Бұл – біздің тарих!
Көп жерде ауылдың тарқап, құлдырауы – терең әлеуметтік-экономикалық мәселе. Бірақ, аграрлық ел ретінде ауылдан да, жергілікті елді мекендерден де безіп кете алмасымыз анық. Сондықтан, түптің-түбі байыпты, баянды мемлекет боламыз десек, ауылға бет бұрмай, көсегеміз көгермейді.
Жуырда қаламынан бірнеше кітаптар туындаған Ереймен елінің құрметті азаматы, тарихшы, өлкетанушы Мәнап Бектасұлы Әдірешевтің Бозтал ауылының тарихы туралы энциклопедиялық жинағы жарық көрді.
Ауыл өмірін суреттейтін кітап негізінде төрт бөлімнен тұрады: Бозтал ауылының тарихы, ауыл төңірегіндегі жер-су атаулары, алфавиттік-анықтамалық бөлім және аталған осы ауыл жайлы баспа беттерінде жарық көрген әдеби шығармалар мен журналистикалық мақалалар. Автор оқырмандарға Бозтал ауылын құрған адамдар жайлы мағлұмат бере отырып, сол өлкенің өткені мен бүгініне және де әлеуметтік, экономикалық даму жолындағы жетістіктеріне баса көңіл аударады. Энциклопедиялық жинақта берілген мәліметтер замандастырымыз бен кейінгі ұрпаққа туған өлкенің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-бабаларының кімдер болғанын мақтанышпен есте сақтау үшін де қажет деп ойлаймыз.
Атамыз бен әжеміздің табаны тиген, құтты қоныс – ауылдарымыз, кімге болсын әрқашан қымбат, әрдайым биік. Осы орайда, автордың ауыл төңірегіндегі жер-су атауларын жазуы халықтың, әсіресе, жастардың ел табиғатына деген сүйіспеншілігін оятып, өлкетану жұмыстарына да септігін тигізері анық. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Туған жердің түтіні де қымбат» деген халық мақалдары туған жерге деген ыстық ықыластан туса керек.
Бұл кітаптың маңыздылығы жастардың туған өлкесіне сүйіспеншілік көзқарастарын оятып, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға баруларына да септігін тигізіп қалуында жатыр.
Ауыл – қазақылықтың қайнар бұлағы, ел ертеңі үшін ерінбей еңбек етер ерлердің, ел мерейін үстем етер тума дарындардың туған ордасы. Ауыл десе жаны жомарт, қарапайым жандары мен аққа толы дастарқаны еске түсері сөзсіз. Ол әрдайым солай, әрі де осылай болып қала береді. Өйткені, ауыл сонысымен ерекше, сонысымен ардақты. Ел жанашыры Мәнап Әдірешевтің Бозтал туралы кітабы бізге тағы бір мәрте осындай ой салды, өзінің жан-жақтылығымен қуантты.
Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ.
Астана қаласы.