Ақмола облысы табиғи ресурстарға бай өңірлердің бірі. Мұнда кең таралған пайдалы қазбалардың қоры мол, олардың қатарында қиыршық тас, құм, каолин, саз, әк тас, кварцит және доломит бар. Алайда, соңғы жылдары бұл байлықты заңсыз игеру күрделі мәселеге айналды. Кейбір кәсіпкерлер жергілікті биліктің рұқсатынсыз карьерлерді иемденіп, пайдалы қазбаларды өз беттерінше өндіріп жатады.

Бүгінде облыстың 19 ауданының 17-сінде жүздеген кен орны игеріліп жатыр. Оның ішінде Астананың қарқынды құрылысы жер қойнауын заңсыз пайдаланудың артуына ықпал етуде. Құрылыс материалдарының сұранысын толық жабу үшін кейбір кәсіпкерлер құжатсыз, бақылаусыз әрекет етуде. Бұл мемлекет бюджетіне залал келтіріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кедергі жасап, жер бедерінің бұзылуына және қоршаған ортаның ластануына алып келуде.

Осыған байланысты Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аппарат кеңесінде барлық жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін заңдылық тұрғысынан тексеруді тапсырды.

Маркшейдерлік түсірілім нәтижесінде келтірілген шығын көлемі анықталды, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл деректерді қарастырып жатыр. 2025 жылдың ақпан айында пайдалы қазбаларды заңсыз игеруге және жер қойнауын өз бетінше пайдалануға қатысты үш қылмыстық іс тіркелді. Бұл істердің барлығы мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірумен байланысты қозғалып отыр, – деп хабарлады Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі.

Атап айтқанда, заңсыз құм өндіру Қабанбай батыр ауылдық округінде, Нұра өзенінің маңында анықталған. Кәсіпкер қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп, құмды цемент зауытына жеткізген. Сол аумақта тағы үш кәсіпкер дәл осындай әрекет жасаған.

Қазіргі уақытта тиісті құжаттары жоқ кәсіпорындарға қатысты келісім-шарттарды бұзу шаралары қолға алынды. Бұл – өңірдегі жер қойнауын пайдаланудағы тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған заңды қадам.

–Тергеу амалдары жалғасуда, құқық қорғау органдары барлық заң бұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартады. Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заңсыз кен өндірушілермен күресті жалғастырады, – деп мәлімдеді уәкілетті мемлекеттік орган.

Сонымен қатар, тексеріс барысында көптеген компанияның облыстан тыс жерде тіркелгені белгілі болды, бұл оларды бақылауды қиындатады. Осыған орай, бірқатар кәсіпорындар қайта тіркеуден өтіп, заңды жұмыс істеуге көшті.

–Бүгінде Ақмола облысында 11 аумаққа тексеру жүргізілді, нәтижесінде төрт заңсыз кен өндіру дерегі анықталды. Оның ішінде Көкшетау қаласының және Біржан сал ауданының маңындағы жерлер бар. Жалпы, тексерілген 15 аумақтың көлемі 500 гектарды құрады. Бұл жұмыстарға 17 миллион теңге бөлінді, – деп толықтырды өз сөзін басқарма басшылығы.

Жалпы жоғарыдағыдай заңсыздықтардан экономикалық шығын көлемі 65 миллион теңгені құраған. Жер қойнауын пайдалануда тәртіп орнату – бір күнде шешілетін мәселе емес. Дегенмен қолға алынған шаралар өз нәтижесін беруде. Маңыздысы – заң бұзушылықтарды тоқтатып қана қоймай, адал кәсіпкерлер үшін ашық әрі әділ жағдай жасау.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар